Жаңалықтар

Ауыр еңбек лайықты бағаланып жүр ме?

Ауыр еңбек лайықты бағаланып жүр ме?
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 10.12.2024 15:30 427

Қала тазалығы – қоғамның мәдениеті мен дамуының айқын көрсеткіші. Астана сияқты ірі мегаполис әрдайым таза әрі әдемі болу үшін мыңдаған адам аянбай еңбек етеді. Өз ісіне адалдықпен, үлкен жауапкершілікпен қарайтын жандардың қатарында «Астана Тазалық» мекемесінің қызметкері Александр Кеңес те бар. Ол күнделікті жұмысы арқылы қаламыздың сұлулығын сақтап, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға үлесін қосып келеді. Александрдың қызметіне деген құштарлығы, кәсіби шеберлігі оның өмірі мен еңбегін жақынырақ танып-білуге кімді де болса ынталандыратыны анық. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Александр Владимирұлымен жүздесіп, жұмыс барысы мен аталған саладағы тәжірибесі туралы әңгімелесіп қайтты.

Тазалықтың артында көрінбейтін еңбек бар

Александр Кеңес Қарағанды облысы Баршын ауылының тумасы. 11-сыныпқа дейін ауылда білім алып, кейіннен Астана қаласына жұмыс істеуге көшіп келген.

Бастапқыда елордаға келгенде әкеммен бірге жұмыс істеп жүрдік. Кейіннен ол қайтыс болып, күзетші, курьер, қонақ үйде әкімші ретінде қызмет еттім. Бір күні сыныптасым «Астана Тазалыққа» шақырды. Сөйтіп, мұндағы жұмыс көңілімнен шығып, еңбектене бастадым, – дейді қызметкер.

Осылайша, Александр 3 жылдан астам уақыт бойы «Астана Тазалық» мекемесінде еңбектеніп келеді. Бригадир болып жұмысқа орналасқан ол бүгінде шебер лауазымына дейін көтерілген.   

Ауыр еңбек лайықты бағаланып жүр ме?

Ауыр еңбек лайықты бағаланып жүр ме?

Суреттер: El.kz/Арман МУХАТОВ

Қаланың тазалығына жауапты мамандардың еңбегі орасан зор екенін қызметке келген кезден бастап-ақ байқадым. Біз бір күн күндізгі ауысымда 08:00-ден 20:00-ге дейін, келесі күні түнгі ауысымда 20:00-ден 08:00-ге дейін жүреміз. Сөйтіп, екі күн жұмыс істеп, екі күн демаламыз. Мұндай жұмыс, әрине, ерік-жігер мен күшті талап етеді. Сондықтанда бұл қызметпен айналысатын адамдарды нағыз еңбекқор жандар дер едім, – деді Александр Владимирұлы.

Мекемеде жұмыстағы тексеріс жоғары деңгейде жүреді.  

Бізде қызмет ететін техника мамандары күн сайын міндетті түрде медициналық тексерістен өтеді. Үлкен техниканы басқару үшін жүргізушінің дені сау болуы өте маңызды. Сондай-ақ техникаларға GPS орнатылған. Басшылық қаланың қай жерінде не істеп жүргенімізді біліп отырады. Тазалаған учаскені үстімізден бір қарап өтеді, – деді ол.

Қызметкер өзіне жүктелген Алматы ауданындағы барлық техникаға (автогрейдер, камаз, сыпыру техникасы, тиегіш және т.б.) жауап береді. Атап айтқанда, Рақымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы даңғылы, Жұмекен Нәжімеденов, Ахмет Байтұрсынұлы көшесі, Қасым Аманжолов, Шәмші Қалдаяқов, Сағадат Нұрмағамбетов көшесі сынды көптеген ауданның учаскелерінде қызмет етеді. 

Ауыр еңбек лайықты бағаланып жүр ме?

Cурет: El.kz/Арман МУХАТОВ

Ауданымызға бір ауысымда 50-60, тіпті 100 техникаға дейін жұмылдырылады. Оларды басқаратын қызметкерлердің жұмысын үйлестіру – менің міндетім. Әркез әріптестеріммен бірігіп, берілген тапсырманы бұлжытпай орындаймыз, – дейді Александр.

Қар көп жауған күні жұмыс күшейе түседі.

Қызметкерлер тоқтаусыз қаланы тазартумен айналысады. Себебі техника бір-екі сағатқа ғана тоқтайтын болса, жер көктайғақ болып, кептеліс көбейеді. Ондай кезде 2000 кубтан астам қар шығарып, қоқыс полигонына апарып тастаймыз, – деді қызметкер.

Осы ретте Александр Кеңес жұмысында кездесетін қиындықтарға да тоқтала кетті.

Күндізгі уақытта кейбір жүргізушілер баратын жеріне асығып, көше тазалауымызға кедергі жасайды, ашуланып, тіпті ұрысып та алады. Бұл ыңғайсыздық тудырады. Біздің мақсатымыз – қаланы таза ұстау, көліктерге түзу жолмен жүруге жағдай жасау ғой. Ал мұны өкінішке қарай бәрі түсіне бермейді, – деді ол.

Александр Кеңес елімізде мереке күндері халық демалып, көңіл көтерсе, «Астана Тазалық» қызметкерлері нағыз қызған жұмысты осындай сәтте атқаратынын айтты.  

Ауыр еңбек лайықты бағаланып жүр ме?

Ауыр еңбек лайықты бағаланып жүр ме?

Суреттер: El.kz/Арман МУХАТОВ

Қандай да бір мейрам келсе, жұмысқа барлық қызметкер шығады. Қаланың бәрін тазалап, ажарын келтіреміз. Әр мезгілде атқаратын қызметіміз бар. Жазда жолды жусақ, күзде жапырақтарды жинаймыз, қыста қар тазалаймыз және тағысын тағы. Жалпы, қаланың көлемінде өткізетін кез келген ірі шараларға дайындық кезеңінен бастап, ол аяқталып, қонақтарды аэропортқа шығарып салғанға дейін аянбай еңбектенеміз, – деді қызметкер.

Құрылыс қалдығы – тазалыққа төнген қауіп

Жазда көптеген құрылыс компаниясы белсенді жұмыс істейді. Сөйтіп, бетон араластырғыш, құрылыс материалдары салынған көліктер жолды ластап кетеді. Оның бәрін жинау қызметкерлерге қиынға соғады.

Кез келген құрылыс объектілерінің кіреберісінде көлік жуатын арнайы орын болуы тиіс. Олар техниканы көшеге шығармас бұрын тазалуы қажет. Құрылыс компанияларының басым бөлігі осы талапты сақтамайды. Мысалы, бір құрылыс жүріп жатқан жерден шыққан көлік жуылмаса, барлық жерде ізін қалдырады. Оны кетіру қиын, әртүрлі техниканың көмегіне жүгінеміз. Енді тазалап біткенде, біраздан кейін тағы басқа бір көлік келіп, ластап кетеді. Мұндай кезде экологиялық полицияны шақырып, мәселені шешеміз. Десе де әлі күнге дейін қарапайым талапты сақтанбайтын компаниялар көп, – деді кейіпкер.

Қызметкерлерге жағдай жасалған ба?

Александрдың қиындықтарға қарамастан, жұмысына көңілі толады.

Бұрынғыға қарағанда жағдайымыз жақсарып келеді. Жыл сайын айлығымыз 10-20%-ға дейін көтеріледі. Бұл жерде әрқайсының алатын жалақысы әртүрлі, десе де орташа есеппен шамамен 400 мыңға дейін табыс табуға болады, – деді ол.  

Кейіпкеріміздің айтуынша, «Астана Тазалық» мекемесі қызметкерлеріне жұмысқа қолайлы жағдай жасап қойған.

Ауыр еңбек лайықты бағаланып жүр ме?

Ауыр еңбек лайықты бағаланып жүр ме?

Суреттер: El.kz/Арман МУХАТОВ

Мекеме бізге қажетті арнайы киімдерді береді, тегін түскі аспен, кешкі аспен қамтамасыз етеді. Жылына бір рет ақылы еңбек демалысын, сауықтыру жәрдемақысын аламыз. Мереке күндері сыйақылар да беріледі, – деді ол.

Алдағы уақытта мекемеде жұмысшыларды біліктілігін арттыруға шетелге жіберіп, оқыту жоспарда бар.

Тәжірибе алмасу мақсатында Астанада бір ай бойы бірқатар жол жұмысшы, техника жүргізуші, машинист, инженер сынды қызметкерлер оқыды. Ендігі кезекте заманауи технологияларды үйрету үшін жұмысшыларды шетелге жіберуге мүмкіндік қарастырылып жатыр. Биылдың өзінде алғаш рет компаниямыз Германияға арнайы қар тазалау бойынша чемпионатқа қатысты. Германия, Испания, Ресейден үш түрлі жаңа техниканы алдырттық. Қазақстан бойынша ол техникалардың аналогы жоқ. Енді мұндай ерекше техникамен біз жұмыс істей алуымыз үшін оқу мен дайындық кезеңінен өтуіміз керек, – деді Александр.

Отбасылық қолдау – табыстың негізі

Достарының арасында «украиналық қазақ» атанып кеткен Александр қазақ тілі мен орыс тілін жетік меңгерді. Ол Динара есімді қазақтың сұлу қызына үйленген.

Жұбайыммен, екі баламмен тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Үлкен ұлым Тимур 6 жаста, ал кенжеміз Артур сегіз айлық. Демалыс күндерімде отбасыма барынша көңіл бөлуге тырысамын. Кейде қолым босағанда қосымша табыс та табамын, – деді ол.

Жары Динара Александрға үнемі қолынан келгенге қолдау білдіріп отырады.

Әйеліме менің жұмысым ұнайды. «Астана Тазалыққа» енді қызметке тұрған кезімде «сендер мықтысыңдар! Қалаға, халыққа қаншама жақсылық жасап жатырсыңдар. Сені мақтан тұтатамын!» деп айтқан сөзі әлі есімде. Сол сәттен бастап өзімнің жұмысымның қандай керемет екенін сезіне бастадым, – деді кейіпкеріміз.

Еңбекқор жандардың елеулі үлесі

Александр Владимирұлының ойынша, астаналықтар тазалық сақтауға үйреніп келе жатыр.

Бұл жұмысқа кіргенде адамдардың қаншалықты деңгейде қаланы ластайтынын көріп таңғалдым. Ал қазір біз жақсы жұмыс істегеннен кейін бе, әлде халық тазалықты сақтай бастағаннан ба елордамыз жақсарып келеді, – дейді қызметкер.

Александрды алғысын айтып, еңбегін бағалайтын жандардың бар екені қуантады.

Ауыр еңбек лайықты бағаланып жүр ме?

Cурет: El.kz/Арман МУХАТОВ

Бауыржан Момышұлына жол тазалауға барғанда маған, жүргізушілерге, көше тазалаушыларға үнемі кофе беріп тұратын бір адам бар. Ол «сендерге көп рахмет!» деп алғысын білдіріп тұрады. Ал вокзал жаққа барғанда түнде танымайтын бір астаналық тұрғын көлікпен келіп, кофе беретін. Есімін айтпайтын. Сондай кезде бір қуанып қаласың! Жұмысқа деген құлшынысың да арта түседі. Еңбек бағаланып жатса, жақсы ғой, – деді кейіпкер.

«Астана Тазалық» мекемесі алғаш рет ЭКСПО-ға халықаралық көрмеге қатысқанда кезде де шетелден келген түрлі компания өкілдері бірауыздан «Астана – өте таза қала!» деп таңданысын жеткізген еді. Халықтың еңбекті осылай бағалап жатқаны қызметкерлер үшін биік дәреже десек қателеспейміз.

Тазалық – әр адамның өзінен басталады. Санасы таза азамат өзінің іс-әрекеті арқылы қоршаған ортаның тазалығын сақтауға ұмтылады. Мұндай адам өзіне ғана емес, айналасына да жауапкершілікпен қарайды: табиғатты аялау, қоқысты сұрыптап тастау, суды үнемдеу, ауаны ластамау сияқты қарапайым істерді күнделікті әдетке айналдырады. Себебі қоршаған ортаның тазалығы – баршамыздың ортақ игілігіміз және келер ұрпаққа қалдырар аманатымыз, – деп сөзін аяқтады Александр Кеңес.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға