Жаңалықтар

Ауыл тұрғыны: «Ауыл аманаты» жобасы – кәсіппен айналысамын дегендерге үлкен көмек»

Ауыл тұрғыны: «Ауыл аманаты» жобасы – кәсіппен айналысамын дегендерге үлкен көмек»
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 06.03.2024 01:17 982

Түркістан облысы Сауран ауданындағы  Оранғай ауылдық округінің тұрғыны Әлиасқар Шойбеков «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Шаруа аталған жоба кәсіппен айналысамын дейтін халыққа үлкен көмегін тигізіп отырғанын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Етті бағыттағы мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғыны аталған бағдарлама аясында 2,5 пайызбен 7 миллион теңге көлемінде несие алған. Шаруа бұл қаржыға 20 бас жылқы сатып алған.

Жоба ауыл тұрғындарының дамуына, өз еңбегімен пайда табуға көмектеседі. Ауылда мал шаруашылығы – негізгі табыс көзі. Тіршілік жасаймын деген жандарға көмектесу керек. «Ауыл аманаты» жобасы – адамдардың мал шаруашылығымен айналысуын жалғастыруға күш салуда және кәсіппен айналысамын деген азаматтарға үлкен көмек. Мен де бұл жобаны тиімді пайдалана отырып, өз кәсібімді бастадым, - дейді ауыл тұрғыны Әлиасқар Шойбеков.

Айта кетсек, "Ауыл аманаты" жобасы шеңберінде азаматтар ауыл аумағында кез келген қызметті дамытуға өздері үшін 2,5% несие ресімдей алады. Сонымен қатар әлеуметтік-өндірістік кооперативтермен бірігіп, мал және көкөніс шаруашылығымен айналысуға мол мүмкіндіктері бар. Жалпы Сауран ауданында ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған «Ауыл  аманаты» бағдарламасы арқылы 191 жоба қаржыландырылды. Атап айтар болсақ, мал шаруашылығы бағытында 165 жоба қаржыландырылып, 3 175 мал сатып алынған. Өсімдік шаруашылығы бойынша 9 жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде жалпы аумағы 1,7 га жерге жылыжай салынып, өнім алынып отыр. Ал балық шаруашылығы бағытында екі жоба қаржыландырылған. Бүгінде ауданда екі кәсіпкер балық шаруашылығын дамытуды қолға алып отыр. Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері бойынша бес жоба  қаржыландырылып, соған сәйкес бес техника сатып алынған. Сонымен қатар өз кәсібін ашу үшін тұрғындардың 10 жобасына қаржы берілді. Нәтижесінде бір дәнекерлеу цехы, екі газоблок, екі наубайхана, бір пластиктен құрылыс заттарын шығаратын цех, бір пеноблок шығару өндірісі, бір шлакоблок шығару және бір пенопласт шығару өндірісі мен бір ағаш өңдеу цехтары ашылып, кәсіп иелері нәпақа тауып отыр.

Жалпы Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Былтыр республикалық бюджеттен өңірге бағдарлама аясында 19,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Өткен жылдың соңына дейін бөлінген қаражат толық игерілген. Нәтижесінде 3 215 несие алушы қаржыландырылып, 3517 жаңа жұмыс орны ашылды.

Аталған жобаға қатысуға ерекше қызығушылық танытқан өңірлердің бірі де дәл осы Түркістан облысы. Бұл туралы бұған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері, микроқаржы ұйым жетекшілерінің басшыларымен өткізген жиында айтылған болатын.

Ауыл-аймақта тұратын қараша жұртшылықтың тұрмысын түзеп, кәсіп ашуына мүмкіндік беретін бағдарламаға биыл бірқатар өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, несие алуға ауылдық елдімекендермен қатар  шағын қалалар қосылды. Бағдарлама қаражатының 50 пайыздан аспайтын бөлігі мал, құс, балық сатып алуға беріледі. Биыл бұл мақсатта өңірге республикалық бюджеттен 13,2 млрд теңге қарастырылмақ. Нәтижесінде 62 ауылдық округте жаңадан 62 кооператив құру жоспарланып отыр. 2640 жоба қаржыландырылып, 4500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға