Жаңалықтар

Ауыл шаруашылық саласында 79 инвестициялық жоба іске асырылды

Ауыл шаруашылық саласында 79 инвестициялық жоба іске асырылды
Фото: © El.kz 15.08.2024 22:45 579

Ауыл шаруашылығы министрлігі басымдық іс-шаралар жоспарында бекітілген негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша шаралар қабылдауда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексін 111,6% —ға дейін, тамақ өнімдерін өндіру – 105% -ға дейін, сусындарды өндіру – 109% -ға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Ағымдағы жылдың 7 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,7% -ға ұлғайып, 2,1 трлн теңгені құрады. Бұл ретте, мал шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексі 103,7% -ға жетті және мал шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 1,7 трлн теңгені, өсімдік шаруашылығының нақты көлем индексі 104% немесе өнім өндіру көлемі 402,9 млрд теңгені құрады.

Жоспарланған көрсеткішке қол жеткізу егін жинау жұмыстары аяқталғаннан кейін 2-ші жартыжылдықта қамтамасыз етіледі, өйткені өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру жалпы өнімнің жартысынан көбін алады.

Министрлік алға қойылған мақсаттарға жету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу үшін қарастырылған 580 млрд теңгенің 342,6 млрд теңгесі игерілді.

Қазіргі уақытта қосымша 20,4 млрд теңгеге өтінімдермен жұмыс жүргізілуде, егін жинау жұмыстарына өтінімдер жинау жалғасуда.

Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Ақмола облыстары ӘКК арқылы жеңілдікті кредиттеу бойынша белсенді жұмыс істеуде, осы мақсаттарға осы өңірлерде 75 млрд теңге көзделген. ҚазАгроҚаржы арқылы ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингі бойынша 62,7 млрд.теңге сомасына 2 298 бірлік ауыл шаруашылығы техникасына шарттар жасалды.

7 айда азық-түлік өндірісі 0,4% -ға артып, 1,8 трлн теңгені құрады. Ірімшік пен сүзбе өндірісінің 13,5%-ға, өңделген күріштің 14,2%-ға, өсімдік майының 9,8%-ға, ашытылған сүт өнімдерінің 5% -ға өскенін ерекше атап өткен жөн.

Жоспарланған индикаторларға қол жеткізу үшін ағымдағы жылы 50,9 млрд. теңге сомасына 79 инвестициялық жоба іске асырылды, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша - 8,8 млрд. теңге сомасына 14 жоба, мал шаруашылығына - 4,9 млрд. теңгеге 11 жоба, өсімдік шаруашылығына - 14,9 млрд. теңгеге 36 жоба, құс фабрикасына – 6,7 млрд. теңгеге 4 жоба, сүт-тауар фермалары-11,5 млрд. теңгеге 5 жоба және т. б.

Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі Кешенді жоспары әзірленді, оны іске асыру республикалық бюджеттен 372 млрд теңге мөлшерінде қосымша қаражат бөлуді талап етеді.

Жалпы, қабылданып жатқан шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 11,6% деңгейінде ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға