Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығындағы ветеринария процестерін автоматтандыру жоспарланып отыр

Ауыл шаруашылығындағы ветеринария процестерін автоматтандыру жоспарланып отыр
Фото: primeminister.kz 21.10.2023 18:34 881

Ветеринария – ауыл шаруашылығының ең проблемалы бағыттарының бірі және дұрыс жүйеленбесе мал шаруашылығын тиімді дамытуға кедергі келтіреді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметте ауыл шаруашылығындағы санитарлық-ветеринарлық шаралардың сапалы жаңа деңгейге көтерілуі үшін не істеу керек және ол үшін қазірдің өзінде қандай шаралар қабылданып жатқанын вице-премьер Серік Жұманғаринге таныстырылды.

Жалпы, қабылданған шаралардың арқасында соңғы үш жылда қауіпті аурулардың ошақтары 44,7%-ға төмендегені байқалады (2021 жылы - 331, 2022 жылы - 299). Процестерді автоматтандыру және жануарлардың жай-күйін қадағалау жүйесін құру Қазақстандағы эпизоотиялық қауіпсіздікті едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің түсіндіруінше, ет өңдеу кәсіпорындарында, мал сою және ет сату орындарында жануардың жай-күйіне қатысты ақпараты бар QR-код арқылы сараптама актілерін беру ұсынылады. Яғни, ветеринарлық тексеруден өтпеген малды союға және сойылғаннан кейін етіне ветеринарлық-санитарлық сараптама жасауға жол берілмейтін болады.

«Аталған процедураны автоматтандыру жобасы Атырау, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстарында және Алматы қаласында пилоттық режимде іске қосылды», — деп мәлімдеді вице-министр.

Ел аумағында мал союға арналған 937 нысаны бар. 2023 жылдың басынан бері ветеринарлық-санитарлық инспекторлар ветеринарлық талаптарға сәйкес келмейтін 661 мал сою алаңының есептік нөмірлерін қайтарып алды.

«Кезінде мал сою алаңдары жануарларды үй ауласында союға жол бермеу үшін уақытша шара ретінде құрылған болатын. Малды етін сату мақсатында сою үшін мал сою орындарын ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханаларымен жабдықтау қажет. Біз әкімдіктерге осы алаңдардың иелеріне оларды барлық қажеттіліктермен жабдықталған мал сою пункттеріне айналдыру қажеттілігін түсіндіруді тапсырдық. Бұдан бөлек, алдағы уақытта ветеринариялық бақылау жүйесін автоматтандыру үшін бұл нысандар компьютерлермен жабдықталып, интернет желісіне қосылуы қажет», — деді Аманғали Бердалин.

Сондай-ақ ветеринария жүйесін реформалау барысында бастапқы және тексерілген нақты деректерді тікелей автоматты түрде АЖБ, БАБЖ, VETMOBILE, TortTulik және басқалардың негізгі ақпараттық жүйелеріне жолдауға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық өнімдер әзірленді. Бұл уақытты қысқартады, ветеринарлардың жұмысын жеңілдетеді және сенімді деректерді автоматты түрде алуға мүмкіндік береді.

Тағы бір күрделі мәселе – ветеринариялық зертханалардың материалдық-техникалық тұрғыда жабдықтау.

«ЕАЭО елдерінен және үшінші елдерден импортталатын мал өнімдерінің қауіпсіздігін анықтау үшін сараптама ЕАЭО техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Алайда, техникалық регламенттермен белгіленген 70-тен астам көрсеткіштің ішінде қалдық заттарды анықтауға зерттеу жүргізілуі тиіс. Жұмыс істеп тұрған ветеринарлық зертханалар бар болғаны зерттеудің 7 түрін жүргізуге ғана мүмкіндік береді. Зертханалардағы талдамалық жабдықтар соңғы рет 2006-2008 жылдары жаңартылған. Көптеген құралдар ескірген және өндірістен шығарылған. Енді оларды жаңғырту мүмкін емес», — деді вице-министр.

Бүгінгі таңда антибиотиктерді анықтау үшін зертханалық жабдықтарға деген ең төменгі қажеттіліктің жалпы сомасы 3,8 млрд теңгені құрайды. Жабдықтарды жаңадан сатып алғанда ғана малдан алынатын өнімнің қауіпсіздігін бақылауға болады.

Биыл қараша айының басында Қытайға өнімдерін шығару құқығына ие кәсіпорындарға инспекция жүргізу үшін ҚХР Бас кеден басқармасы өкілдерінің Қазақстанға келуі жоспарланған.

Алдын ала жасалған келісім бойынша, Қытай тарапы аусыл мен құс тұмауын бақылау бойынша ветеринария жүйесіне кешенді аудит жүргізуге мүдделі. Бұл ет және құс шаруашылығы өнімдерінің экспортын ашу үшін қажет.

Бұдан бөлек қазіргі уақытта қазақстандық және қытайлық тарап ірі қара мал етін экспортқа шағыру үшін қойылатын ветеринарлық талаптар жөніндегі хаттама жобасын белсенді талқылауда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға