Ауыл шаруашылығын субсидиялауға байланысты жаңа жоба таныстырылды
Ауыл шаруашылығын субсидиялауға gosagro.kz сайтына 12 мыңнан астам өтінім хат келіп түскен. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифингте АШМ Мемлекеттік қызметтерді дамыту және агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру департаментінің директоры Бернат Алпысбеков айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа gosagro.kz сайты 1 ақпаннан бастап іске қосылды. Бүгінгі күнге дейін жүйеге 12 мыңнан астам адам өтініш беріп үлгерген. Былтыр ауыл шаруашылығын субсидиялауға 400 млрд-тан астам қаражат жұмсалған. Биылғы қаражат көлемі 450 млрд теңгені құрап отыр.
gosagro.kz-тің базасына өтінім хат жолдаған кезде барлық ақпарат түсінікті етіп көрсетілген. Сонымен қатар, азаматтар өтінім хат жолдаған кезде ешқандай ақаулықтар туындап, сайт тоқтап, жұмыс істемей қалатын кедергілер орын алмайтындығы қадағаланады. Жүйе барынша ашық түрде жұмыс істейді және министрліктің парақшасында барлық ақпарат пен тіркелу ережелері көрсетілген. Азаматтар саны әзірге шектелмеді, - деді Бернат Алпысбеков.
Оның айтуынша, жүйемен жұмыс істеуді үйрететін 6 телеграмм-бот дайындалып жатыр. Алдағы уақытта оқыту жүйесін әзірлеуші мамандарды ең бірінші оңтүстік өңірлерге жібереді.
Сонымен қатар, бұған дейінгі Qoldau» жүйесі кезеңінде өрескел қателіктер мен заң бұзушылықтардың орын алғанын атап өтті.
Бернат Алпысбековтың айтуынша, ресми түрде жерді 1000 гектар деп бекітіп, бейресми түрде 1500 гектарды иеленіп отырған азаматтардың бар екені анықталған. Қазіргі таңда бұл олқылықтарға анализ жасалуда. Енді фермерлер егіс алқабының көлемін жай ғана өлшеп, шекарасын қолмен сыза алмайды. Нақты қанша гектар жер бар екенін ғарыштық мониторинг анықтайды. Өткен жылы фермерлердің қарызы 25 млрд теңгені құраған. Оның 18 млрд теңгесі қайтарылған.