Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жедел штаб отырысын өткізді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жедел штаб отырысын өткізді
Фото: primeminister.kz 09.09.2023 12:24 853

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Егін жинау науқаны жөнінде жедел штабтың отырысын өткізді,  деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Егін жинау науқанында фермерлер үшін астықты кептіруге қажетті дизель отынының қолжетімділігі, ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккен фермерлердің несиелерін ұзарту, субсидиялар бойынша қарыздарды жабу мәселелері өзекті болып отыр.

Қазақстанның негізгі астық егетін өңірлері – Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында соңғы екі аптада жауын-шашын толастамай тұр. Қазгидрометтің болжамы көңіл көншітпейді: жауын-шашын 17 қыркүйекке дейін жалғасып, аяз түседі, соның салдарынан солтүстік өңірлерде жаңа дәннің өніп кетуі және ылғалдың жоғарылығынан сапасының төмен болу қаупі бар.

Қазір біздің басты міндетіміз – ауа райы қолайсыздығының салдарын азайтып, фермерлерге барлық қажетті қолдауды көрсету және келесі жылға сапалы тұқым қорын қамтамасыз ету, - деді Айдарбек Сапаров.

Жедел деректер бойынша 8 қыркүйекке дейін Қазақстанда 4,8 млн га астық жиналды, бұл жалпы егіс алқабының 28%-ы. Орташа өнімділігі 10 ц/га болған кезде, 4,8 млн тонна астық жиналды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға