Ауыл партиясы еліміздегі түрлі этнос өкілдерімен жаңа жоба бастамақшы

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Ауыл» партиясы «Ел жастарының бірлігі – береке бастауы» атты кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жиынға «Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаев,«Ауыл» партиясы фракциясының депутаты Николай Арсютин, сондай-ақ еліміздегі түрлі этностардың жастары қатысты.
Жиынды ашқан партия төрағасы Серік Егізбаев Қазақстанның ең басты байлығы – елдің бірлігі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ депутат «Ауыл» партиясы жастармен тұрақты түрде кездесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдауға ерекше мән беретінін, бұл жұмыс тек астанадағы іс-шаралармен шектелмей, өңірлерге сапар барысында да жалғасып жатқанын атап өтті. Партия мүшелері жастармен еркін форматтағы кездесулер өткізіп, олардың ұсыныстарын ескеруге тырысады деп айтты.
El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ
Біз әрдайым жастармен кездесіп, олардың ойларын тыңдаймыз. Жастар – ел болашағы дейміз, ал сол болашақты бүгін қалыптастырып жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Біз заңнамалық тұрғыдан да, бюджеттік саясат тұрғысынан да жастар үшін маңызды шешімдер қабылдап жатырмыз. Бірақ сол бастамалар оларға шынымен қажет пе, жоқ па – оны жастардың өздерінен білу маңызды. Осындай кездесулер кері байланыс алу үшін аса қажет. Қазір Қазақстан туралы айтқанда көбіне жер астындағы байлыққа мән береміз. Бірақ біздің шынайы байлығымыз – халқымыздың татулығы мен бірлігі. Ата-бабаларымыз осы құндылықты бізге мұра етіп қалдырды. Ендігі міндет – оны сақтау, әрі қарай нығайту. Бұл әсіресе сіздерге, жас ұрпаққа жүктелген аманат, – деді партия төрағасы Серік Егізбаев.
Іс-шара барысында «Ауыл» партиясының қоғамдық-саяси жұмыс департаментінің директоры, этникалық саясат бойынша зерттеуші Жандос Қарынбаев Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынастардың тарихы мен қазіргі жағдайы туралы баяндама жасады.
Кездесуге қатысқан жастар да өз ойларын ортаға салып, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғады. Мәселен А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті журналистика факультетінің 1 курс студенті Альбина Девивые қазақтілді интернет контенттің аздығына алаңдаушылық білдіріп, осының салдарынан кейбір балалардың ана тілін үйренуде қиындықтарға тап болып жатқанын айтып, депутаттарға осы мәселеге назар аудару қажеттігін айтты.
El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ
Қазір дүниені интернет жаулап алды. Өкінішке қарай қазір интернетте қазақ тілінде контентттер өте аз. Сол себепті кішкентай балалар өзге тілде сөйлеп жүр. Осы ретте қазақ тілді контентті көбейту керек. Мультфильмдер мен киноларды да қазақшаласақ, – деді Альбина Девивые.
«Ауыл» партиясы – ауылдарға мән беріп, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жұмыс істеп келе жатқан бірден бір партия. Партияның жастар қанаты ауылда, ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін жастарды дәріптеуді дәстүрге айналдырған. Сондай жастың бірі – Ақмола облысы, Зеренді ауданы «Дихан Плюс» ЖШС -ң бас энергетигі Михаил Штир.
El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ
Туған жердің, ауылдың қадірін терең түсінуіміз қажет. Партия ауыл және ауыл шаруашылығының мәселелерін белсенді түрде көтеріп келеді. Егер ауыл шаруашылығы дамыса, ауыл да гүлденеді, көркейеді. Әрбір мемлекеттің өркендеуі үшін бұл аса маңызды, – деді Михаил Штир.
Ашық сұхбат форматында өткен жиында халық бірлігі, ұлттық тұтастық және ұрпақтар сабақтастығы тақырыптары кеңінен талқыланды. Кездесу соңында партия қатарына жаңадан қабылданған жастарға салтанатты түрде партиялық билеттер табысталды.
Жиын қатысушылардың сұрақ-жауап алмасуымен қорытындыланды.
