Жаңалықтар

Ауыл мен қала мектебін қалай теңестіреміз? Депутат жауап берді

Ауыл мен қала мектебін қалай теңестіреміз? Депутат жауап берді
Фото: t.me/mazhilis_kz 21.06.2023 17:45 1453

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов мектептер арасындағы алшақтықты жоюдың жолдарын ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі

Ауыл мен қала мектептерінің білім сапасы жер мен көктей екені баршаға мәлім. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет айтты. Демек, осы бір өзекті мәселені шешу кезек күттірмейтін дүние. Оның күн тәртібінен түспей келе жатқаны да сондықтан.

Бір қарағанда бәрі дұрыс секілді. Өзгеге үлгі болар жетекші мектептер баршылық. Алайда олардың барлығы қалалық жерде орналасқан. Алдымен дәл осы жетекші мектептер ауылдарда да көптеп салынуы керек. Бұл бір. Екіншіден, білім саласындағы қаржыландыру мәселесіне мән беру маңызды. Оқушылар материалдық-техникалық базасы жақсы мектептерді оқуы керек. Демек, базаны нығайтуға бағытталатын қаржыны көбейту мәселенің түйінін тарқата алады. Себебі оқушы өмірінде заманауи жабдықталған кабинеттер мен жиһаздар маңызды орын алады. Үшіншіден, жас мамандар жетіспейді. Бұл мәселені мемлекет басшысы да назарда ұстап келеді. Расында да, білікті кадр білімнің бастауы екені даусыз. Біз айтып отырған алшақтық мәселесіне оң әсер ететін фактордың бірі – осы, – дейді Ерболат Саурықов.

Деректерге сүйенсек, елімізде 7 500-ден аса мектеп бар. Соның 6 мыңға жуығы ауылда орналасқан. Олардың деңгейі қала мектептерінен төмен жатқаны айтпаса да түсінікті. Ел Президенті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында ауыл мен қала мектептері туралы айта келіп: «Келесі бір маңызды міндет – қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайту. Халықаралық оқушы қабілетін бағалау бағдарламасы (PISA) мәліметтері бойынша қазір арадағы алшақтық 1,5 жылды құрайды. Балалардың барлығы тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білімге қол жеткізуі керек», деген болатын. Ауыл мектептері – болашақ ұлт мектебінің негізін қалаушы. Дәлірек айтсақ, олар – ұлттық білім саясатын жүзеге асыратын мекемелер.

Ерболат Саурықовтың айтуынша, елімізде негізінен бастауыш және орта сыныптардан кейін білімін жетілдіремін деген оқушыларға арнайы мамандандырылған немесе белгілі бір пәндерді тереңдете оқытатын мектептер жүйесі қалыптасқан. Республика бойынша жаратылыстану-математикалық бағытта тереңдете оқытатын 90 лицейдің 8 пайызы, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша оқытатын 120 гимназияның 14 пайызы ғана ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл ауыл оқушыларының тереңдете білім беретін ұйымдарда оқу мүмкіндігі шектеулі екенін аңғартады.

 Дарынды балаларға арналған республикалық, облыстық деңгейдегі мамандандарылған және дербес мәртебеге ие Назарбаев зияткерлік мектептері бар. Олар да қала маңында, облыс орталықтарында орналасқан. Енді қараңыз, аталған мектепте 5 және 7-сыныптарға дарынды оқушыларды емтихан тапсыру арқылы қабылдайды. Бұл мектептерге түсу үшін оқушының мектеп бағдарламасынан тыс материалдарды меңгеруі, тіпті кейбіріне түсу үшін белгілі деңгейде ағылшын тілін білуі шарт. Ал ауыл баласында ондай мүмкіндіктер жоқ қой. Қазір жекеменшік репетиторлық және оқу орталықтары ақылы негізде мамандандырылған мектептерге оқушыларды дайындау қызметін ұсынады. Бірақ ел бойынша табыс деңгейі ең төменгі көрсеткіштерге ие ауыл тұрғындары үшін балаларын ақылы курстарда оқыту тіпті мүмкін емес, – дейді Мәжіліс депутаты.

Енді мына бір статистикаға назар аударайық. 2022-2023 оқу жылында ауыл мектептеріндегі 1 474 629 оқушының тек 2 915-і ғана мамандандырылған мектептерге қабылданған. Бұл елдегі ауыл оқушыларының жалпы санының 0,2 пайызын ғана құрайды. Сондай-ақ ауылдықтардың пәндік олимпиадаларға қатысып, жеңімпаздар қатарынан көріну деңгейі де қалаға қарағанда, әлдеқайда төмен. Депутаттың пікірінше, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының талаптарын қайта қарау қажет. Өйткені жоғары оқу орнын үздік бітірген жас мамандарды ауылда тұрақтандандыру арқылы дарынды балаларды оқытып, оларды дайындау деңгейін арттыруға болады. Ауылға білімді, креативті маман бармайынша білім сапасы көтерілмейтіні анық. Нақ осы тақырып аясында Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Алшақтықты азайту үшін ауылдағы шағын жинақталған мектептерді білікті оқытушылар құрамымен қамтамасыз ету керек», деп айтқан еді.

 Қазіргі кезде оқушыларға қосымша мүмкіндіктер ұсынатын онлайн платформалар бар. Жекеменшік оқыту орталықтары заман ырқына жылдам икемделіп қосымша ақылы курстар ұсынып жатыр. Біздің зерттеуіміз бойынша, кейбір жекеменшік оқу орталықтарының платформалары бір сәтте 30 мың оқушыға дейін онлайн режімде сабақ өткізетін техникалық және әдістемелік мүмкіндіктерге ие. Ендеше, оқу нарығының өзі туғызған осы мүмкіндікті ауылдың білім беру саласын дамыту үшін кеңінен пайдалануға әбден болады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Bilim Land», «Daryn.online» және тағы да басқа платформалар арқылы 5 236 ауылдық мектеп қосымша оқыту қызметтерін қолданады екен. Аталған мекемелердің көрсетіп отырған қызметтері толыққанды онлайн үлгіде емес. Бұл платформаларда негізінен таспаға жазылған бейнесабақтар орналастырылған. Ал оқушыға қажеті – нақты уақыт режіміндегі онлайн үлгідегі тақырыбы өзекті, мазмұны үнемі жаңартылып отыратын қосымша сабақ, – дейді Ерболат Саурықов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға