Жаңалықтар

Ауыл мектептерінде робот техникасы кабинеттері ашылады

Ауыл мектептерінде робот техникасы кабинеттері ашылады
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 22.11.2023 11:30 869

Оқу-ағарту министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, шалғай ауылдарда робот техникасы, STEM, химия, физика, биология пәндерінен заманауи кабинеттер ашу жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда ел бойынша 976 мектеп заманауи кабинеттермен жабдықталған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл бастама ауыл мектептерін дамыту және ауыл мен қала оқушылары арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқартуды мақсат етіп отыр. Оқытудың инновациялық үлгілері енгізіліп, оқулықтар цифрлық форматқа көшіріледі.

Бүгінде Ақтөбе облысындағы пилоттық жобаға өңірдің 134 мектебі қатысады. Оның ішінде 36 шағын жинақты мектеп 12 тірек мектепке бекітіледі. Жоба негізгі 3 үлгі бойынша жүзеге асырылуда. Бірінші үлгі 2022 жылдың қараша айында басталған «Bilim all» жобасының аясында стриминг лекциялар түрінде қолға алынып, өңірдің 36 үздік мұғалімі шағын жинақталған мектептер үшін онлайн сабақтар өткізеді. Екінші үлгі «Тірек мектеп – магниттік мектеп», мұнда ауылдық тірек мектептердің педагогтері шағын жинақты мектептердің оқушыларына негізгі оқу пәндерін: химия, биология, математика, физика және ағылшын тілі бойынша онлайн режимінде сабақ беріледі. Үшінші үлгі аясында интернет желісі жоқ немесе интернет жылдамдығы төмен 9 шағын жинақты мектепте цифрлық технологияларды қолданумен офлайн сабақтары өткізіледі. Қазіргі уақытта барлық 3 үлгі сынақтан өтіп жатыр, - делінген министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында шалғай орналасқан елді мекендердегі балалардың білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету, біріктірілген сыныптар мәселесін шешу, облыстағы ауылдық және шағын жинақты мектептердің білім сапасын арттыру мақсатында Ыбырай Алтынсарин академиясының Microsoft корпорациясымен бірлескен жобасы жүзеге асырылады. Солтүстік Қазақстан облысының 107 мұғалімі Microsoft компаниясының платформасында біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Жоба аясында Солтүстік Қазақстан облысындағы 40 ауыл мектебі қамтылды.

Айта кетейік, мектеп оқулықтарын цифрлық форматқа көшіру жыл басынан бері 80%-дан 93%-ға артты. Мақсат – инновациялық әдістерді пайдалана отырып, ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты жою.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға