Ауылға көмек. СҚО-да кәсіпкер ауылды дамытуға 17 млрд теңге бөлді
Шал ақын ауданындағы «Асыл Логистикс» ЖШС басшысы Ғабиден Балғынбеков Кривощеково ауылын «үлгілі» етуді көздеп отыр, деп хабарлайды EL.KZ СҚО әкімдігіне сілтеме жасап.
Серіктестік директорында ауылды дамытудың нақты жоспары бар. Жобалар қазірдің өзінде жүзеге асуда. Көп инвестиция құйылып жатыр. Астық қоймаларын салуға және ауыл шаруашылығы техникасын алуға 17 млрд теңге бөлінді.
Шағын элеватор қосылды, қазір ол кеңейтілуде. Ауылда 2,5 млрд теңгеге сүт фермасы пайда болады, бұл 30 тұрақты жұмыс орны. 5 мың гектар алқапқа тамшылатып суару жүйесі енгізіледі. Қызметкерлердің жалақысын 20 пайызға өсірді.
Жұмысшыларына арнап 2 миллиард теңгеге жатақхана мен асхана салынады. 500 миллион теңгеге жаңа саябақ құруды жоспарлап отыр, онда жабық хоккей корты мен спорт алаңдары орналасады. Жалпы, шаруа қожалығының басшылығы ауыл еңбеккерлері мен тұрғындарына қолайлы жағдай жасап, өзге диқандарға үлгі-өнеге көрсетуде.
Мемлекет шаруашылық басшысының ауылды дамытуға деген ұмтылысын көріп отыр, сондықтан біз Кривощеково ауылының инфрақұрылымын жақсартудамыз. Бюджеттен 214 млн теңге бөлінді. Биыл ауылға кірер жолға асфальт төселіп, негізгі көшелер жөнделді. Барлық көшелерге жарық орнатылып, балалар алаңы мен жаттығу құрылғылары орнатылды. Қазір су жүйесі жөнделіп жатыр. Мектеп пен ауыл клубын жаңартуды жоспарлап отырмыз, - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Шал ақын ауданындағы Кривощеково ауылының тұрғындарымен кездесуі барысында.