Жаңалықтар

Аустрияның жетекші компаниялары Қазақстанға қызығушылық танытуда

Аустрияның жетекші компаниялары Қазақстанға қызығушылық танытуда
Фото: Сыртқы істер министрлігі 16.03.2024 16:40 3644

Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Аустрияға сапары аясында құрылыс, логистика және машина жасау салаларындағы жетекші компаниялардың басшылығымен кездесті. Сыртықі істер министрлігінің мәліметінше, аустриялық жетекші компаниялар Қазақстанға қызығушылық танытуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Кездесуде Lasselsberger Group компаниясының бас атқарушы директоры Йозеф Ласселсбергермен Астанада керамикалық тақтайшалар, құрғақ құрылыс қоспалары мен құрылыс желімдерін өндіру бойынша инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы талқыланды. Жоба импортты алмастыруға бағытталған және 200-ден астам жұмыс орнын құруды көздейді. Бұған қоса металлургия саласындағы жоғары деңгейде өңдеу жобасын жүзеге асыру мүмкіндігі талқыланды.

Gebrüder Weiss компаниясының директоры Вольфрам Зенгер-Вайсспен кездесу барысында компанияның Қазақстанда мультимодальды жүк тасымалдауын кеңейту, сондай-ақ А класты қойма терминалдарының желісін ұлғайту жоспарлары талқыланды.

Сонымен қатар Plasser & Theurer компаниясының бас атқарушы директоры Йоханнес Макс-Тойрермен кездесу өтті. Тараптар еліміздің темір жолдарын цифрландыру бойынша пилоттық жобаның іске асыру барысын қарастырды. Жоба жоспарлы-сақтандырмалық жөндеу жұмыстарын оңтайландыруды, теміржол құрамдарының қозғалыс жылдамдығы  мен қауіпсіздігін арттыруды көздейді.

Мұрат Нұртілеу аустриялық бизнестің қызығушылығын құптап, жобаларға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, Lasselsberger компаниялар тобы – шикізат, құрылыс материалдары мен керамикалық жабындардың жетекші өндірушілерінің бірі, оның құрамына әлемнің 27 елінде жұмыс істейтін 13 мыңнан астам қызметкері бар 67 өндірістік кәсіпорын кіреді.

Gebrüder Weiss компаниясының тарихы XV ғасырдан басталады. Компания көліктік-логистикалық қызметтердің толық спектрін ұсынады. Компанияның халықаралық желісі 34 елдегі 180 филиалды және 8 400 қызметкерді қамтиды. Компанияның айналымы 3 млрд еуродан асады.

Plasser & Theurer компаниясы – 70 жылдық тарихы бар және теміржол жолдарын күту, жөндеу мен салу үшін жолдық машиналарды өндіруде және шешімдер табуда әлемдік көшбасшы. Компанияның жолдық машиналары 110 елде жұмыс істейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға