Жаңалықтар

«Әулиеағаш» – жеті ғасырдың куәсі

Жаркент жеріндегі  киелі ағаш
«Әулиеағаш» – жеті ғасырдың куәсі
09.10.2017 16:01 51434

Жаркент жерінде жеті ғасырдан бері өсіп тұрған, тамыры тереңде жатқан алып ағаш бар. Оны жергілікті халық «Әулеағаш» деп атап кеткен. Негізі бұл қарғаштың тұқымы. Жеті адамның құшағы әрең-әрең жететін алып ағашты төрткүл дүниенің үш қана жерінен кездестіруге болады. Бірі – көрші Қытайда, келесісі – Меккеде, ал үшіншісі, осы – Жаркенттегі «Әулиеағашы».

Ағаш қайдан пайда болған?

Киелі ағаш қазақ жеріне қалай өсіп шыққандығы туралы мынандай аңыздар кездеседі. Тәңірдің сүйікті деген 7 құлы осы өлкеден Меккеге қарай өткен екен, сол жеті кісінің ішіндегі Жаратқанның ықыласына бөленген біреуі жатар уақытта аса таяғын жерге қадап қояды. Таң ата әлгі асасы тамыр жайып, көктеп кетіпті. Бұл кереметке таң-тамаша болып, Аллаға шүкіршілік етіп тұрғанда, «асаға тимей, өссін» деген аян алады. Осыдан кейін ағаш терең тамырлап, бүгінге дейін жетіп, 700 жылды артқа тастап жайқалып тұр. Тағы бір әңгімеде Бейбасы атты көпес Ұлы Жібек жолы жанданып тұрған уақыттары Меккеге арнайы саудамен бара жатып, осында тынығып алмаққа бекініп, қолындағы таяғын шаншып қояды. Ертеңгісін оның орнында жайқалған ағашты көріп, тимей өз жолымен кеткен екен деседі. Қарағаштар ары кетсе 60-70 жыл ғана жайқалып тұратындықтан, бұл киелі ағаштың әлі күнге дейін өмір сүріп келе жатқанына ғалымдардың өзі таңданып отыр. 

Пенденің тілегін қабыл алатын ағаш...

Қоқан мен Хиуа хандықтарының дүркіреп тұрған уақытында Шойнақ атты батырдың жары бала көтере алмай жүреді де, қасиетті ағаштың түбіне түнеуге келеді. Алладан перзент сұраған бәйбішенің көзі ілініп кеткенде, түсіне ақ сақалды қария кіріп, үш ұлды болатынын, ол ұлдарының атын Жантас, Бектас, Ертас деп қою керектігін айтады. Расымен батырдың әйелі құрсақ көтеріп, бірінші ұлы дүниеге келеді. Оның атын Жантас қояды, артын іле Бектас өмірге келеді. Үшінші баласы туылғанда бәйбіше кім қою керегін ұмытып қалып, Ақпұшық деп атай салады. Осы түні баяғы ақ сақалды қария кіріп, «неге балаңның атын өзгерттің, саған қажет болмаса, біз алып кетеміз» дейді. Бұл түсінен шошынып оянған ана сәбиінің шетінеп кеткенін көреді.

Адам баласында сенім деген жақсы ұғым бар. Ол – адамның қоршаған ортаға, ақиқатқа көзқарасын, қарым-қатынасын анықтайтын түсінік. Қазақ салт-дәстүрлерінің ықпалды бөлшегі, ғасырлар бойы келе жатқан тәрбие институты бар: қабірлерге, әулиелерге зиярат ету, сену, тәу ету. Ондай орындардың «киелі» атағына ие болуы – сол жердің халық санасында діни-аңыздық түсінікпен кірігуінде жатыр. Әулиеге табыну, тәу ету – жаңа пайымды қалыптастырған құдіретті күштердің атадан балаға мұра секілді келе жатқан ежелгі идеялардың ықпалы. «Әулиеағаштың» да осындай құдіреттілігі жайлы бұл күнге жеткен аңыздардан жеткілікті.

Қасиетті ағаштың киесі ұрады

Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталған уақыты болса керек. Елуге жуық шешен отбасы осы аймаққа қоныс аударады. Жергілікті тұрғындар бұл ағаштың киелі екенін айтып, ескерткеніне қарамай, бір адам отын іздеп жүріп, бұтағын сындырып, үйіне апарған екен. Ертеңіне ауыл адамдары сол отбасының түгелімен көз жұмғандарын көреді. Олардың өліміне Әулиеағаштың рұқсатсыз әкелінген бұтағы себеп болса керек. Тағы бір әңгімеде ауыл адамдары осында дәрет сындырған әйелдің беті қисайып кеткенін баяндайды.

«Әулиеағаштың» киелілігін дәлелдейтін бірнеше әңгімелер ауыздан-ауызға  тарап кеткен. Оның бір бұтағын сындырам деп, бақытсыздыққа тап болған адамдардың тағдыры естіген жұрт, осы жердің киелі екеніне еріксіз сенеді. Сендіру және өзін-өзі сендіру ғылымда автосуггестия деп аталады. Яғни, сендіруге бағытталған обьект пен субьект бір-біріне лайық болса, адамның санасы соны дұрыс деп қабылдайды. Адамдағы қадағалау функциясының төмендеуінен, өзінше тұжырым жасамай, еріксіз айтылған әңгімеге сенеді.

Тылсымға толы табиғат бөлшегі

Әулиеағашына тек тәу етіп емес, тамашалау үшін де келіп жатқандар жеткілікті. Олардың ішінде тіпті алыс-жақын шетелдің адамдары да бар. Бірде Америкадан келген ғалым ағашты суретке түсіргісі келеді. Дәл сол сәт оның фотоаппараты жұмыс жасамай, әбден әбігерге түседі. Осылайша ғалым әлемде сирек кездесетін ағаштан бірде-бір фото түсіре алмай, еліне аттанған екен. Тағы бір оқиғада қуаты таусылған суретке түсіретін құрылғы өзінен-өзі қосылып кетіп, ал қайтар жолда қайтадан істен шыққаны айтылады.

Ағаштың жанында бір тамырдан таралып тұрған жеті бірдей жас ағаш өсіп тұр. Халық оны «7 ағайынды» деп атап кеткен. Сол секілді «Бозбала мен бойжеткен» деп аталатын шынар бар. Осы ағаштың ортасынан өткен әйел адамдары көп ұзамай бала көтеріп, ана атанады екен. Ал киелі ағаштан тамшылап тұрған су бірнеше ауруға шипа. Сондай-ақ, «Әулиеағаштың» айналасынан қаумалап өскен көрікті ағаштарды көресіз. Олар құдды адам қолынан отырғызылғандай тізіліп тұр. Бірақ, ол табиғаттың өз шеберлігімен жасалған саябақ. Бір ғажабы мұндағы ағаштар құбылаға қарай иіліп тұрғаны. Жергілікті тұрғындар мұны да қасиетті жердің бір белгісі ретінде қарайды.

Ормандағы ағаштардың қисайып кетуінің бірнеше себебі бар:

- қарағаш күтім көрмегендіктен, бір жағына қисайып өседі,
- олар қаулап өсіп, бір-біріне кедергі келтіреді, сол үшін тік өсе алмай қалуы мүмкін,
- Жоңғар қақпасынан соққан желдің әсері.

Әлі күнге дейін дертіне дауа іздеген адамдар, жеті ғасырлық тарихты өткеріп тұрған ағашты тамашалауға келушілердің аяқ аласы басылған емес.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға