Жаңалықтар

Ауылдағы цирк өнерпаздары

Ел іші – өнер кеніші
Ауылдағы цирк өнерпаздары
Фото: Әйгерім Бегімбет 31.10.2017 17:24 11024

«Шаянға барсаң әншімін деме»... Қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезовтің берген бағасы бұл. Соңғы жылдары бұл өлкеден тек әншілер ғана емес, талайды таңғалдырған цирк өнерпаздары да көптеп шығуда. Облыс орталығынан 120 шақырым, ал аудан орталығынан 30 шақырым шалғай жатқан Шақпақ ауылына барғанымызда оған анық көз жеткізіп қайттық. Алыстағы ауылда қайдағы «Цирк залы» деп ойлап отырған боларсыз?!

Арманға жетелеген жол

Бірақ біздің көзімізге «Цирк залы» сонадайдан оттай басылды. Еппен есікті ашып, ішіне ендік. Бет-жүзін жуған ащы терге қарамастан, бір топ бала қызу дайындыққа кіріскен. Секірді, айналды, жүгірді, әйтеуір тыным таппады. Залда әуезді үн жаңғырып тұр. Бір кезде музыканың дауысын бәсеңдетіп, бір аға бізге жақындады. Балалардың жетекшісі Бауыржан Бекберген екен. Осы ауылдың тумасы. Сауалдарымызды жаудырдық.

 – Бұл дүниеден Жандарбек Шекербеков деген қазақ өткен. Ел әлі есімін ұмыта қоймаған болар. Өзіндік қолтаңбасы бар талантты әртіс, акробат, ұлағатты ұстаз еді. Бұл салада жоғары оқу орнын тауыспаса да қазақ цирк өнерінің дамуына көп еңбек сіңірді. Халықаралық, республикалық байқауларда топ жарды. Шәкірт тәрбиеледі. Кейін ауылға оралып, «Балауса» атты балалар циркін құрды, үйірме ашты. Өзімнен екі жас үлкен Нұржан деген ағам қатысатын. Мерекелік кештерде ауыл, мектеп сахнасында күйген кірпішті оң қолымен бір ұрып, қақ жарып, өнерімен көпшілікті тәнті ететін. Сонда ол бар-жоғы 8-сыныптың оқушысы екен ғой. Екеуміз сабақтан соң қыр-сайды қуалап, қой жаямыз. Сонда ол Жандарбек ағайының үйреткен өнерін қыр басында қайталайды. Екі қолымен жер тіреп, аунайды, жүреді. Қызығып, мен де жасауға тырысамын. Осылайша, цирк әлемінің әліппесін үйреткен ағам еді. Кейін 6-сыныпта мен де үйірмеге жазылып, осы өнерге біржола бет бұрдым. Ағам жол апатына түскен соң, бірте-бірте бұл саладан алшақтап  кетті. Ал мен армандарымды арқалап Алматыға аттандым, – дейді Бауыржан.

Италия сахнасында өнер көрсеткен студент

Бұл 1998 жыл болатын. Қабылдау емтиханында жоғары бағаға ие болып, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжнің студенті атанады. Студенттік өмір адам өмірінің ең бір ғажап кезеңі емес пе? Мықты цирк әртісі атансам, әлемнің үздік сахналарында өнер көрсетсем деген арман көкірегінде сайрап  тұр. Ол өз-өзін аямады. Қалғып-мүлгіп жүрмеді. Қаланы аралап, достарымен қыдырмады. Таңнан кешке дейін цирк залынан шықпайтын. 4-курста жасайтын қимылдарды ол 1-курста-ақ жасап, ұстаздарын таңғалдырды. 2-курста оның талабы мен талантын байқаған оқу орнының басшылығы өзге әртістермен бірге Италияға гастрольдік сапармен жібереді.

– Әлемнің үздік сахналарында өнер көрсетсем деген арманым тез орындала салады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Бұл сапар менің деңгейімді өсірді. Италияда 6 ай болып, бірнеше қаласында өнерімізді көрсетіп, ыстық қошаметке бөлендік. Олардың әртістерінен білмегенімізді үйрендік. Жарты жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Олар бізбен 5 жылға келісімшарт жасап, бірге жұмыс істеуді ұсынды. Бірақ бізді «АҚШ-қа сапар күтіп тұр» деп елге қайтарды. Дәл сол кезде АҚШ-та болған лаңкестік шабуылдан біздің сапар кейінге шегерілді. Осылайша іссапарымыз жалғасын таппай қалды, – дейді ол.

Бауыржан қызыл дипломды қолына алған соң, Алматыдағы циркте қызмет етеді. Кейін Алатау бөктеріне бірге білім қуып барған өзі секілді бәйдібектік талантты жігіттермен бірге ауылға оралады. Аудан орталығы Шаян ауылындағы мәдениет үйіне жұмысқа кіреді.

Ұстаз аманатын арқалап, ауылға қайтқан Бауыржан

Өзімен-өзі бұйығы тіршілік кешіп жатқан ауыл өміріне бұлар сән кіргізді. Жастық жалын мен жігер кемерінен тасып тұрған. Үй бетін көрмей, Бәйдібек ауданына қарасты 52 елді-мекенді өнер көрсетіп, аралап шықты. Сананы сілкіді.

– Жаспыз ғой, шаршау дегенді білмейміз. Автобусқа заттарымызды тиеп алып, ауыл-ауылды араладық. 2006 жылы ұстазым Жандарбек Шекербековтен Шымкенттегі Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда бірге жұмыс істеу туралы ұсыныс түсті. Бас тарта алмадым. Ұстазымның арманы жан-жақта өнер көрсетіп жүрген шәкірттерін жинап, басын қосып, жеке театр ашу болатын. Бірақ арманына жете алмады. Көп өтпей өмірден озды, – дейді сағынышпен ұстазын еске алған ол.   

Бауыржан 2008 жылы Арқа төсіне жол тартып, Астана циркіне жұмысқа орналасады. Әуе гимнасты болып, қызыл жалыннан қаймықпай өнер көрсетеді. Айлап іссапарға аттанып, Түркия мен Францияның тұрғындарын таңғалдырады. Өзін жан-жақты шыңдайды. Ал 2012 жылы Шымкентте «Оңтүстік Цирк» мекемесі ашылғанда алғашқылардың бірі болып туған топыраққа оралады. Бар ойы, мақсаты енді тұсауын кескен цирктің тасын өрге сүйреу, дамыту еді.

– Цирк өнері – қиын өнер. Табандылықты, қажырлықты, үздіксіз дайындықты талап етеді. Бір трюкті шығару үшін жылдап тер төгесің. Тақтайдың бір шетінде төрт адам бір-біріміздің иығымызға мінгесіп, ал екінші жақтағы шетін басқанда айналып, орын алмасатын трюк көрсететінбіз. Мен ортаңғы жақта тұрдым. Бар салмақ саған түседі. Сол әсер еткен болуы керек, омыртқа жарығы пайда болды. Елемей, ауырғанды басатын ине салғызып, жаттығуды ары қарай жалғастыра беретінмін. Бір күні дәрігер тез арада ота жасамаса болмайтынын айтты. Келіспеске амалым қалмады. Осылайша, циркпен қоштасуға тура келді, – дейді Бауыржан.

Үмітін үкілеген өнерпаз шәкірттер

Ол өзі туып-өскен Шақпақ ауылына оралды. Аудан әкімдігіне айтып жүріп, бала кезінде жаттығу жасаған, өнер көрсеткен «Цирк залын» қайта жөндеуден өткізеді. Икемі мен ебі бар балаларды айналасына жинайды. Осылайша, ұстазы бастап кеткен «Балаусаның» жұмысын қайта тірілтеді. 7- сыныптың оқушысы Айтбек Зиятбектің «Цирк залына» келгеніне 4 жыл болыпты.

– 3-сыныпта оқып жүргенде ағайымыз мектеп сахнасында өнер көрсетті. Қатты қызықтым. Сосын ағайға барып, «мені де қасыңызға алып, дайындаңызшы, айтқаныңызды екі етпей жасаймын» дедім. Ағай цирк өнеріне қызығатын балаларды шақырды. Басында көп болдық. Кейін қиындығына шыдамай, бірте-бірте азая бердік. Қазір 10 шақты бала жаттығамыз. 9-сыныптан кейін Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне оқуға тапсырғым келеді, – дейді Айтбек.

Сабақтан кейін олар тамақтарын апыл-ғұпыл ішіп, киімдерін ауыстырып, «Цирк залына» қарай асығады. Аптаның бес күнінде, яғни, дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 15.00-ден 18.00-ге дейін жаттығады.

– Талай рет жарақат алдық. Қолым шығып кеткен кездер де болды. Бірақ мен бұл өнерден алшақ кеткім келмейді. Ағам Арман да цирк әртісі. Ол Шымкенттегі «Оңтүстік Цирк» мекемесінде қызмет етеді. Ал менің бұл үйірмеге қатысып жүргеніме үш жыл болды. Биыл мектеп бітіремін. Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясына құжат тапсырмақ ойым бар, – дейді жас өнерпаз Мағжан Кәміләлі.

Олар Шымкентте жас цирк өнерпаздары арасында өткен облыстық байқауда екі рет бас жүлдені иеленді. Былтыр Ақтау қаласында өткен республикалық сайыста да топ жарып, бірінші орынды жеңіп алды. Бауыржан Бекберген талантты оқушылардың талабын қайтарып, үміт отын өшіріп алғысы келмейді. Әйтпесе денсаулығы жақсарғалы Астана, Шымкенттің цирктері қоярда-қоймай жұмысқа шақырып отыр.

– Әрине, үлкен қалаға, қайнаған өнер ордасына барғым-ақ келеді. Бірақ мен кетсем, бұл балаларды ары қарай кім тәрбиелейді? Кім бағыт-бағдар көрсетеді. Тауы шағылады ғой. Сондықтан өзімнің орныма ісімді ары қарай жалғастыратын шәкірт тәрбиелеп кеткенше, ауылдан кетпеймін. Балаларды қимаймын. Олардың сахналық киімін, жол-пұлына қаржыны өз қалтамнан шығарамын. Аудан, ауыл әкімдігі залды жөндеп, тегін бергені болмаса еш қолдау көрсеткен емес. Өзім де алақан жайып, әркімнен бір көмек сұрағым келмейді. Жалақым 60 мың теңге. Жырымдап, жеткізуге тырысамын. Биыл Ерболат Мырзабеков деген ауылдың кәсіпкер азаматы «Хундай Старекс» микроавтобусының кілтін табыс етті. Қуанышымызда шек жоқ. Шымкентке байқауға немесе өзге елдерден келген цирк ұжымының өнерін көруге балаларды апарайын десем, көлік іздеп кететінмін. Енді өз көлігіміз бар. Ерболат ағаға Алла разы болсын, – дейді Бауыржан.

Аймақты таңғалдырған 4 жасар әртіс

«Балаусаның» ең кішкентай әртісінің жасы бар-жоғы 4 жаста. Ерасыл – туа біткен талант. Жоғарыда сөз еткен, Бауыржанға цирк өнерін ең алғаш үйреткен ағасы Нұржанның ұлы. Бірақ үнемі Бауыржанның қасында жүргендіктен оны «Папа» деп атап кетіпті. Ал цирк өнеріне деген қызығушылығы бір жастан асқанда-ақ белгілі болды, – дейді.

– Аяғын апыл-тапыл басқаннан кейін-ақ, бір қимылдарды жасап жүретін. Басында «бұл не істеп жүр?» деп елей қоймадық. Бір күні мән беріп қарасам, компьютерден менің видеоларымды қарап, соны қайталауға тырысады екен. Сосын жаттықтыра бастадым. Үш жасында үлкен сахнаға алып шықтым. Бір күні «Оңтүстік цирк» мекемесінде өнер көрсететін болдық. Мұны ата-анасы ауылдан алып келу керек. Ауыл мен Шымкенттің арасы 2-2,5 сағат. Кешігіп жатыр. Біз бірінші болып өнер көрсететін едік. Телефон шалып, «жолда дайындап, киім кигізе беріңдер. Бізді хабарласа сахнаға шыға береміз. Үлгеріп жатсаңдар Ерасыл ортасынан қосылып кетер» деп айттым. Дайындаған бағдарламамыз бітуге таяу. Өнер көрсетіп жатып, жан-жағыма көз салып қоямын. Көрінбейді. Бір кезде күндей жарқырап, есіктен жүгіріп кіріп келді. Қолымызды бұлғап шақырдық. Байсалды. Қалың көрерменнен саспайды. Биіктен қорықпайды. Өз рөлін жоғары деңгейде алып шықты. Содан бері құлдыраңдап қасымда еріп жүр, – дейді Бауыржан.

Шынында да Ерасыл өзге балалар секілді еркелемейді. Сұрақ қойсаң анық әрі нақты жауап береді. Сайқымазақ болып, тәтті қылығымен елді ду күлдіреді. Екі адамның иығына көтеріліп, биіктен қолын бұлғағанда біз демімізді ішке тарттық. Сосын «тіл-көзіміз тасқа» дедік.

Қас қарайды. Сөмкелерін асынған жас өнерпаздар үйлеріне қайтып барады. Көшеде жолай кездескен ауыл адамдары мен мектеп оқушылары оларға сүйсіне, қызыға, мақтанышпен қарап тұрғандай көрінді. Олардың өнеріне әлі әлем куә болады...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға