Әуежай қызметкерін кепілге алу: Алматыда сот отырысы басталды

Бүгін, 7 сәуір күні, Алматыда әуежай қызметкерін кепілге алған ер адамға қатысты отырысы басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында 67 жастағы алматылық Машрапбек Баратовқа қатысты сот процесі басталды. Естеріңізде болса, күдікті 7 наурыз күні Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алып, пышақпен қорқытқан еді. Бұдан бөлек ол рюкзагында бомба барын айтқан.
Сотталушы тағылған айыппен келісіп, кінәсін толық мойындады.
Бұл жайтқа байланысты үш қылмыстық іс қозғалды.
Кепілге алу (ҚР ҚК-нің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы) - мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы.
Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі) - 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы.
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (ҚР ҚК-нің 273-бабы) - 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы.
