Жаңалықтар

Әуе рейсі кешіксе қалай өтемақы алуға болады?

Әуе рейсі кешіксе қалай өтемақы алуға болады?
Фото: pixabay.com 07.04.2025 17:52 142

Рейсі кешіктірілген немесе мүлдем ұшпай қалған жолаушылар суық сусындар мен екі рет телефон қоңырауын шалуға ғана құқылы, деген сөздер жиі айтылады. Бірақ бұл – жаңсақ пікір. Әуе компаниялары рейс кешіккенде, ауыстырғанда немесе ұшпай қалған жағдайда жолаушыларды заңға сәйкес құқықтармен таныстырмайды. Десе де әуежайда қалып қойған жолаушылардың ақшалай өтемақы алу құқығы бар екенін ескерген жөн. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі тақырыпқа қатысты көпшілік біле бермейтін ережелерді зерттеп көрді.

Қазақстан заңнамасы рейс статусының өзгеру себептеріне ерекше назар аударады. Яғни, жолаушы әуе компаниясының салғырттығынан немесе ұшақтың кешігуіне байланысты әуежайда қалып қойса, ол әуе компаниясынан өтемақы талап етуге құқылы. Бірақ рейс статусының өзгеруі ауа райының қолайсыздығына байланысты болса, заң өтемақы беруді қамтамасыз етпейді. Сонда да бұл әуе компаниясының клиентке бағытталған қызмет көрсету сапасына қатысты ескеріледі.

Рейс статусының өзгеруі әуе компаниясының кінәсынан болған жағдайда (ұшақтың техникалық ақаулары, кеш келуі және т.б.) жолаушылар келесі көмекті талап етуге құқылы: екі рет тегін телефон қоңырауын шалу, суық сусындар, тамақтандыру, қажет болған жағдайда – қонақ үйге орналастыру және көлікпен тасымалдау. 

Ұшақ мүлдем ұшпай немесе кешіккен жағдайда жолаушының құқықтары «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңының 86-бабында белгіленген. 

Тасымалдаушының міндеті:

- жеті жасқа дейінгі балалары бар жолаушыларға ана мен баланың бөлмесін ұсыну;

- рейстің ұшуын екі сағаттан артық күткен жағдайда әрқайсысының ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі рет телефон қоңырау шалуды ұйымдастыру (оның ішінде халықаралық байланыс бойынша) немесе электрондық пошта арқылы екі хабарлама жолдау;

- рейстің ұшуы төрт сағаттан артық күтілген жағдайда ыстық тамақпен қамтамасыз ету, әрі қарай: күндізгі уақытта әр алты сағат сайын, түнгі уақытта әр сегіз сағат сайын; 

- рейстің ұшуы сегіз сағаттан артық күтілген жағдайда қонақ үйге орналастыру – күндізгі уақытта, ал алты сағаттан артық күтілген жағдайда – түнгі уақытта;

- қонақ үйде тегін тұратын жағдайда әуежай мен қонақ үй арасындағы трансферді ұйымдастыруға.

Рейс кешіктірілген жағдайда қаржылық өтемақы құқығы бар ма?

Егер рейс бірнеше сағатқа кешіксе, жолаушы уақыт жоғалтқаны үшін өтемақы талап етуге құқылы. 

Заң бойынша жолаушыны межелі жерге жеткізудегі кешігудің әрбір сағаты үшін әуе компаниясы тарифтің 3%-ы мөлшерінде айыппұл төлейді. Сонымен қатар жолаушының кешігу салдарынан болған шығындарын өтеуге міндетті. 

Айыппұлдың сомасына шектеу бар. Ол тарифтің жалпы құнынан аспауы тиіс. 

Рейс кешігуіне байланысты айыппұлды төлеу үшін, әдетте, жолаушы әуе компаниясына жазбаша өтінішпен онлайн түрде жүгінуі керек (қажетті құжаттарды қоса отырып) немесе билет сату пункттеріне барғаны дұрыс. 

Алайда, рейстің кешігуі төтенше жағдайлармен байланысты болса, қаржылық өтемақы төленбейді. 

Рейс кешіккен жағдайда ақша қайтарылады ма?

Егер рейс бес сағаттан артық кешіксе, әуе компаниясы билеттің толық құнын қайтаруға міндетті. Немесе жолаушының таңдауымен, жақын арадағы рейс бойынша тасымалдауды қамтамасыз етуі тиіс.

Рейс төтенше жағдайлар салдарынан ұшпай қалса?

Рейс статусының өзгеруі төтенше жағдайлар салдарына байланысты болса, жолаушылар қаржылық өтемақы талап ете алмайды.  Сонда да барлығы әуе компаниясының саясатына байланысты десек болады.

Қосымша өтемақы талап етуге бола ма?

Қосымша өтемақы талап ету құқығы болғанымен, бұл мәселе сотта шешілуі мүмкін. 

Заңмен негізделген шағымдар Қазақстан Республикасының «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңының 86-1 бабымен реттеледі: 

- тасымалдаушының талап-тілегін толық немесе ішінара орындамауы немесе тасымалдаушыдан жауап алмай қалуы жағдайында жолаушы тасымалдаушыға шағым білдіре алады; 

- шағымға жауап болмаған жағдайда 15 жұмыс күні ішінде шағым білдіруге болады; 

- тасымалдау келісімшарты бойынша талап қою мерзімі – 2 жыл; 

- талап қою мерзімі оқиға болған күннен бастап келесі күннен есептеледі. 

Жолаушыларды ұшу уақытындағы өзгерістер туралы хабардар ету

Егер рейс кешіктірілсе, ұшпай қалса немесе ауыстырылса, әуе компаниясы жолаушыларды билет сатып алу кезінде көрсетілген ұялы телефон нөмірі мен электронды пошта арқылы хабардар етуге міндетті.

Әуе компаниясы келесі ақпаратты беруі тиіс: 

- рейс күйінің өзгеру себептері мен жаңа ұшу уақыты және жаңа бағыт туралы; 

- рейс күйінің өзгеруіне байланысты әуе компаниясының ұсынатын қызметтерінің тізімі. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға