Әуе билетін қалай арзан бағаға алуға болады?

Кез келген саяхатшы үшін әуе билетін арзан бағаға алу өте маңызды. Алайда билеттердің бағасы көбіне әртүрлі факторларға байланысты өзгеріп отырады және оны тиімді бағамен алу үшін кейбір арнайы әдістерді білу қажет. Бүгін әуе билетін арзан бағаға алудың тиімді тәсілдері туралы сөз қозғаймыз.
Әуе компаниялардың акцияларын қадағалап отырыңыз
Әуе компаниялар көбіне арнайы акциялар ұйымдастырып, белгілі бір бағыттарға жеңілдіктер ұсынады. Мысалы: FlyArystan, Air Astana, SCAT сияқты компаниялар жыл сайын бірнеше рет үлкен жеңілдіктер жариялайды. Бұл акциялар кезінде билеттер 30-50%-ға дейін арзандауы мүмкін.
FlyArystan төмен бағалы тасымалдаушы ретінде белгілі. Белгілі бір уақыттарда олардың акциясы кезінде ішкі және халықаралық бағыттар бойынша билет бағалары 60-70%-ға дейін төмендеуі мүмкін.
SCAT әуе компаниясы да жыл сайын маусымдық жеңілдіктерді ұсынады. Жазғы және қысқы демалыс маусымдары жақындағанда компания бірнеше бағытқа арзан бағалы билеттерді сатылымға шығарады.
Pegasus әуе компаниясы – Қазақстаннан халықаралық рейстерге, әсіресе Еуропа бағыттарына төмен бағамен билеттерді жиі ұсынады.
Акцияларды қадағалау үшін авиакомпаниялардың ресми сайттарына жазылып, хабарландырулар жүйесін қосып қоюға болады. Сондай-ақ, Telegram-арналар мен email арқылы хабарландыруға жазылып, жаңалықтардан дер кезінде хабардар бола аласыз.
Арнайы іздеу жүйелерін қолданыңыз
Түрлі авиакомпаниялардың ұсыныстарын салыстырып, ең тиімді билеттерді табу үшін келесі іздеу жүйелерін қолдануға болады: Aviata.kz, Aviasales.kz, Skyscanner, Google Flights.
Бұл сайттар акциялар мен жеңілдіктер туралы ақпаратты тез жеткізеді және бағаларды салыстыруды оңайлатады.
Интернет арқылы билет іздегенде браузердің инкогнито режимін пайдаланған жөн. Кейде билет бағалары бірнеше рет іздеуден кейін қымбаттай түседі, себебі бұл іздеу тарихыңызға байланысты. Инкогнито режим бұл мәселенің алдын алады.
Алдын ала бронь жасаңыз
Авиабилеттерді ертерек сатып алу – әрдайым арзанға түседі. Ең тиімді кезең – ұшудан 2-3 ай бұрын.
Әсіресе халықаралық бағыттарда ұшатын болсаңыз, билеттерді алдын ала брондау маңызды.
Ұшатын күндерге де баға өзгеруі мүмкін. Сейсенбі және сәрсенбі күндері ұшатын билеттер, әдетте, арзанырақ болады.
Ал демалыс немесе мереке күндері билеттер қымбаттайды.
Ұшу күндерін икемді түрде жоспарлау арқылы арзан билеттерді табуға мүмкіндік туады.
Ұшу уақытын өзгертіңіз
Ақша үнемдегіңіз келсе, ұшатын күніңізді өзгертіп көріңіз. Жоспарлаған бір күнмен шектелмей, бірнеше күннің билеттерін қарап шығыңыз. Ұшу күнін бір-екі күнге шегеру немесе алға жылжыту арқылы қаржыңызды айтарлықтай үнемдей аласыз.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, кейде апта басындағы күндерде (дүйсенбі, сейсенбі) билеттер арзанырақ болады. Ал мереке қарсаңында немесе мейрам кезінде билет іздесеңіз, дәл сол күндер емес, мерекеден бұрын немесе кейінгі күндерді таңдаңыз. Мысалы, Наурыз мейрамында бес күн демалыс болса, сол уақыттың алдындағы немесе кейінгі күндерге билет іздеу тиімдірек болуы мүмкін.
Skyscanner сайтында «бір айға қарау» функциясы бар. Ұшатын және қонатын қалаларды енгізіп, уақыт бөліміне «ай бойы» дегенді таңдасаңыз, бүкіл айдағы билет бағаларын бірден көре аласыз.
Aviasales сайтында да ұқсас мүмкіндік бар: ұшу күнін енгізе бастағанда, сол айдағы бағалар автоматты түрде көрсетіледі. Осылайша, әр күнді жеке қарап жатпай-ақ, ең тиімді күнді таңдап, арзан билет сатып алуға болады.
Маусымға байланысты билет бағасының өзгеретінін ескеріңіз
Әуе билеттерінің бағасы маусымға, мерекелерге және бағыттың танымалдығына қарай өзгеріп отырады. Жаз мезгілінде, мереке күндері мен туристік маусымдарда сұраныс көбейетіндіктен, билеттердің бағасы күрт қымбаттайды. Бұл кезде билеттер қымбаттап қоймай, бос орын табу да қиындай түседі. Ал маусымнан тыс уақытта – мысалы, күздің соңы немесе қыстың басында – бағалар әдетте төмен болады.
Саяхатқа тиімді бағада билет алу үшін жоспарлау уақыты маңызды. Мамандардың кеңесі бойынша:
Көктемде ұшуды жоспарласаңыз, билет сатып алуды 2-4 апта бұрын қарастырған тиімді.
Жазда, яғни туристік маусымда шетелге сапар шеккіңіз келсе, билетіңізді 2-4 апта бұрын алып қойған жөн.
Күзде сапар шегетін болсаңыз, билетті 1-5 апта бұрын қараған дұрыс.
Қыста, әсіресе Жаңа жыл немесе басқа да мерекелерге дейін, 2-4 ай бұрын билет алу тиімдірек. Бұл кезеңде ерте брондау арқылы жақсы жеңілдіктерге ие болуға болады.
Билетті ерте сатып алу – ақша үнемдеудің ең тиімді жолдарының бірі. Сонымен қатар, маусымдық өзгерістер мен мерекелік кезеңдерді ескеріп отырсаңыз, сапарыңызды қолайлы бағамен ұйымдастыру әлдеқайда оңай болады.
Саяхатқа көршілес қаладан ұшыңыз
Саяхатқа шыққанда билет құнын барынша үнемдеу үшін тек өз қалаңыздан емес, көршілес қалалардан ұшу нұсқаларын да қарастырып көріңіз. Көп жағдайда, басқа қалалардан ұшақпен ұшу әлдеқайда арзанға түсуі мүмкін. Мысалы, Түркияға Алматы немесе Астанадан ұшқаннан гөрі Түркістаннан ұшу арзанырақ болуы ықтимал. Сол сияқты, Мажарстанға немесе Әзербайжанға Ақтаудан ұшу тиімдірек болуы мүмкін.
Мұндай жағдайда, сол көршілес қалаға пойызбен, автобуспен немесе жеңіл көлікпен жетіп алып, ары қарай ұшу сізге қомақты қаражат үнемдеуге көмектеседі. Кейде бұл тәсіл уақытты сәл көбірек талап етуі мүмкін, бірақ үнемделген қаржыны саяхат барысында өзге қажеттіліктерге жұмсауға болады.
Сонымен қатар, кейбір қалаларда әуе компанияларының бәсекесі жоғары болғандықтан, сол жерлерден халықаралық рейстердің бағасы төмен болуы мүмкін. Сондықтан, сапарды жоспарлау кезінде әртүрлі қалалардағы рейстер мен бағаларды салыстырып, ең тиімдісін таңдаған жөн.
Бірден барып-қайту билетін алыңыз
Саяхатқа шыққанда бірден барып-қайту билетін сатып алғаныңыз өте тиімді болады. Әдетте, екі бағытты билет біржолғы билеттерге қарағанда әлдеқайда арзан болады. Әуе компаниялары екі бағытты билеттерді бірге сатқанда орындарды көп сатуға мүмкіндік алады, сол себепті олар бағасын төмендетеді.
Бір бағытқа ғана билет сатып алғанда, әдетте қосымша шығындар болуы мүмкін, ал екі жақты билет алған жағдайда, сіз екі билеттің құнын бірден білуіңіз мүмкін, бұл бюджетті жоспарлауды жеңілдетеді. Сонымен қатар, бірден қайту рейсін де таңдағаныңыз дұрыс, себебі бұл уақытты үнемдейді және қайтатын рейс үшін баға да төмен болуы мүмкін.
Егер сіз белгілі бір күнде қайтуды жоспарлап қойсаңыз, алдымен барып-қайту билетін сатып алыңыз, себебі тек бару немесе қайту билеттері әлдеқайда қымбат болуы мүмкін. Сонымен қатар, сіз қайту билетін өзіңізге ыңғайлы уақытта таңдағандықтан, саяхатыңыздың ыңғайлылығын да қамтамасыз етесіз.
Қысқаша кеңестер:
- Қайту рейсін алдын ала таңдаңыз, бұл сізге ақша және уақытты үнемдеуге көмектеседі.
- Әдетте, екі бағытты билеттерді ертерек сатып алған дұрыс, себебі бағалар уақыт өткен сайын қымбаттауы мүмкін.
- Қайту рейсін бірден таңдаған кезде, сіз саяхатыңызды толығымен жоспарлап, өзіңізді қауіпсіз әрі ыңғайлы сезінесіз.
Осылайша саяхат үшін тиімді және арзан билеттерді таңдай отырып, демалудың барынша қызықты әрі жеңіл болуына мүмкіндік жасай аласыз.
