Жаңалықтар

Аударыспақта адам да, ат та мықты болуы керек – Сырым Ізбасаров

Аударыспақта адам да, ат та мықты болуы керек – Сырым Ізбасаров
Фото: Жеке мұрағаттан 05.08.2024 14:39 980

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бір айдан астам уақыт қалды. Байрақты бәсекеде 21 спорт түрінен медальдар сарапқа салынады. Оның басым бөлігі ат үстіндегі сайыс екені белгілі. Спортшылар да дүбірлі додаға дайындықтарын пысықтап, кезең-кезеңімен жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Осы орайда, халқымыздан тарихында ойып тұрып орын алар спорттардың бірі – аударыспақ екені жасырын емес. Ептілік пен күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін спорт түрінің бүгінгі аяқ алысы қалай? Аттың құлағында ойнайтын жігіттер алда келе жатқан сайысқа қаншалықты дайын? Әлем чемпионы, 3 дүркін Азия және 13 дүркін ел чемпионы, аударыспақ спортшысы Сырым Ізбасаровпен сұхбаттасып көрдік.

El.kz: Сырым мырза, алдымызда ұлттық спорттың туын жықпай жүрген спортшылардың олимпиадасы болып есептелетін «Көшпенділер ойыны» келе жатыр. Дайындық жұмыстары қалай өтуде?  

Сырым Ізбасаров: Шынымен де, ұлттық спортшылар үшін «көшпенділер ойыны» олимпиада есебінде саналады. Екі жыл сайын өтетін сайыста әр мемлекеттің абыройын қорғап келген спортшы жеңіске ұмтылатыны анық. Қазіргі таңда, біз де V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өте жоғары деңгейде өтіп жатыр десем артық айтқаным емес. Кезең-кезеңімен, рет-ретімен оқу-жаттығу жиындары жалғасуда. Қазір Алматы қаласындамыз. Осы жақта дайындықты пысықтап жатырмыз.

El.kz: Сарапшылардың айтуынша, еліміздің көшпенділер ойындарының қортындысы бойынша командалық есепте жүлделі орындарды иеленуге толық әлеуеті жетеді. Ал, сіздің ойыңызша қалай? Дүбірлі додадан не күтесіз? Алдағы жарысқа қандай жоспар бар?

Сырым Ізбасаров: Ашығын айтсам, жарысқа қатысушы тарап жеңілем деп келмейді. Барлығы да жеңіске үмітті. Көшпенділер ойыны секілді үлкен додада бақ та, бап та шабатын сәттер болады. Ұлттық құрамаға келетін болсақ, қандай спорт түрінен болмасын айтып өткенімдей дайындық жұмыстары қызу, өте қарқынды түрде өтіп жатыр. Бапкеріміздің берген нұсқауын, тапсырмасын орындауға сақадай сай дайынбыз. Қазір біздің ұлттық құраманың бас бапкері - Жанбатыр Бекмусаев ағамыз. Жаттықтырушымыз бен халқымыздың артқан сенімін ақтауға барымызды салып, аянбай еңбек етемін және алдағы ойындарда жүлделі орындардан көрініп, еліміздің көк туын желбірету үшін қолдан келгенін істеймін. Осы орайда, жеке пікіріммен бөлісіп кетсем, аударыспақ спортынан командалық сайыста алтын медальді иеленіміз деген үлкен сенім мен ниет бар.

El.kz:  Аударыспақтан алты салмақ дәрежесі бойынша ел намысын 6 спортшы қорғайды. Сіз бұл сайыста ауыр салмақ дәрежесінде өнер көрсетесіз. Осы орайда, сіздің салмақта лайықты қарсылас бола алатын өзге мемлекет спортшыларын атап өте аласыз ба? Алтынға апаратын жолда қандай спортшыдан абайлау қажет?

Сырым Ізбасаров: Иә, аударыспақ спортынан 60 келі, 70 келі, 80 келі, 100 келі және 100 келіден жоғары салмақ дәрежелерінен сынға түсеміз. Өзім айтып өткендей, алтын алуға аянбай бар күш-жігерді саламын. Бірақ, осы орайда қарсыластардың да осал емес екенін еске саламын. Атын атап, түсін түстегім келмейді. Алайда, көршілес, ағайын қырғыз, өзбек елдерінің спортшыларының деңгейі жоғары. Олар – лайықты қарсыластар. Жалпы, бұл сұрақтың жауабын алда келе жатқан үлкен жарыс береді.

El.kz: Осы бір тұста, әлемдегі аударыспақ спортымен еліміздегі ұлттық спорттың деңгейі туралы айтып бересіз бе?

Сырым Ізбасаров: Қазақта «арық айтып, семіз шық» деген жақсы сөз бар ғой. Аударыспақ спортының деңгейі жаман емес. Жылдан жылға дамып, көркейіп, кеңейіп келе жатқанын байқап жүрміз. Бұған дәлел, біздің спортшыларымыз. Қандай сайыста сынға түссе де, алғашқы орындардан көрініп жүр. Бұдан да биік белестерді бағындырып, ұлттық спортымыз бұдан да қарқындырақ дамыса, біз тек, қуанамыз!

El.kz: Түркістан облысының тумасысыз. Жалпы, еліміздің оңтүстігінде ұлттық спорттың даму қарқыны жақсы екенін білеміз. Жалпы, еліміздегі аударыспаққа деген қызығушылық қандай?

Сырым Ізбасаров: Осы орайда ашығын айту қажет. Жалпы, еліміздің оңтүстігінде ұлттық спорт жақсы деңгейде дамыған және әлі де даму үстінде. Атап айтсақ, Түркістан облысында көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату секілді төл спортымыздың даму қарқыны көңілден шығады. Аударыспақ туралы тілге тиек етсек, қызығушылық танытатын жастар жоқ емес. Қазіргі таңда, ұлттық спортты таңдайтын жастардың көбейгені қуантады. Соның ішінде, аударыспақшылар тек, еліміздің оңтүстік бөлігінде емес, Қазақстанның барлық бөлігінде бар. Өзге облыстарда дарынды, талантты жас аударыспақшылар көп.

El.kz: Жалпы, халық жаппай ұлттық спортпен айналысуы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

Сырым Ізбасаров: Алдымен, ұлттық спорт бұл біздің қанымызда бар екенін ұмытпау қажет. Әр қазақ төл спортпен айналысуға бел буса, оған көп уақыт жұмсайды деп ойламаймын. Яғни, бізде икем бар. Енді, халық жаппай айналысу үшін жарнама керек шығар. Алайда, бір нәрсені ұмытпаған жөн. Ұлттық спортпен соның ішінде мысалы аударыспақпен айналысу үшін жылқы керек. Қазақстандағы әр шаңырақта жылқы мал жоқ қой. Сондықтан, бұны басқа да спорттар секілді бұқаралық дәрежесіне өткізу үшін ауқымды жұмыстар атқарылуы қажет.

El.kz: Осы орайда, сіз қазіргі таңда, Түркістан облысы ұлттық мектебіңде аударыспақ бөліміңде жаттықтырушы қызметін атқарасыз. Ұлттық спортпен айналысуға келетін жастар көп пе?

Сырым Ізбасаров: Қазіргі таңда, Түркістан облысы ұлттық мектебіңде аударыспақ бөліміңде жаттықтырушы қызметін атқарамын. Қызығушылық танытатын жастар көп. Оны байқап та жүрміз. Командалық және жеке спортшылармен де жұмыс істейміз. Бар білгенімізді үйретуге тырысамыз. Олардан үлкен үміт күтемін.

El.kz: Қазақта, «ұстаздан шәкірт озар» деген керемет сөз бар. Бапкер ретінде болашағынан үлкен үміт күтетін шәкірттеріңіз бар ма? Мысалы, менің бұл шәкіртім әлемді бағындырады деп сеніммен айта алатын.

Сырым Ізбасаров: Толықтай сізбен келісемін. «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» - дейді ғой. Шәкірттерімнің арасында «сен тұр, мен айтайын!» дейтін жігіттер аз емес. Атап айтсам, Ермек Құралбай бар. Әлемнің, Азияның және Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы. Есімхан Рахматіллә – Азия және Қазақстан чемпионы. Ғабит Ағабек – Азия чемпионы. Алтынбек Жарасты да бұл тізімге қосамын. Болашағынан үлкен үміт күтетін шәкірттерімнің бірі. Оған қоса, менімен бірге иық тіресіп, алда келе жатқан V көшпенділер ойынына қатысатын Ермек пен Есімхан есімді шәкірттерім бар. Бұл тізімді жалғай берсем, мықты жастар өте көп.

El.kz: Аударыспақ спортында жүргеніңізге биыл 15 жылдан асты. Бұл спорт түріне қызығушылық қалай пайда болды? Не үшін аударыспақты таңдадыңыз? Не түрткі болды?

Сырым Ізбасаров: Негізі көп дүниеге көз жүгіртіп қарай бермейміз ғой. Сіздің сұрағыңыздан кейін ойланып қарасам, шынымен де бір жігіттің жасындай, аз да, көп те емес аударыспақ спортында жүргеніме 16 жыл уақыт өтіпті. Кішкентайымыздан жылқыға мінгенді ұнатамыз ғой. Ұлттық спортқа қызығушылықтың арғы жағы сол қанда бар жылқыны жақсы көретін қасиеттен басталды. Солай алғаш 2008 жылы қазіргі Түркістан облысы ұлттық спорт мектебіне барғанмын. Ол кезде, жастар арасында оқу-жаттығу жиыны өтіп жатқан болатын. Сөйтіп, бапкерлерімнің көзіне түсіп, сол жылы бірінші рет Көкшетау қаласында өткен ҚР чемпионатына барып, екінші орын иеленгенбіз. Аударыспақ спорты көңілімнен шықты. Ұлттық спортшы болған ұнады. Осы орайда, осы сұхбатты пайдаланып, бар білгенімен бөлісіп, маған бұл спорттың қыр-сырларын үйреткен Жанбатыр Бекмұсаев пен Ақылбай Манкеевке үлкен алғысымды білдіргім келеді. Міне, бүгін біз сол ағалар салған сара жолмен жүріп келе жатырмыз.

El.kz: Осы орайда айтып өту қажет, ұлттық құрамамыздағы мықты спортшылардың бірісіз. Оған дәлел, әлем чемпионы атағы бар. 3 дүркін Азия және 13 дүркін Қазақстан чемпионысыз. Бұған қоса, халықаралық дәрежедегі спорт шеберісіз. Бұндай үлкен жетістіктерге жету үшін спортшының бойында қандай қасиет болуы қажет? Жетістікке жетудің кілті неде?

Сырым Ізбасаров: Қандай салада болмасын жетістікке жетудің бір ғана жолы бар деп есептеймін. Ол – табандылық пен аянбай еңбек ету. Егер адамның бойында осы екі қасиет болса, биік белестерді бағындыра алады. Ал маған келетін болсақ, әрине мен де көп еңбектендім. Тер төктім. Шыдамды болуға барымды салдым. Темірдей тәртіпке бағынуға тырыстым. Бірақ, осы бір тұста айта кету қажет қолдау да маңызды рөлді атқарады. Егер, артымда атойлап қолдап тұрған халқым болмаса, ұлттық спортқа жанашырлық танытып, шашбауын көтеріп жүрген ел ағалары мен азаматтар болмаса, мүмкін, мен де мұндай жетістіктерге жетпес пе едім? Бір ауыз жылы сөз болса да, қолдау да өте маңызды. Ал, жалпы жетістікке жетудің кілті - табандылық пен аянбай еңбек ету.

El.kz: Аударыспақта спортшының мықтылығынан бөлек, аттың да жүйрік әрі күшті болуы нәтижеге әсер етеді дейді. Жалпы, аударыспақта аттың жылдамдығы ойынның өрнегін өзгертуі мүмкін бе? Аттарды да арнайы дайындайсыздар ма?

Сырым Ізбасаров: «Ер қанаты – ат» деп аталарымыз бекер айтпаса керек. Аударыспақта жеңіске жетуде спортшының шеберлігінен бөлек, жылқының да жақсы болуы өте маңызды. Адам мен аттың арасында өзара түсіністік жоғары болуы шарт. Ал, бұны арттыру үшін таңдалған жылқымен көп жұмыс істеу қажет. Оған қоса, аударыспаққа арналған ат белді, сабырлы болғаны дұрыс. Жалпы, аударыспақ спортына кез келген жылқы таңдалып алынбайды. Ұзақ жаттығудан өткен жылқылар ғана іріктелінеді. Ең қиыны – аударыспаққа тура келетін атты іздеп табу.

El.kz: Жеке өміріңізге де бір сәт тоқталып кетейік. Қазіргі таңда кереметтей 3 қызыңыз бен бір ұлыңыз бар. Жалпы, балаларыңыз сіздің жолыңызды қуып, ұлттық спорттың туын жықпайтын спортшы боламын десе, бұған көзқарасыңыз қалай?

Сырым Ізбасаров: Менің отбасымның әр мүшесі таңдау құқығына ие. Қандай саланы, қандай мамандықты таңдап, жол табамын десе қарсылық білдірмеймін. Саналы түрде ұлттық спортымыздың туын биік әрі нық ұстайтын тұлға боламын десе де, қарсы емеспін. Қазір, үлкен балам – Жеңіс бар. Одан кейін, құдай берген Балнұр, Балауса және Балжан есімді тәтті үш қызым бар. Оларды қашанда қолдауға дайынмын!

El.kz: Спортшы мансабыңыз аяқталғаннан кейін, немен айналысу жоспарда бар? Бұл спортпен қашанға дейін айналысасыз? Аударыспақты тоқтатқан соң не істейсіз?

Сырым Ізбасаров: Алдыға қойған жоспар, мақсаттарым көп. Соның біреуі жаттықтырушы қызметін жалғастыру. Әрине, әр спортшының мансабы аяқталатын тұсы болады. Біз де жыл өткен сайын сол межеге жақындап келеміз. Айтып өткенімдей, мақсаттарымның бірі - бапкерлік қызметті жалғастырып, қазақтың көк туын көкке желбіретені спортшыларды дайындап шығару. Осы жолда да аянбай еңбек етіп, бар күш-жігерді салуға дайынмын. Қалғанын уақыт көрсетеді.

El.kz: Артыңыздан еріп, ізіңізді басып, аударыспақты таңдаған жас спортшыларға қандай ақыл-кеңесіңізбен бөлісесіз?

Сырым Ізбасаров: Ұлттық спорттың әрі қарай дамып, алға қарай қадам басуы – жас палуандардың, өскелең ұрпақтың қолында. Дегенмен, айтқанымдай оларға демеу, қолдау қажет. Біздің тараптан қашанда қолдау көрсетуге дайынбыз. Тек, аянбай тер төгіп, еңбек етуге дайын болса, болғаны. Барша қазақстандық жастарды ұлттық спортқа шақырамын! Төл спортымызға келіп, бағын сынап, биік белестерді бағындырып жатса, біз тек қуанышты боламыз!

El.kz: Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет! Алдағы «көшпенділер ойындарында» сәттілік тілеймін!

Сырым Ізбасаров: Осы сәтте қазақтың керемет сөзі есіме түсіп тұр. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын?» дейді ғой. Сіздерге де алғысым шексіз! Ұлттық спортқа қолдау көрсетіп, бізге де демеу білдіріп сұхбат құрғаныңызға рақмет! Ұлттық құрамамызға, барша әріптестеріме алдағы V көшпенділер ойындарында сәттілік тілеймін! Жақсы көрсеткіштер көрсетеді деген сенімдемін! Көріскенше, күн жақсы!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға