АУДАРМА НЕ ҮШIН КЕРЕК?
Әдебиет тарихында аударма жайлы әңгiме көп. Соның бiрi Үндiнiң сан ғасырлық ғұмыры бар атақты «Панчатантрасы» туралы. Ел есiнде қалған әңгiме бойынша бiрде парсының атақты патшасы, ортағасырлық жазба әдебиет үлгiлерiнiң талайына кейiпкер болған ғұлама Наушаруан патша уәзiрлерiн жинап алып, мазмұны шамамен мынандай алқақотан кеңес құрған деседi:
– Естуiмше, Үндi елiнде оқыған адамның көңiлi жай тауып, жандүниесi баһра алар кiтап бар көрiнедi. Өзi жер астындағы құпия кiтапханада сақталынады екен. Патшаларға қалай билiк құрып, әдiл саясат жүргiзудi үйрететiн осы кiтапты қолыма түсiрiп оқымай сабама түсе алар емеспiн. Ғибраты мол осы кiтапты бiздiң патшалықтың да игiлiгiне айналдырар қандай амал бар?
Талайды көрген ақсақал, көксақал уәзiрлер тығырықтан шығар жол таба алмай сасқан. Патша көңiлi құлаған дүниенi табылмайды, таптырмайды деуге және болмайды.
Ақыры, ойласа келе Үндi елiне Барзуя деген сан тiлдi игерген бiлiмдар дәрiгердi жiберуге шешiм қабылдайды. Мiндетi – он жыл өтсiн, жиырма жыл өтсiн, жаңағы кiтапты әйтеуiр қолға түсiру, парсы елiне алып келу.
Кiтап соңына түскен Барзуя осы мақсатқа қанша жыл ғұмырын сарп еткенi белгiсiз. Бiреулер жиырма, бiреулер отыз жыл дейдi, бiреулер одан да көп уақыт кеттi деседi. Кiтапты қолға түсiрудiң амалын әрiден ойластырған дәрiгер әуелi сарай маңындағылардың, сосын Үндi елiнiң патшасының өзiнiң сенiмiне кiредi. Патшадан жер астындағы кiтапханаға түсiп, ондағы бiлiм жауһарларымен танысуға рұқсат алады. Кiтапхана меңгерушiсiнiң жасырын келiсiмiмен жоғарыдағы құпия кiтаты да қолға түсiрiп, жер астында, сығырайған шамның жарығында отырып аударып шығады. Күнiге бiрдi-екiлi парақ болып жоғарыға тасылған кiтап аудармасын Барзуяың өз елiне қалай жеткiзгенi беймәлiм. Әйтеуiр, жеткiзгенi рас. Кiтапты осы нұсқадан 750 жылы Ибн әл Мукаффа араб тiлiне «Кәлила мен Димнә» деген атаумен аударады. Бүгiнгi күнi әлем халықтарының екi жүздей тiлiне аударылған Үндiнiң атақты «Бес кiтап» – «Панчатантрасының» қызғылықты тарихы осындай.
Шығыс даналығы «Ақыл ақылдан қуат алады» дейдi. Жоғарыдағы «Панчатантра» әңгiмесi соның жарқын бiр мысалы iспеттi. Осы мысал Шығыс халықтарында аудармашылық өнерiнiң тарихы тым тереңнен бастау алатындығын да бiр байқатса керек. Озық ақыл-ой үлгiлерiн Шығыс ешқашан жатсынбаған. Осы тұста тарихқа шолу жасай кеткен жөн секiлдi.
Бүгiнгi Еуропа көне екi үлкен мәдениет – Грек және Рим ақыл-ой мұрасының заңды жалғасы екендiгi жасырын емес. Бiрақ сол ақыл-ойдың Еуропаға негiзiнен араб, парсы, түркi аудармашылары арқылы жеткендiгi де ақиқат. Ортағасырлық Еуропа жым-жырт ұйқыда жатқан кезде Орта Азия ғұламасы Әбу Райхан Берунидiң Гомердiң (Әбу Райхан Берунийде Гомер Өмiр деген есiммен аталады – авт.) «Илиадасын» түпнұсқадан оқып, одан мысалдар келтiргенi Шығыстың озық ойлылығын көрсетпей ме! Беруни Гомер «Илиадасын» әдебиет туындысы ретiнде ғана оқып қоймай, ондағы оқиғаларға астрономия ғылымы тарапынан талдаулар, түсiнiктемелер жасауға да тырысады.
Рас, бұл мақаладағы бiздiң мiндетiмiз аудармашылық тарихына үңiлу емес. Аудармашылықтың мәдениеттер мен мәдениеттердi (мейлi, ол, кешегi топырақ қатпарында қалып қойған өлi мәдениет болсын, бүгiнгi жасалынып, қалыптасып жатқан мәдениет болсын) байланыстыратын алтын көпiр екендiгiн айта отырып,оның жеке шығармашылық адамының шеберлiгiнiң шыңдалуына, кәсiби деңгейiнiң көтерiлуiне әсерi туралы әңгiме өрбiту.
Бүгiнде Федор Достоевский – бiр кезде нәпақа iздеп Алтын Ордадан Ресей асқан түркi Арсылан мырза Челебидiң ұрпағы, әлем мойындаған жазушы. Өзiнен кейiнгi буындардан жазушының «Қылмыс пен жазасы», «Нақұрысы», «Албастылары», «Ағайынды Карамазовтары» әсер етпеген қаламгер кездестiре қою қиын. Қазiргi уақытта Еуропа таңданып, төңiрегiне үлгi қылып отыратын Сартр да, Камю де, Кафка да осы кiсiнiң iшiгiнен шыққан iзбасарлары.
Бiрақ, сол Достоевский де тақыр жерден пайда болмаған. Оқу, iздену арқылы қалыптасқан. Жазушылық машығын меңгеру үшiн Бальзактың «Егвения Грандесiн» аударып, оны 50 шақты рет қайта көшiрiп шыққан. Француз әдебиетшiсiнен тынысы кең романның желiсiн өрудi, мазмұнын қордалауды үйренген. Бiздiңше кейiнгiлерге ұлы жазушының бұл да бiр ұлы тағылымы.
Аудармашылық қазақ әдебиетiне де жат емес. Абай негiзiн қалап, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезовтер дамытқан аударма мектебi қазақ жазба әдебиетiнiң қабырғалы құрамына айналғалы қашан. Әуезов аудармасындағы Тургенев романдары, Мағжан Жұмабаев тәржiмасындағы орыс жазушыларының шағын әңгiмелерi әлi де талай ұрпақтар тамсана оқыр аударманың озық үлгiлерi болып қала бермек. Джек Лондонның әңгiмелерi мен «Мартин Иден» романы, Бальзактың «Шегiрен былғарысы» мен «Үзiлген үмiттерi», Шекспир, Лермонтовтардың қос томдығы, Бернс, Байрон, Петефилердiң таңдамалылары, А.Чехов, И.Бунин әңгiмелерi, Гетенiң «Фаусты», қазақ оқырманына таныс аударма кiтаптар тiзiмi осылай кете барады. Жоғарыда әңгiмеге тиек еткен «Панчатантра» – «Кәлила мен Димнә» да қазақ тiлiнде сөйлегелi қырық жылдай уақыт болып қалыпты.
Иә, қазақ әдебиетi аудармадан кенде емес, «Қазақ әдебиетi» газетiнiң өткен санында Габриэль Гарсиа Маркестiң Нобель сыйлығын иемденген «Жүз жылдық жалғыздығын» қазақша сөйлеткен Кеңес Юсуптың мақаласы мен Колумбия жазушысының «Бақұлдасу хатының» осы қаламгер жасаған тәржiмасы жарияланды. Материалдық ынталандыру болса, қолдау көрсетiлсе аудармашы әлемдiк деңгейде бағаланған жаңа дүниелердi аударып отыруға дайын екендiгiн айтады. Яғни, бәрi қаржыға барып тiреледi деген сөз. Кезiнде Кеңес Юсуп аудармасын орыс тiлiндегi нұсқасымен салыстыра отырып, «Жүз жылдық жалғыздықтың» қазақ тiлiнде сөйлетiлуiн үздiк деп тапқаным бар. Әзiр де сол ойдамын. Рас, «Жүз жылдық жалғыздық» тағы да басылайын деп жатыр екен. Бiрақ бұл Габриэль Маркестiң тағы бiр үздiк шығармасы, автордың өз айтуынша, ең үздiк романы «Ел ағасының еңкейген шағындағыны» («Осень патриарха») қазақ оқырманына таныстыру емес қой. Ол аударманы кiм жасамақ, басқа аудармаларды кiм жасамақ, мәселе осында.
Бүгiнгi қазақ аудармашылық мектебiнiң жағдайы сын көтерерлiк халде емес. Тоқыраудың боқырауы көзге ұрып тұр. Кәсiби мүмкiндiгi биiк деңгейдегi аудармашылар әдебиетiмiзге келiп жатқан соңғы лек толқындардың қатарында тiптен жоқ деуге болады.
Тоқсаныншы жылдардың басында тәуелсiз елiмiздiң жаңа сападағы аудармашылары ретiнде танылған Ботакөз Қожабекова, Ғалымжан Мұқанов, Ақас Тәжуiтовтердiң де бүгiнгi күнi салы суға кеткендей күйi бар.
Қысқасы, қазақ аударма мектебi күйреудiң алдында. Өз басым кiтап дүкендерiнен Шандор Петефи (Қ.Мырзалиевтiң аудармасы) мен Байронның (Ғ.Қайырбековтiң аудармасы) бiр томдықтарынан басқа аударма дүниелердi көре алмадым. Олардың өздерi де екiншi әлде үшiншi қайтара басылымдары. Бiзге аударма танысу, үйрену үшiн ғана емес, қорғану үшiн де қажет. Ұлттық тiлiмiз бен дiлiмiздiң сақталуына төл әдебиетiмiз ғана емес, аударманың да сiңiрер еңбегi зор. Қазiр қазақ жастары кришнашыл, иеговашыл болып кеттi деп жатамыз. Ал егер осы дiни аңыз-әңгiмелермен жастарымыз мектеп қабырғасында жүрiп танысса ше! Мысалы, «әлем халықтарының әдебиетiнен» деген үлгiде қарапайымдатылған аудармалар жасауға болады ғой.
Көршi өзбек халқында Үндiнiң атақты «Махабхарата» эпосының осындай аудармасы бар. Аударманы оқыған адамның кришнашыл болып кетуi (кришнашылдардың «Бхагавад-гита» кiтабы осы эпостың бiр тарауы болып табылады) тiптi мүмкiн емес. Есесiне жас оқырманның көне үндi эпосының мазмұнымен танысуына, көне мәдениеттер туралы көзқарас аясын кеңейтуiне мүмкiндiгi бар. Осындайда Жұмекен ақынның «Кейбiр елдiң құдайы да көшiрме» деген өлең жолы еске түседi. Құдайымыз көшiрме болсын демесек, аудармаға жiтi назар аударуымыз керектiгi осындайдан байқалса керек.
Тағы бiр аударма дегеннен шығады, осы Жұмекен ақынның «Греция – жыр сегiз» деген өлең топтамасы бар. Топтамада көне грек аңыздары еркiн пайдаланылған. Өзегi ескi болғанымен, айтары жаңа осы өлеңдердi алғаш оқығанда таңқалғаным бар. Н.Кунның аудармасындағы «Ежелгi Грецияның мифтерi мен аңыздарын» мен де бiрнеше қайтара шолып шыққанмын. Бiрақ дәл бұлай қазақыландыруға болады деп ойламаппын. Бұл де ретiмен пайдалана бiлсек, аударманың әдебиетiмiздiң мазмұнын өрiстетуге, кеңейтуге ықпалы зор екендiгiне бiр мысал.
Сөз түйiнi: әдебиетiмiз байысын, дүниетанымымыз кеңейсiн десек – аударма қажет; тiлiмiз аман, дiлiмiз сау болсын десек – аударма қажет; өзiмiздiң кiм екендiгiмiздi бiлу үшiн өзiмiздi өзгелермен салғастыра бiлу шарт. Бұл арада да басты таразы болатын құрал – аударма болмақ.
Сөз басында Наушаруан патшаның бiр кiтапты алдыртуға сонау Үндi елiне барлаушы-аудармашы жiбергендiгiн де бекер мысал еткен жоқпыз.
Қабырғалы қазақ аудармашылық мектебi қайта түлеуi үшiн үкiмет тарапынан қамқорлық керек. Бұл мәселе зиялы қауымымызды да бейтарап қалдырмайтындығына сенiмдiмiз.
kz, Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»