Жаңалықтар

Аударма ісіндегі шеберлік: сапаны қалай арттыруға болады?

Аударма ісіндегі шеберлік: сапаны қалай арттыруға болады?
Фото: pixabay.com 30.03.2025 20:00 195

Қазақ тіліндегі аударма сапасы – көптен бері талқыланып келе жатқан өзекті мәселелердің бірі. Көркем әдебиеттен бастап, ғылыми еңбектер мен ресми құжаттарға дейінгі аудармаларда мағынаның бұрмалануы, сәтсіз тілдік қолданыстар жиі кездеседі. Бұған кәсіби аудармашылардың тапшылығы, сапалы аударма әдістемесінің қалыптаспауы және тілдің өзіндік ерекшеліктерін ескермей, сөзбе-сөз аудару үрдісі себеп болып отыр.  

Бүгінде аталмыш мәселе қазақ тілінің дамуы мен оның қолданыстағы рөлін нығайту жолында кедергіге айналды. Осы орайда филолог, ақын, бұрынғы спорт комментаторын сөзге тартып, аударма мәселесі жөнінде әңгімелестік.

Кальканың бәрі өтірік аудармашылардың кесірінен қалыптасты – Назгүл Қожабек

Алдымен «Калькасыз қазақ тілі» Telegram каналының авторы, филолог, редактор Назгүл Қожабектен қазақ тілінің калькаға ұшырауының себебін білдік.  

Ең алдымен – аударма, шала аударма, асығыс аударма не орыс тілін, не қазақ тілін білмейтін біліксіз аудармашылардың шала жұмысының кесірі. Екіншіден, онлайн аударма сервистеріне жүгіну, олар адамша аудара алмайды, оларда контекст бола бермейді, оның үстіне онлайн аударма сервисінің базасына кезіндегі шала аудармалар түсіп кеткен соң, бәрі еселеніп кеткен. Үшіншіден – қазақ тілін білмейтіндерге қазақ тілін орыс тілі арқылы үйрету, баламаларды орысша беру, орысшаға аударғанда оңай болатындай жол іздеу, – дейді ол.

Назгүл Қожабек орыс тілі мен қазақ тілінің синтаксис және морфология құрылымы мүлде сәйкес келмейтінін де атап өтті. Сөз тіркесі мен сөйлем құрылуы мүлде бөлек.

Осы нәрседе – сөзжасам мен сөз байланыстыруда қазақ тілін орыс тіліне бейімдеуге талпыныс бар. Ең үлкен үрейіміз – қазақ тілін жетік білмейтіндер қазақша мәтінді түсінбей қалмаса екен болып кетті. Таза қазақша мәтінді түсінбейтіндер шынымен көбейгені рас, соларды оқырман, көрермен сапында көре алмай қаламыз ба деп тілді бейімдеуге кірістік. Соның бәрі жиылып келіп, қазақ тілі орыс тілінің калькасына айналып кеткеніне себеп болды, – деді филолог.

Редактордың пікірінше, сөзді аудару деген түсінік қате.

Сөз аударылмайды. Сөз деген – әлдебір зат, әрекет не құбылыстың бір тілдегі атауы. Сол зат не құбылыс бір елге тән болса, демек ол елдің тілінде сол нәрсені білдіретін сөз де бар деген сөз. Оны тек табу керек. Аударма сөз тіркесінен басталып, сөйлем, абзац, толық мәтінге дейінгі деңгейлерде жүреді, – деді ол.

Филолог қиындық сол зат не құбылыс бір елге тән болмай шыққанда басталады деп есептейді. Ондай кезде іске сөзжасам кіріседі. Мысалы, қазақта біразға дейін театр, театрда қолданылатын сөздер болған жоқ. Соларды кейін тілге кіргізгенде сол нәрселердің баламасын табуға тырыстық, баламасы жоқ нәрселерге сөз жасадық. Сөйтіп «қойылым» деген сияқты сөздер шықты.

Назгүл Қожабек қазақ тіліндегі жаңа терминдерді ғалымдар мен уақыт бекітуі тиіс деген ойда.

Терминді көпшіліктің талқысына тастау дегенді құптамаймын, оған тек мамандар, сол саланың өз мамандары мен сөзжасам мамандары жұмыс істеуге тиіс. Сала мамандары сол термин білдіретін зат, әрекет не құбылысты сипаттап, өзге тілдердегі баламаларын тауып, өздері термин ұсынады, сөзжасам мамандары сол терминді түрлі контекст, синтаксике салып көріп, дұрыс-бұрысын шығарады, – деп атап өтті редактор.

Филолог шет тілдерден енген сөздерге қарсыласудың мүлде керегі жоқ екенін айтады. Кірме сөз қай кезде де, қай тілде де болған, бар, бола береді.

Сонымен қатар ол қазақ тілінде сапалы аударма жасау үшін аудармашылар мектебі қажет екенін атап өтті. Сапалы аударма жасай алатын аудармашылар, жауапкершілігін сезетін аудармашылар мектебі қалыптасуы керек.

Аудармашыларға калькадан құтылу үшін қазақ тілін білу және аудармадағы түпнұсқа тілді білу маңызды. Кальканың бәрі осы екі тілдің біреуін не кейде, өкінішке қарай, екеуін де білмейтін өтірік аудармашылардың кесірінен қалыптасып кетті, – деп налыды Назгүл Қожабек.

«Көркем аударма» деген арнайы мамандық ашу қажетСерікзат Дүйсенғазы

Ал Еуразия ұлттық университеті Филология факультетінің деканы, айтыскер әрі ақын Серікзат Дүйсенғазыдан аударма саласында жинақтаған тәжірибесі мен кездескен қиындықтары туралы сұрадық. Ол жеке шығармаларын өзге тілге де аудартқан, шетелдік ақындардың шығармаларын да қазақ тіліне аударған. Осы ретте аударма жұмысына қатысты ой бөлісті.

Армян, саха секілді біраз шетелдік ақындардың шығармаларын аудардым. Көбіне орыс тілінен аударма жасадым. Мен үшін туындының орыс тіліндегі нұсқасында түпнұсқа ойы сақталды ма деген мәселе бірінші кезекте болды. Әйгілі «Notre dame de Paris» мюзиклінің аудармасымен де айналыстым. Ол кезде мюзиклдің авторы, белгілі итальяндық-француздық композитор Риккардо Коччанте жанымызда болды. Аударған әрбір сөзді мұқият қарап отырды. Соның арқасында түпнұсқасын сақтадық, – деді ол.

Көркем аудармада әрбір сөздің астарлы мағынасы бар. Сондықтан ақын аудармадағы тура мағынаны емес, түпкі ойды дәл жеткізу маңызды екенін атап өтті.

Ақынның шығармадағы сөзін, сөзінің мәйегін жеткізгенді ұнатамын. Оның айтқысы келген ұғымы қазақ тілінде де бар ғой. Соны дәл беруге тырысамын. Бірақ шығарманың төл тілін білмеген қиын. Басқа тілден орыс тіліне аударылған туындыны қазақшаға тағы аударғанда қиыспай кететін жерлері болады. Сондықтан түпнұсқадан аударған жөн, – деп ойын жеткізді айтыскер.

Сонымен қатар ол қазақ ақындарының туындыларын шет тіліне аудару мәселесі бүгінде өзекті екенін айтады.

Қазіргі заманда Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев, Мағжан Жұмабаев сынды классик ақындарымыздың өлеңін шет тіліне аударып беру өте қиын. Олардың терең ойы дұрыс жеткізілмей жатыр. Бірнеше аударылған прозаның қорғау кезеңіне қатыстым. Мәселен, «Абай жолының» парсы тіліне, неміс тіліне аударылған нұсқасы қорғалғанда Мұхтар Әуезовтың ойы өзгеше жеткізілгенін байқадым. Олар қазақ тілін тікелей қабылдап, тікелей аударма жасаған. Ал қазақ тілінің астарлы сөздері де бар ғой. Соны түсінбеген. Сондықтан дұрыс аудару үшін аудармашы қазақ тілін өте жоғары деңгейде меңгерген болуы тиіс. Бұл мәселені шешуді келешекте жолға қою керек. Егер Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау білдірсе, «Көркем аударма» деген арнайы мамандық ашу қажет деп есептеймін, – деді ол.

Айтыскердің айтуынша, Қазақстанда жоғары оқу орындарында аудармашы мамандығы болғанымен, көркем аударма жоқ. Яғни көркем әдебиетке маманданған кәсіби аудармашылар жеткіліксіз. Бұл мәселені белгілі жазушы, драматург Роза Мұқанова «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық кеңесінің отырысында көтерді. 

Бізге поэзияны, әсіресе көркем шығарманы аударуға аудармашылар жетіспейтіні анық. Бұрынғы жазушылар ақындық қуатымен өлеңнің мағынасын аударды. Негізінде аудармамен кәсіби маман айналысуы керек. Оның өзінің бойында ақындық не жазушылық қасиеті болуы қажет. Осы мәселені біз әлі жолға қойған жоқпыз, –деді ақын.

Серікзат Дүйсенғазы сәтті аударма үлгісі ретінде Абай Құнанбаевтың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін атады. Бұл шығарма неміс ақыны Гётенің туындысынан аударылған, бірақ Михаил Лермонтов арқылы қазақ тіліне бейімделген.

Лермонтов аудармасында «Горные вершины. Спят во тьме ночной» деп таудың ұйықтап жатқаны жайлы жазған. Ал Абай Құнанбаев өлеңнің бұл шумаған «Қараңғы түнде тау қалғып» деп аударған. Осылайша Абай өзінің ақындық қуатымен немістің ақыны Гётенің ойын дәл тапқан секілді. Бұдан бөлек, түпнұсқадағыдай немесе одан да асып түсетін сәтті аудармалар бар. Олардың бәрін жіпке тізіп айта алмаспын, – дейді айтыскер. 

Ақынның пікірінше, Қытайдан, Моңғолиядан келген қандастардың тілі таза. Олар аудармадағы кальканы өздеріне жатық етіп жасап алған.

Біз калькадан қашатындай қылып аудармашылар тілін оқытуымыз керек. Өзіміздің ұғымымызда бар сөздерді пайдаланатын мамандарды даярлауымыз қажет. Бұл келешекте түзелуі тиіс, – деді ол.

Серікзат Дүйсенғазы көркем әдебиетте терминдерді көп пайдаланудың қажеті жоқ деп есептейді.

Орыстардың «свежий» деген сөзін кейбірі «балғын» деп аударып жүр. Бірақ бұл сөз мағынасын нақты жеткізе алмайды. Мысалы «свежий воздух» дегенді «балғын ауа» деп айта алмайсың ғой. Сондықтан да «балғын» сөзі барлық жерде қолданыла бермейді. Менің ойымша, қосарланған сөзді мағынасына қарай ретімен аударуға болады. Ешқандай мәселе жоқ, – деді айтыскер.

Серікзат Дүйсенғазының сөзінше, айтыста поэзияның тілі жеңіл қолданылады. Сондықтан оны аудару, мағынасын жеткізуде қиындық туындамайды.

Сонымен қатар айтыскер қазақ тілінің болашағы туралы ойының жақсы екенін жеткізді.

Қазақ тілінің болашағы дұрыс болады деп үміттемін. Балалар мультфильмін, қазақша әндерді бәсекеге қабілетті етіп шығару керек. Бұрынғы көркем тілімізді жойып алмас үшін бәрін интернетке енгізіп, жастарға қолжетімді етуіміз қажет. Біздің тіліміз өлмейді, соңғы қазақ қалғанша жасайды, – деп сөзін қорытындылады ақын.  

Қазақ жарыстарын орыс тілінде жүргізудің керегі жоқ Ермұхамед Мәулен

Танымал бұрынғы спорт комментаторы, Қазақстан ұлттық құрамасының баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәуленмен қазақ спорт журналистика аясында әңгіме құрдық. Ол қазақ тіліндегі спорт терминдері дұрыс қалыптаспағанын ашып айтты.

Спорт терминдері әлі де қалыптасуы тиіс. Балама сөздер қажет. Ол үшін іздену керек. Жалпы қазақ спорт журналистикасында мақала жазатын тілшілер азайып бара жатыр. Жаңа спорт терминдерін қалыптастыру міндеті – журналистерде, ал комментаторлар оларды қолданысқа енгізуі тиіс. Алайда бұл үдеріс баяу жүруде, ал қазіргі комментаторлар көбіне орысша баламаларды қолдануға мәжбүр, – деді ол.

Орыс тілінің ықпалы қазақша комментаторлықта айқын байқалады.

Жалпы еліміздегі спорттық трансляциялардың жартысы орыс тілінің тікелей аудармасынан тұрады. Бұл қазақ тіліне тән сөйлеу мәнерін бұзып, кейбір қате аудармалардың кең таралуына әкеліп отыр. Біз орыс тіліне тәуелдіміз. Сондықтан қазақ комментаторлары ресейлік комментаторлардан, орыс тілінің ықпалынан босап шыққан емес, – деді ол.

Бұрынғы спорт комментаторының айтуынша, кейбір қазақ комментаторлары дұрыс аударма жасай алмайды.

Мысалы «по большому счету» деген сөз тіркесін «үлкен есеппен алғанда» деп аударды ғой. Осы аударманы бүкіл комментатор айтып шықты. Бұрын Асхат Сағынаев деген комментатор болатын. Ол қазақ спорт комментаторының тілін шұбарлады. Қуанышымызға орай, эфирден кетті. Тілдің тазалығы деген далада қалды. 100% таза қазақ тілінде сөйлеу мүмкін емес екен, – деді Ермұхамед.

Ермұхамед Мәулен спорт комментаторларының әрқайсының өзіндік сөйлеу стилі болғаны дұрыс деп есептейді.

Комментаторлық деген жан-жақсы болуы тиіс. Бірі эмоцияға беріліп, шоу жасаса, екіншісі салмақты баяндау тәсілін таңдауы мүмкін. Әр комментатор – жеке тұлға. Адамның өмірі, өзіндік болмысы болады. Комментаторларға ортақ бірдей сөйлеу форматын бекітудің қажеті жоқ. Қазіргі комментаторлардың жасап жатқан еңбегіне «5» деген баға қоямын. Жоқтан бар жасап жүрген керемет жігіттер ғой, – дейді ол.

Бұрынғы спорт комментаторы қазақ жарыстарын қазақ комментаторлары ғана жүргізуі керек деген ойда.  

«Қазақстан барысы», «Қазақ күресі», дзюдо, грек-рим деген секілді жарыстарда түгел қазақтар ойнайды. Осындай жарыстарды орыс тілінде жүргізудің керегі шамалы деп ойлаймын. Екі қазақтың комментаторы отырып, бірге жүргізсе, тамаша емес пе?! Бірақ бізде бес минут қазақша сөйлесе, бес минут орысша сөйлейді. Орыстілді адамның қазақ күресіне қызығады-ау, оған жаны ашиды-ау деп ойламаймын. Қазақ футболы да сондай. Қазақ футболын орыстілді адам көрмейді. Ол Ресей премьер-лигасының ойынын тамашалайды. Сондықтан ойындарды таза қазақ тілінде жүргізу керек. Орыс тілінде жүргізудің керегі жоқ, – деді ол.

Ермұхамед Мәуленнің айтуынша, түрік комментаторлары мен әзірбайжан комментаторлары сөздерін бір-бірінен алып, әдемі келтіріп алған.

Бізде ортадағы жартылай қорғаушыны, сақа ойыншыны «тіреуші, жартылай қорғаушы» деп жатады. Бұл не сөз? Нені тірейді? Сондықтан Түркиядағы комментаторлардан көп нәрсе алуға болады деп ойлаймын. Бірақ қазақ тілі өте бай ғой. Соны комментаторларға пайдалану керек, - деп пікірін білдірді Ермұхамед.

Бұрынғы спорт комментаторы қоғамдағы шетелдің спорт комментаторлары күшті жүргізеді деген пікірдің қате екенін атап өтті.

Егер шетелдік комментаторлардың не айтқанын тыңдап, аударсақ, «бесінші нөмір алтыншы нөмірге берді. Жетінші нөмір енді не істейді? Сегізінші нөмір тепті, гол» дейді. Олардың айтатыны осы. Не мән жоқ, не мағына жоқ. Жай ғана сүйемелдеп отырады. Ал біздің тіліміз ше? Қазақтар «шашасына шаң жұқпаған иығымен пас беріп, шашымен гол соққан Криштиану Роналду» деп келтіреді. Олар сөз саптаудан, теңеуден алдына жан салмайды, – деді ол.

Елімізде спорт комментаторларының жалақысы өте төмен.

Қазақстанда комментаторларға 18-20 мың теңге қаламақы береді ғой. Сөйтіп алып, «тіл неге таза емес? Сөйлеу стилі ұнамайды» деп сынайтын адамдарға таңғаламын. Ол негізі жүргізе алады-ау деген адам ғой. Сөйлей алатын, әңгіменің майын тамызатын, спортты да жақсы білетін мыңнан бір адам болады. Мен өзім де комментаторлықтан «100 мың теңге гонорар беріңдер» деп кеткенмін. 10 жыл комментаторлық еттім, қолымнан келгенше іздендім. Кітаптағы сөздердің бәрін алып келдім. Қазір тыңдарманның да деңгейі түсіп кетті ғой. Қазақ тілі жайлы түсінігі таяз, – деді Ермұхамед Мәулен.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға