Жаңалықтар

Аудан әкімдерінің рөлін күшейту қажет

Аудан әкімдерінің рөлін күшейту қажет
Фото: Видеодан кадр 27.06.2023 12:09 799

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы өзінің 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында орталықсыздандыруға баса назар аудара отырып, мемлекеттік басқару жүйесін қайта іске қосуды тапсырды. Президент жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі -  азаматтардың өзінің туған елді мекенінде өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей қатысуы үшін базалық негізі екенін атап өтті. Жүргізіліп жатқан саяси реформа аясында ауыл әкімдерін тікелей сайлау тетігі іске қосылды. Бұл сайлау сәтті өтті. Тікелей сайлау негізінде сайланған жаңа ауыл әкімдері өзінің жауапты міндеттерін орындауға кірісті, - дейді Мәжіліс депутаты.

Келесі қадам - биыл аудан әкімдерін сайлау.  Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкiмдерi Қазақстан Республикасы Президентiнiң жергiлiктi жерлердегi саяси өкiлдерi болып табылады және қызметiнiң барлық өмір сүру салалары үшiн  жауапты.

Ауылдастардың проблемалары туралы айту үшін ең алдымен жергілікті халық кімге жүгінеді? Олар аудан әкімдігіне барады. Бірақ мәселе шешілмесе, олар облыс орталығына және елордаға барады. Осыған байланысты аудан әкімдерінің өкілеттіктерін облыс әкіміне беру алдағы саяси науқанға елеулі кедергілер тудырады. Оның үстіне, төмен тұрған әкімдердің өкілеттіктерін жоғары тұрған әкімдерге беру Мемлекет басшысының мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыру жөніндегі тапсырмаларына қайшы келеді, - дейді Ұласбек Сәдібеков.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда облыс қарамағында бірқатар маңызды әлеуметтік мекемелер бар. Мысалы, мектептер, денсаулық сақтау және спорт ұйымдары облыстың қарамағында, ал ветеринарлық қызмет пен жұмыспен қамту орталықтары - тиісті министрліктің қарамағында.

Мұндай жағдайда аудан әкімі осы бағыттағы мәселелерді шешуге қабілетсіз болады. Осыған байланысты аудан әкімдерінің рөлін күшейту қажет. Бұл үшін жоғарыда аталған өкілеттіктерді аудандық әкімдікке қайтару өте маңызды. Сонда ғана біз жұмыстың оң нәтижелерін көре аламыз. Сайланған әкім адамдардың жағдайын жасай алады.  Бұдан басқа, бұл саладағы проблемалар жергілікті деңгейде шешілетін болады және әкім барлығы сол жоғарыдағы облысқа немесе республикаға байланысты екенін айтып ақталмайды. Бұл нағыз орталықсыздандыру. Менің ойымша, жергілікті жерлердегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу - аудандар мен ауылдардағы мәселелерге байланысты тұрғындардың шағымдарын азайтудың тиімді жолы, - дейді ол.

Депутат осы мәселенің оң шешімін табу үшін тиісті жұмыстарды жүргізіп, аудан әкімдерінің маңызды өкілеттіктерін сақтау бойынша қажетті шараларды қабылдау қажет екенін атап өтті.

Осылайша, тікелей сайлау негізінде халықпен тікелей жұмыс істейтін және жергілікті жерлердегі проблемаларды шешуге қабілетті әкімдер сайланады. Ауылдар мен аудандар көркейсе, онда бүкіл ел де гүлдене түседі, - дейді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға