Жаңалықтар

Атыраулық депутат: Су тазарту қондырғыларын салу керек

Атыраулық депутат: Су тазарту қондырғыларын салу керек
Фото: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 03.10.2024 13:39 414

«АМАNAT» партиясы су тасқыны кезінде халықпен бірге болды. Партия атынан сайланған депутаттар, партия мүшелері су басқан өңірлерде қорғаныс жұмыстарын жүргізіп, дамбыларды бекітуге белсене атсалысты. Бүгінде табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындар жаңа баспаналарының кілтін алып, қоныс тойын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алайда бұл апат облыстардағы гидротехникалық нысандарды қайта жаңғырту қажет екендігін көрсетті. Атырау облыстық мәслихатының депутаты Сырымбек Сәрсембаев мәслихат депутаттарының форумында Жылыой ауданындағы «Аралтөбе» су қоймасының құрылысын тілге тиек етті.

Бұл су қоймасы Жем өзені бойында тасқын су апаттарының алдын алуға және ауылшаруашылығын дамыту үшін өте үлкен көмек болар еді, - деді ол.

Бұдан бөлек, ол Арқалық, Құлсары, Кентау, Риддер, Саран сынды еліміздегі 27 моно қалада шешімін таппай отырған мәселелерге тоқталды.

Құлсары қаласы үшін өзекті, ең басты мәселе, тез арада заман талаптарына сай кәріздік лас суды тазарту қондырғылары мен ауыз суды тазарту қондырғыларын салу керек. Бұл қала тұрғындарының сапалы ауыз су пайдалануына және экологиялық ахуалдың жақсаруына әкелер еді, – деді ол.

Мәслихат депутатының айтуынша, мұнай, газ, көмір, темір, басқа да қазба байлықтар – күндердің күнінде таусылатын шикізат қоры. Сондықтан да еліміздегі барлық моноқаланың экономикасын әртараптандыру қажет.

Ол үшін елімізде жұмыс жасайтын шетелдік ірі компаниялар бірінші кезекте отандық шағын және орта бизнестің, жергілікті кәсіпкерлердің тауарлары мен өнімдерін сатып алуға басымдық беру керек. Бірақ ірі мұнай өндіруші мекемелер өздеріне қажетті өндірістік құрал-жабдықтарын, барлық керекті заттарын шет елдерден әкелуде. Бүгінде Теңізшевройл, Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг, НСОС сияқты ірі мұнай өндіруші үш мекеменің сатып алып отырған тауарларындағы қазақстандық мазмұн, отандық өнімдермен (қамту) мөлшері шамамен 10%-дан аспайды. Сондықтан еліміздегі ірі компаниялардың сатып алатын тауарларының қазақстандық құрамы, яғни отандық өнімдердің үлесін кемінде 50 пайызға жеткізуіміз керек деп есептеймін, - деді ол.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға