Атыраулық ардагер дзюдошы әлем чемпионы атанды
Атыраулық ардагер балуан Марал Көшенов қыркүйекте самбодан әлем чемпионы атанған еді. Енді ол дзюдодан әлем чемпионы атанып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ге сілтеме жасап.
Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ардагер спортшылар арасындағы әлем чемпионаты 30 қазан мен 4 қараша аралығында өткен.
– Біріккен Араб Әмірліктері елінің астанасында «Abu Dhabi World Championships Veterans 2023» чемпионатының жалауы желбіреді. Әлемдік додаға 64 елдің 1 мыңнан астам спортшысы бақ сынады. Атыраулық ардагер балуан Марал Көшенов М7, -73 келі салмақта қарсыластарының бәрін тізе бүктіріп, әлем чемпионы атанды, - деп хабарлады өңірлік басқарманың баспасөз қызметі.
Марал Көшеновтің салмағында 17 балуан сынға түскен. Ол қарсыластарымен төрт кездесу өткізген.
– Алдымен Бразилияның спортшысымен күрестім. Екінші жекпе-жекте аустриялық қарсыласпен күш сынастым. Үшінші кездесуде тағы бір бразиялық спортшыны ұттым. Ақтық сында Испания спортшысын қапы қалдырып, дзюдодан алғаш рет әлем чемпионы атандым, - дейді Марал Көшенов.
Оның айтуынша, биыл табысты жыл болған. Қыркүйек айында самбодан 71 келі салмақта әлем чемпионы атанған. Азия чемпионатында да бірінші жүлдені иеленген.