Атыраудағы Талдыкөл ауылын су басу қаупі жоғары
Атырау облысындағы Талдыкөл ауылын су басу қаупі жоғары болып тұр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ауыл маңында 3 км қорғаныс бөгеттері салынды, оның 800 м бекінісі жаңартылуда.
Бейбарыс ауылдық округінің әкімі Сейілбек Зұлхашевтің айтуынша, Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Талдыкөл ауылын су басу қаупі жоғары.
Жағалауды нығайту жұмыстарына 25 арнайы техника, 28 әскери қызметші және ТЖМ 15 қызметкері жұмылдырылды. Жергілікті тұрғындар мен сарбаздардың күшімен бөгеттерге 28 мың қап төселді. Талдыкөл орта мектебінде 300 орындық эвакуациялық пункт дайындалды, - деді ауылдық округ әкімі.
Облыстық желет штабтың мәліметінше, қазіргі уақытта фермерлер мен шаруа қожалықтарының иелеріне су басу қаупі туралы ескертулер берілген. Қауіпсіз жерлерге 200 бас ешкі мен қой, 300 бас сиыр көшірілді.