Атыраудағы Индер ауданында 30 шақырым бөгет нығайтылды

Атырау облысы Индер ауданында 30 шақырым бөгет нығайтылды. Бүгінде Ынтымақ, Көктоғай, Бөдене, Жарсуат ауылдарындағы бөгеттерді күшейту жоспары толығымен аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазір Өрлік ауылында бұл жұмыстар 97%-ға орындалып, Есбол ауылында бөгетті нығайту 85%-ға аяқталды. Құрылыс ауылында бөгетті көтеру 65%-ға орындалып, ал жыраны бітеу жұмыстары бойынша 5 техника жұмыс істеуде.
Бұл туралы Индер ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік құқық, төтенше жағдайлар және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бөлімінің бас маманы Ризабек Ибраемов мәлім етті.
Жалпы Индер ауданы бойынша 30 км бөгет соғылды. Айта кетейік, қазір Индер ауданында 11 эвакуациялық пункт дайын тұр. Аймақ тұрғындарына су тасқыны қаупіне байланысты үй жануарларын қауіпсіз аймаққа шығару туралы ескерту берілді,-деді бас маман.
Сонымен қатар Индербор кенті әкімінің айтуынша, өткен жылы Индербор кентіндегі су деңгейі 10 метр 41 см-ге дейін көтерілген.
Биыл табиғи апаттың қайталануына жол бермеу үшін қажетті алдын алу шараларының барлығы қолға алынды. Бөгетті бекіту жұмыстары 2024 жылдың желтоқсанында басталды, оған 32 арнайы техника жұмылдырылды. Жасалған жұмыстардың нәтижесінде бөгет қосымша 1,5 метрге биіктетілді,-деді Индербор кентінің әкімі Шалқар Альмурзиев.
