Жаңалықтар

Атыраудағы базарда зейнеткерді өлтірген ер адам 8 жылға сотталды

Атыраудағы базарда зейнеткерді өлтірген ер адам 8 жылға сотталды
Фото: Видеодан кадр 19.12.2024 23:49 173

Атыраудың №2 сотында абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қала тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жазда жәбірленуші қаладағы базарлардың бірінің аумағында өзінің жүк автокөлігін басқарып, қасында тұрған жеңіл автокөлікке зақым келтірген. Сотталушы, жеңіл автокөліктің иесі бұған ашуланып, жәбірленушіге тап беріп, оның басына жұдырығымен бірнеше соққы жасаған. Алған жарақаттар салдарынан жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болған.

Прокурор сотталушыға 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды, жәбірленушілер сотталушыға қатаң жаза тағайындап, азаматтық талапты қанағаттандыруды, ал сотталушының өзі төбелес бойынша кінәсін мойындап, алайда жәбірленушіні өлтіру ниеті болмағанын айтып, осыған байланысты жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Қорғаушылар сотталушының әрекетін абайсызда қазаға ұшырату бабына (ҚК-тің 104-бабы) кері саралауды сұрады.

Сот үкімімен сотталушы ҚК-тің 106-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Моральдық залалды өтеу туралы азаматтық талап ішінара қанағаттандырылды, - делінген сот үкімінде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға