Жаңалықтар

Атырауда жыл басынан бері 6700-ге жуық адам жұмыспен қамтылды

Атырауда жыл басынан бері 6700-ге жуық адам жұмыспен қамтылды
Фото: © El.kz 12.04.2025 05:19 311

Атырау облысында жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері өңірде 6700-ге жуық адам жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мұндай мәліметті облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасанов баспасөз мәслихатында айтты.

Спикердің айтуынша, бірінші тоқсанда 20 200-ден астам азамат мансап орталықтарына жүгінсе, олардың 6 700-ге жуығы жұмыспен қамту шараларына тартылған. Оның ішінде екі мыңдайы тұрақты жұмысқа орналасқан, 4 700-ден астамы субсидияланған жұмыс орындарына жолданған. Бұл көрсеткіштің ішінде 2700-дей адам қоғамдық жұмысқа, мың адам «Күміс жас» жобасына, 715 жас маман жастар практикасына жіберілген.

Біз халықты жұмыспен қамту бағытындағы жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Әсіресе, жастар мен әлеуметтік осал топтар басты назарда. Мемлекет тарапынан берілетін қолдаулар – олардың еңбек нарығына бейімделуіне үлкен мүмкіндік, – деді басқарма басшысы.

Бұдан өзге облыста екі мыңнан астам азамат кәсіптік оқумен қамтылған. Оның ішінде 1 500-ден аса адам онлайн форматтағы Skills бағдарламасы, 482 адам «Бастау бизнес» жобасы арқылы оқытылған. Сонымен қатар жүзге жуық адам «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен қысқа мерзімді курстарға қатысқан.

Қазіргі уақытта өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрайды. Жастардың жұмыссыздығы – 2,5%. Бос жұмыс орындары жәрмеңкелері арқылы тұрғындарға тікелей жұмыс табуға мүмкіндік жасалуда. Биыл облыс бойынша 56 жәрмеңке өткізу жоспарланса, оның 10-ы күні бүгінге дейін өткізіліп үлгерді, - деді спикер.

Жергілікті билік жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін ірі жобалармен байланыс орнатып отыр. Мәселен, «Теңізшевройл» жобасынан босатылған 17 мың адамның 93 пайызы жұмыспен қамту, оқыту, әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Биыл бұл жоба аясында тағы 5 500-ден аса адам шығады деп күтілуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға