Жаңалықтар

Атырауда туберкулезге шалдыққандар саны азайып келеді

Атырауда туберкулезге шалдыққандар саны азайып келеді
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 26.02.2025 02:49 122

24 наурызда – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күн. Осыған байланысты республика бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, 24 ақпаннан бастап айлық басталды. Биылғы жылдың ұраны: «Иә, біз туберкулезді жеңе аламыз! Міндеттейміз, қаржы құямыз! Әрекет етеміз!». Соңғы жылдары еліміз бойынша туберкулезбен аурушаңдық деңгейі төмендеп келеді. Соның ішінде Атырау облысында да соңғы 10 жылда аталған дертпен сырқаттанушылық жағдайы 1,7 есеге төмендеген. Туберкулезден болатын өлім-жітім саны да жыл сайын азайып келеді. Бұл туралы облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Байтолла Ғазизов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атырау облысы бойынша туберкулезбен аурушаңдықтың эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. Мысалы, соңғы 10 жылда туберкулезбен сырқаттанушылық жағдайы 1,7 есеге төмендеген. Яғни, 2015 жылы жүз мың халыққа шаққанда туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 78,6 пайыз болса, былтыр бұл көрсеткіш 44,5 пайызды құраған. Аталған аурудан болатын өлім-жітім көрсеткіші жүз мың халыққа шаққанда 2,6 есеге төмендеген. Яғни, 2015  жылы 2,9 пайыз болса, 2024 жылдың қорытындысымен 1,1 пайызды құрады. Оның ішінде  белсенді топтағы науқастар соңғы 10 жылда 3,1 есеге азайған.

2023 жылы облыста 0 жастан 17 жасқа дейінгі балалар арасында туберкулездің 46 жағдайы тіркеліпті. Ал былтыр 42 баладан ауру анықталған. Оның 13-і ашық түрдегі, 17 жағдайы өкпе тінінің ыдырауымен байланысты екен.

2014 жылы облыста туберкулезбен есепте тұрған жалпы науқас саны 1415  болса,  былтыр олардың саны 455-ті құрады. Былтырғы жылдың он екі айында туберкулез ауруымен жаңадан ауырған науқастар саны 315-ке жеткен. Ал 2023 жылдың тиісті кезеңінде 318 адамнан аталған дерт анықталған. Осы ретте айта кетуіміз керек, Атырау облысында жаңадан анықталған аурушаңдық көрсеткіші республика бойынша 1,3 есе жоғары. Сондықтан туберкулез бойынша біздің облыс әлі де қолайсыз өңір болып есептеледі. Дегенмен өлім-жітім көрсеткіші төмендеген. Мәселен, былтыр 8 науқас қайтыс болған, ал 2023 жылы көз жұмғандар саны – 9,-деді облыстық фтизиопульмонология орталығы директоры өңірде өткен брифингте.

Спикер өз сөзінде фтизиопульмонология орталығы базасы мен ондағы жұмыс барысына да тоқталып өтті.

Былтырғы жылдың қаңтар айында медицина мекемесінде науқастардың төсек орын саны 170-ті құраған. Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен төсек қоры бір жылда 50 пайызға қысқарып, бүгінгі таңда 85-ті құрап отыр. Оның ішінде 80 кереует бейінді науқастарға арналған екен. Биыл фтизиопульмонология орталығы базасында 20 орынға арналған пульмонологиялық орталық ашу жоспарланып отыр екен.

Туберкулезді ерте анықтау үшін диагностиканың халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи әдістері біздің облыс көлемінде де кеңінен қолданылуда. Барлық облыстық, қалалық және өңірлік туберкулезге қарсы ұйымдардағы бактериологиялық зертханаларда туберкулезді және дәріге төзімді туберкулезді тез, яғни екі сағат ішінде анықтау бойынша алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялар қолданылады. Атап айтатын болсақ, Gene-Xpert, BACTEC MGIT-960, XDR, Bioneer  аппараттары біздің облыста да қолданыста бар. Бұл дертке шалдыққан, алайда айналасын қауіп төндірмейтін науқастар тұрғылықты жеріндегі емханаларда амбулаториялық ем қабылдайды. Былтырғы жылдың дерегіне сүйенсек, олардың үлесі 17,7 пайызға артқан. Облыста дәрі-дәрмекке сезімтал науқастардың емделу көрсеткіші 93,1 пайызды құрайды. Ал дәрілік препараттарға ағзасы төзімді науқастардың емделу деңгейі 85,6 пайызға жетіп отыр. Ерекше тоқталып өтуге болатын жайт, жалпы туберкулез ауруы ерте анықталып, емделген жағдайда одан толық айығып кетуге болады. Туберкулездің алдын алу, диагностикалау мен емдеу Қазақстан Республикасы бойынша тегін жүргізіледі. Тез диагностикалау әдістері мен тиімділігі жоғары дәрі-дәрмектерді қолдану арқылы бүгінгі күнде туберкулезбен ауырған адамдар айығып, қоғамда мәнді де, сәнді қалыпты өмір сүріп жүр. Сондықтан тағы да қайталап өтейін, туберкулез - емге көнетін, жазылатын ауру. Ол үшін ерте анықтап, оны емдеуге аса мән беруіміз қажет,-деді орталық директоры Байтолла Ғазизов.

Орталық директоры облыста туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейінің төмендеу себебін де түсіндіріп өтті.

(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі)

Бұл енді әлеуметтік маңызы бар ауруға жатады. Сондықтан біздің өңірдегі халқымыздың әлеуметтік жағдайларының жақсаруы да туберкулез ауруының төмендеуіне бірден-бір себеп деп айтар едім. Сонымен қатар, жаңа айтып өткеніміздей, ерте диагностикадан өткізетін болсақ та туберкулез арауын азайтуға мүмкіндіктеріміз бар. Егер туберкулезбен ауырған адаммен қарым-қатынаста болғандарды уақытында тексеріп,  профилактикалық емдерін жүргізетін болсақ, әрине, біз  ауру деңгейін төмендетеміз, тіпті  туберкулез ауруын  мүлдем жоюға мүмкіндігіміз бар. Сондықтан аурудың бұл түрін төмендету бойынша тек қана біздің фтизиопульмонологиялық орталық емес, жалпы қоғам болып, біздің бастапқы санитарлық медициналық көмек көрсететін емханалардың күшімен де ақпараттық түсіндіру жұмыстарын бірінші  халыққа жеткізіп айтуымыз керек,-деді ол.

Айта кететін жайт, 2015 жылы Атырау облысында  жергілікті мәслихат шешімімен бекітілген ережелерге сәйкес, туберкулез ауруына шалдығып, амбулаториялық деңгейде ем алып жүрген емделушілерге 10  айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек төленіп отыр. Былтыр 764 адамға жергілікті бюджеттен 249 миллион көлемінде қаржы төленген. Бұл төлем амбулаторлық емді үзбей қабылдап жүрген науқастарға әр ай сайын беріледі. Ал егер науқас ем-домды үш күнге үзетін болса, мұндай әлеуметтік көмек берілмейді. Мамандардың айтуынша, туберкулездің емін тұрақты қабылдау арқылы ғана толыққанды емдеу нәтижесіне қол жеткізуге болады. Бұдан өзге туберкулезбен сырқаттанған науқастарға белгілі бір жағдайда ғана мүгедектік тағайындалады. Мәселен, өкпе туберкулезімен және өкпеден тыс туберкулездердің асқынған түрімен үлкен процестер екі жақты болған кезде, туберкулезді менингит болғанда және сүйек-тірек қимылдарының туберкулезі анықталған жағдайда сегіз айдан кейін тоғызыншы айда денсаулығына қарай арнайы орталықтандырылған консультативті-дәрігерлік кеңес болады. Соның шешімімен мүгедектік тағайындауға жолданады. Ал жұмыс жасап жүріп, ауруға шалдыққан науқастар болса,  олар туберкулезбен сырқаттанған күннен бастап еңбекке уақытша жарамсыздық парағын алады. Ол кезде он екі айдан кейін осы мүгедектік тағайындалады немесе он екі айда ол сырқатқа  қарсы  препараттарды жақсы қабылдап, дертінен айығуы анықталса,  жұмысына қайта қосылады. Егер емдік шаралары нәтижесіз болса, міндетті түрде уақытша мүгедектік тағайындалып,  жұмыстан босатылады.

Қазіргі уақытта республика бойынша қоғамдық денсаулықтың ауыртпалығы ретінде туберкулезді жою жолында әлеуметтік міндеттемені жұмылдыру және туберкулез аурулары туралы хабардар болуды, аурудың алдын алу және емдеу бойынша күш-жігерді арттыруға бағытталған жұмыстар атқарылуда. Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күніне орай ұйымдастырылып отырған бір айлық акция да осыны көздейді. Яғни, бір ай бойы республика бойынша туберкулездің алдын алу, анықтау және емдеу тақырыптарында ақпараттық науқандар, ғылыми-практикалық, тәжірибелік конференциялар, мектеп пен жоғары оқу орындарында дәрістер ұйымдастырылып, бірлескен жұмыстар жүргізілетін болады. Акция аясында Атырау облысындағы физиопульмонология орталығында Ашық есік күнін өткізу жоспарланып отыр. Яғни, 12 наурыз таңғы сағат 9-дан кешкі 17.00-ге дейін тұрғындар дәрігерлерден кеңес алып, КТ, флюорография аппараттарынан түсе алады.

Брифингте сөз алған фтизиопульмонология орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары  Гүлжанат Бекболатова туберкулездің алдын алу және оған қарсы шаралар тек бір айлықта емес, жыл бойы ұлттық бағдарламаға сәйкес жүргізілетінін атап өтті.

(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі)

Біздің бірінші кезектегі жоспарымыз – туберкулезді инфкецияларды ерте анықтау. Былтыр бізге жаһандық қор арқылы «квантиферон» аппараты орнатылды. Бұл балалар, ересектер арасында және жоғары қауіпті топтағы  тұрғындардың қан арқылы  ағзасында туберкулезді инфекцияның бар-жоқтығын анықтау және оған уақытылы ем тағайындау болып табылады. Сонымен қатар біздегі барлық аудан, қалалардағы емдеу мекемелерінде  бактериологиялық ПЦР аппараттары орнатылған. Туберкулездің қандай түрі екенін анықтайтын орын - бактериологиялық зертхана, ол қазір толыққанды жабдықталған. Бұдан өзге   видеобронхоскопиялық зерттеу, компьютерлік томографтарды қойып, науқастардың  диагностикалық тексеруден өтуіне мүмкіндік жасалған,-деді орталық директорының орынбасары.

Брифингте белгілі болғандай, өңірдегі физиопульмонология орталығының мамандары тұрақты түрде біліктіліктерін арттырып келеді. Мәселен, бұған дейін медициналық мекеменің мамандары пульмонология, реабилитология  бойынша қайта даярлықтан өткен. Ал 2024 жылы радиолог, торакалды хирург, бактериологтар Германия, Оңтүстік Корея және Литва елдерінде өздерінің білімдерін жетілдіріп келген екен.

Брифинг соңында мамандар ересек адамдар жылына бір рет флюорографиялық тексеруден өту қажеттігін, ал ата-аналарға сәбиі дүниеге келгенде  БЦЖ екпесін салдырудан бас тартпау қажеттігін еске салды.  

Еске салсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы туберкулез ауруын 1993 жылы  ұлттық апат атап, 24 наурыз — Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні деп жарияланды. 1998 жылдан бастап ол БҰҰ-ның ресми қолдауына ие болды.

ДДСҰ мәліметінше, 2023 жылы әлем бойынша туберкулезбен ауырғандар саны 10,8 миллион адамға жеткен. Оның 6 миллионы – ер адамдар, 3,6 миллионы – әйелдер, ал 1,3 миллионы – балалар. 2023 жылы туберкулезден жалпы 1,25 миллион адам көз жұмған.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға