Жаңалықтар

Атырауда шаруалар облыс әкімдігі ғимаратының алдында тентіреп жүр

Атырауда шаруалар облыс әкімдігі ғимаратының алдында тентіреп жүр
Фото: azh.kz 22.12.2024 23:42 118

Атырау облысының фермерлері қыс қырауда малын тастап, бірнеше күннен бері облыс әкімшілігі ғимаратының табалдырығын тоздырып, тентіреп жүр. Шаруалардың айтуынша, үш жылдан бойы беріліп келе жатқан мал азығына тиісті субсидия қолдарына тимеген, деп хабарлайды Ақжайық басылымына сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған 100-ге жуық шаруа қожалықтарының фермерлері осы талаппен облыстық әкімшіліктің ғимаратына жиналған. Жалпы Ауыл шарушылығы министрлігі Атырау, Маңғыстау, Ұлытау, Қызылорда облысына табиғи ерекшеліктеріне байланысты мал азығына берілетін субсидия мәселесін шешуді жергілікті облыстық әкімдіктің өздеріне қалдырған болатын. Алайда ала жаздан бері облыс әкімдігі бұл жайды шешуді кейінге қалдырумен келеді екен. Тіпті бір топ фермер осы мәселемен ат арытып арнайы Астанаға дейін барып келген.

Біз биыл үміттенген едік, кейбір шабындықтарды су басты, қуаңшылық жайлады, мал азығын дайындап алу қиынға түсті. Осы субсидияға үміттеніп банктен несие алып шабындық кезінде шпагат, жанар, жағармай, босалқы бөлшектерді қарызға алғанбыз. Айналғанда субсидияның берілетінін, берілмейтінін білмей тентіреп жүрміз. Нақты ешкім ештеңе айтпауда, қар түсті, мал қолға тұрды, соны тастап келіп тұрмыз, - дейді шаруа қожалығының жетекшісі Мәди Мұратов.

Шаруаларды облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қабылдап, 13 желтоқсанда облыстық мәслихатта өткен сессияда 2024 жылғы соңғы нақтылау мен 2025 жылғы бюджетті бекіту кезінде мал азығына берілетін субсидия қаралмағанын ашып айтты.

Біз бұл жауапқа қанағаттанған жоқпыз, түстен кейін 15.30-да әкімшілікке тағы жиналып, облыс әкімі Серік Шәпкеновты күтпекпіз. Ол Мақат ауданына іссапарға кетіпті. Біз субсидияға қажетті құжаттарымызды жинап қойдық, енді қаржы бөлінсе дейміз, - дейді фермер Әсемғали Қуанышев. 

Дала еңбеккерлері бұл кезде облыс әкімімен кездесе алмай тарқаған, бірақ келесі күні  таңертең фермерлер облыс әкімшілігі ғимаратының алдында тағы жиналды. Олар үш жылдан бері беріліп келе жатқан субсидияның тоқтап қалуымен келіспейді.

Бұл мал шаруашылығына балта шабумен бірдей. Неге мал шаруашылығына келгенде бюджетте қаражат жетпей қалады? Малсыз атам қазақтың күні жоқ, - дейді фермерлер.

Басылым тілшісі осы салаға жауапты облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Амангелді Салматқа қайта-қайта хабарласқанымен нақты жауап ала алмаған. Көп ұзамай  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы тілшіге өзі хабарласыпты.

АШМ 2019 жылы субсидия беру жайындағы қағидасында ірі сабақты шөп дайындаған шаруашылықтарға субсидия беру жайын жергілікті әкімдік қосымша қаражаты болған жағдайда шешеді делінген. 2024 жылғы су тасқынына байланысты бюджетте қосымша қаражаттың болмауына байланысты облыстық мәслихаттың сессиясында биыл ірі сабақты шөп дайындаған фермерлерге суббсидия берілмейтін болып шешілді. Жалпы облыс бойынша мал шаруашылығымен айналысатын 2349 шаруа қожалығы бар. 2023 жылы мал азығын дайындаған 768 шаруашылық субсидия алған болатын. 2020-2024 жылдары аралығында 5,8 млрд теңге субсидия облыс бюджетінен бөлінген,-деді аймақ басшысының орынбасары. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға