Жаңалықтар

Атырауда мектеп оқушысы канал суына батып кетті

Атырауда мектеп оқушысы канал суына батып кетті
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 30.05.2023 15:30 926

Атырау облысында 15 жасар жасөспірім канал суына батып кетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, оқиға кеше, 29 мамырда болған.

Жасөспірім Құрманғазы ауданындағы Нұржау ауылының тұсымен өтетін Шарон өзенінің сағасындағы «Жіңішке» каналының тыйым салынған жеріне суға түскен. Жергілікті уақытпен сағат 17:07 шамасында 2008 жылғы жасөспірімнің тереңдігі 3 метр болатын канал суына шомылу кезінде батып кеткені анықталды. Соған байланысты департаменттің құтқарушылары мен ауыл тұрғындары суасты іздестіру жұмыстарын жүргізді. Сағат 19:05-те жасөспірімнің мүрдесі судан шығарылды, -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Атырау облысында суға шомылу маусымы әлі басталған жоқ. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау басқармасының бастығы Бақыт Аблановтың айтуынша, шомылу мерзімі биыл 15 маусымға шегеріліп отыр.

Жайық өзенінде су деңгейі әлі де тұрақтаған жоқ. Мұндай кезде ағыс адам өміріне қауіп төндіреді. Облыс әкімінің өкімімен төтенше жағдайлардың алдын алу, шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Биылғы 17 сәуірде әділет департаментінде «Атырау облысының су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалу, туризм және спорт үшін орындарын белгілеу туралы» қаулы тіркелді. Қаулыға осыған сәйкес облыс аумағында 46 демалыс орны белгіленді. Оның ішінде 27 орынның инфрақұрылымын құтқару жабдықтарымен, құтқарушылармен, медициналық пункттерімен жарақтандыруға қаржы бөлінді. Жалпы, шомылу маусымына арналған демалыс орнының саны 85%-ға артты, - деп хабарлады Бақыт Абланов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға