Жаңалықтар

Атырауда халықтық кітапхананың тұсауы кесілді

Атырауда халықтық кітапхананың тұсауы кесілді
02.11.2018 06:27 2008

Атырауда халықтық кітапхана келңм деушілерге өз есігін айқара ашты. 

«Былина» орыс этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» мақаласын іске асыру және ҚХА «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы мен «Листая календарь» республикалық акциясы аясында Халықтық кітапхананың арнайы ашылу салтанаты өтті.

Шараны «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Андрей Короблёв құттықтау сөзімен ашып, кітапхананың ашылу тарихына қысқаша тоқталып өтті. 

Жаңалығымен ерекшеленген кітапхананы құру идеясы белгілі тарихшы, өлкетанушы Вячеслав Афанасьевке тиесілі. Ол кезінде қала тұрғындарының қоқысқа тастаған кітаптарын, газеттер мен журналдардың ескі тігінділерін, орыс және шетел әдебиетінің классиктері, қазақ ақындары мен жазушыларының тамаша шығармаларын жинап алып, үйге әкеліп, керемет кітап қорын жинақтаған болатын.

В.Афанасьевтің идеясын «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Андрей Кораблёв қолдап, жарты жылдың ішінде Атырауда алғашқы «Былина» Халық кітапханасы өз есігін айқара ашты.

Шара барысында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының меңгерушісі Г.Шакирова және облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің ардагер тілшісі, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер клубының мүшесі Л.Монастырская  өз жылы лебіздерін білдіріп, Халықтық кітапхананың алдағы жұмысына сәттіліктер тілеп, кітапхана қорына арнайы кітаптарын табыс етті.

Мысалы, Л.Монастырская бұрын кітапханаға өзі авторы болып табылатын кітаптардың екі жүзден астам басылымын тарту еткен болса, осы жолы кітапхана қорына 1936 жылы жарық көрген «Пушкин в жизни» сирек басылымын және орыс және қазақ тілдеріндегі басқа да қызықты кітаптарды табыстады.

Атырау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш Жеңістің 70 жылдығына орай Ұлы Отан соғысына қатысушы жерлестеріміз туралы жазылған соғыс жылдарының тарихын, Ленинград қоршауы туралы кітапты, сондай-ақ «Атырау қаласының жылнамасы» авторы ретінде танымал мемлекет және қоғам қайраткері Саламат Мұқашевтың 90 жылдық мерейтойына арналған басылымды сыйға тартты.

Кітапханада үй кітапханаларынан көркем әдебиет, орыс, кеңес және шетел әдебиетінің классикалық шығармалары, тарихи кітаптар мен өнер және кескіндеме бойынша кітаптардың үлкен топтамасы жинақталған.

Қазіргі уақытта кітапхана қорында алты мыңнан астам кітап бар. Болашақта барлық кітап сыйлаушыларға кітапханада жеке стенд орнатылады.

Заманауи кітапхана бұл тек білім ошағы ғана емес, сонымен қатар жеке тұлға мен оның қажеттіліктеріне бағытталған қоғамдық өмір орталығы және  адамдармен жайлы сөйлесе алатын демалыс бұрышы болып табылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға