Атырауда есірткіге тәуелді 538 адам есепте тұр

2024 жылғы дерек бойынша, Атыру облысы бойынша есірткіге тәуелді 538 адам динамикалық есепте тұр. Ал лудомания дертіне шалдыққан 110 азамат көмекке жүгініп, оның 60-ы емделіп, жаңа өмір бастаған екен. Бүгінгі таңда өңірде нашақорлық пен ойынқұмарлықтың алдын алу мақсатында бірқатар кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасы мен нашақорлық пен ойынқұмарлықтың алдын алу бойынша шаралар кешені жобасының өкілдері айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Баршаңызға белгілі, қазіргі уақытта жастар арасында белең алып отырған өзекті мәселелердің бірі - нашақорлық пен лудомания. Бұл жастардың денсаулығына, болашағына, әлеуметтік ахуалына кері әсерін тигізуде. Осы бағыттар бойынша Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен жастар арасындағы нашақорлықтың және лудоманияның алдын алу мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Олар: профилактикалық жұмыстар, әртүрлі сайыстар, акциялар және спорттық іс-шаралар.
2024 жылдың қорытындысы бойынша жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жобасы аясында оқушылардың және студенттердің арасында экскурсиялар ұйымдастырылды. Бұл экскурсиялар облыстық наркологиялық диспансер мен әйелдер колониясында өтті. Бұл іс-шараларға 500-ге жуық оқушы мен студент қатысты. Сонымен қатар нашарқорлықтың алдын алу жобасы аясында «Стоп-синтетик» Telegram-боты ашылды. Онда анонимді түрді 27 өтініш түсіп, синтетикалық есірткі жарнамасы жазылған 72 граффити жазулары полиция өкілдері мен еріктілердің қатысуымен өшірілді. Сондай-ақ өткен жылы облысты алғаш рет нашақорлықтың алдын алу және де жастарды есірткіге қарсы күреске шақыру мақсатында «Есірткіге жол жоқ!» атты облыстық жастар форумы ұйымдастырылды. Бұл жиынға офлайн форматта бес жүзге жуық жас қатысса, онлайн форматта отыз мыңға жуық көрермен қосылған,-деді Атырау облысы ішкі саясат басқармасының жастар және әлеуметтік бастамаларды қолдау бөлімінің басшысы Айдар Жален өңірде өткен брифингте.
(Фото: Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі)
Спикер өз сөзінде құмар ойынмен күрес жұмыстары туралы да мәлімет берді. Оның айтуынша, аталған мәселеге қатысты да өңірде іс-шаралар жоспары бекітілген. Соның аясында былтыр жастар арасында құмар ойындарына тәуелділік мәселелері туралы білім деңгейін арттыру, психикалық дені сау, тұлғалық дамыған жастардың қатарын көбейту және құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді атсалысу мақсатында лудоманияның алдын алу бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған. Бұл бағытта түрлі кездесулер өткізіліпті. Олардың көбі білім ордаларында өткен.
Кәсіби мамандардың қатысуымен 10 кәсіпорын жастарымен, 15 жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттерімен кездесулер өтті. Сонымен қатар 60 мектептегі 9 бен 11 сынып оқушыларына және олардың ата-аналарына құмар ойындарының қауіптілігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жалпы өткен жылы 145 кездесу ұйымдастырылып, ол арқылы 4 мыңға жуық жастарды қамтыдық,-деді басқармасының жастар және әлеуметтік бастамаларды қолдау бөлімінің басшысы.
Баспасөз мәслихатында сөз алған екінші спикер - нашақорлық пен ойынқұмарлықтың алдын алу бойынша шаралар кешені жобасының үйлестірушісі Нұрлыгүл Рамазанова өз мәліметінде өңірдегі статистикалық деректерге тоқталып өтті.
Нұрлыгүл Мұқарамқызының айтуынша, 2024 жылы есірткіге тәуелді ретінде облыс көлемінде 538 адам динамикалық есепте тұрған. Оның ішінде Атырау қаласы бойынша – 446 адам, ал аудандар бойынша 92 адам есепте тұр. Өткен жылғы мәлімет бойынша облыста лудоманияға тәуелді ретінде 110 азамат көмекке жүгінген. Оның 60-сы емделіп, жаңа өмір бастаған. Бұл Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының ресми мәліметі екен.
Осындай ресми ақпараттарға сүйенетін болсақ, нашақорлық пен ойынқұмарлық жеке адам ғана емес, тұтас отбасыларға, қоғамға зор қауіп төндіретін әлеуметтік мәселелер екені сөзсіз. Облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде нашақорлық пен ойынқұмарлықтың алдын алуды жүзеге асыру бойынша кешенді іс-шаралар жобасы бекітілген. Оны «Ақсұңқар» қоғамдық қоры наурыз бен қараша айлары аралықтарында ұйымдастыратын болады. Нашақорлық пен ойынқұмарлық мәселесінің алдын алуға бағытталған жобаның негізгі мақсаты мен міндеттеріне тоқтала кетсек, құқық қорғау органдары, қоғамдық көшбасшылар, белсенділер, танымал спортшылар және еріктілерді тарту арқылы «Тәуелсіз өмір» жастар қозғалысын құру және қоғамда салауатты өмір салтын насихаттау, жастарға пайдалы кеңестер беру, дұрыс жол көрсету, тәуелділіктің алдын алу және жастарымыздың жарқын болашағы үшін тиімді шешімдерді ұсыну болып табылады. Сонымен қатар, жоба аясында білім беру мекемелерінде түсіндірме жұмыстары, психологиялық көмек, Call-орталық қызметі, мониторингтік зерттеу, рейдтер, мәдени-көпшілік іс-шаралары өткізіліп, әлеуметтік желілерде ақпараттық қолдау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады,-деді нашақорлық пен ойынқұмарлықтың алдын алу бойынша шаралар кешені жобасының үйлестірушісі.
«Тәуелсіз өмір» жастар қозғалысының негізгі құрамында кемінде 10 адамнан тұратын команданы қалыптастыру арқылы олармен тақырыптық, спорттық және мәдени іс-шаралар, акциялар, рейдтер өткізу жоспарланып отыр екен. Жалпы қозғалыс құрамына жүзден астам ерікті қосылатын болады. Қозғалыс еріктілерінің дағдыларын арттыру, атаулы мәселелерді шешуге бағытталған тимбилдингтер ұйымдастырылып, нәтижесінде еріктілердің бастамасымен жыл ішінде 10 іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Жобаның желі парақшасында «Тәуелсіз өмір» қозғалысына қосылу қадамдары, әр өткен іс-шараның ақпараттары мен пайдалы кеңестер беріліп, желі қолданушылары мен еріктілер арасында челлендждер жүргізіліп отыратын болады. Аудан және қала бойынша білім беру мекемелерінде ата-аналар комитеттері мен оқушыларға арналған түсіндірме жұмыстары, кездесу, әңгімелер кеңес беру форматында өткізілмек.
Сәуір айынан бастап есірткіге және лудоманияға тәуелділігі бар адамдар үшін 24/7, яғни тәулік бойын жұмыс істейтін Call-орталық іске қосылады. Бұл орталықта наркология мен психология саласында тәжірибесі бар кәсіби маман кеңес беретін болады және қоңыраулар міндетті түрде анонимді түрде есепке алынатын болады. Бұдан өзге көтеріп отырған мәселелердің алдын алу шаралары бойынша құқық қорғау органдары басшылығымен келісілген және жедел-іздестіру, алдын алу іс-шаралары шеңберінде бірлескен волонтерлық рейдтер ұйымдастырылады. Жергілікті тұрғындардан түскен шағымдар, қылмыс статистикасы сияқты дәлелді негіздемелерге жүгіне отырып, мәселелерді шешу қажеттілігіне орай қала орталықтарында, ықшам аудандарында рейдтер жүргізіліп, қызу ошақтарын анықтауға қолдау көрсетіледі. Құқық қорғау органдарына тыйым салынған тауарлардың, оның ішінде есірткілер мен психотроптық заттарды интернет арқылы таралуының алдын алу бойынша көмек көрсету үшін кибер-волонтёрлар тобы құрылатын болады. Кибер-волонтёрлар әлеуметтік желілер мен сайттар, форумдарды белсенді түрде бақылап, есірткілер мен психотроптық заттар сатылатын немесе жарнамалайтын жерлерді, платформаны, оның сілтемелерін анықтауды жүзеге асыратын,-деді спикер Нұрлыгүл Рамазанова.
Жоба үйлестірушісі өз сөзінде спорттық және мәдени-көпшілік іс-шараларға да тоқталып өтті. Атап айтқанда, 26 маусым – Халықаралық наашақорлыққа қарсы күрес күніне орай облыста маусым мен мамыр айларында акциялар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Оның ішінде жастар арасында 10 адамнан құралған жалпы 16 команданың қатысуымен әуесқой, футбол және волейбол лигалары өткізіледі. Сонымен қатар, жастар арасында бір мезетте үш жүз адамның қатысуымен жүгіру марафоны ұйымдастырылады. Оның қашықтығы 10 шақырымды құрамақ. Бұл іс-шараларды ұйымдастырудағы мақсат - жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа деген қызығушылықты арттыру, есірткіге күресті болып табылады. Бұл бастамалар жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына, олардың физикалық және психологиялық дамуына оң әсерін береді деп күтілуде.
Жоғарыда атап өткен «Тәуелсіз өмір» жастар қозғалыс мүшелерінің қатысуымен жоспарланған 10 іс-шараның бағыттарына тоқталсақ, оның біріншісі - спортшыларды осы қозғалыстың құрамына шақыру. Спортшылардың қатысуымен көпшілік көп жиналатын жерлерде экологиялық акция өткізу, содан кейін экологиялық акциядан кейін адамдарға салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жаттығулармен айналысу бағытында жұмыстар жүрізілмек. Сонымен қатар, мектептерде лудоманияға қатысты анонимді сауалнамалар жүргізетін болады. Анонимді сауалнамаларға облыста орналасқан екі жоғары оқу орнының студенттерін қатыстыру жоспарлануда. Және де алдағы уақытта облыста ата-аналар комитетінің үлкен форумы ұйымдастырылатын болады. Мақсат – бұл мәселеге ата-аналардың көзқарасын дұрыс қалыптастыру. Бұдан өзге кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес, жастарды тергеу изоляторларына арнайы апарып, ондағы тағдыры қиын адамдармен кездестіріп, алдағы уақытта нашақорлық пен лудоманияның салдарын түсіндіру, сонымен қатар подкастар түсіру және кинолог мамандарымен жатақханаларды аралау және жоғары оқу орындарында кездесулер өткізу де көзделіп отыр екен.
(Фото: Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі)
Сонымен қатар, ағаш отырғызу сияқты акциялар өткізетін боламыз. Бұдан өзге біз жыл ішінде жастар қозғалысы қатысушыларымен тимбилдинг ұйымдастырамыз. Оның аясында туындаған түрлі мәселелерді көтере отырып, алдағы уақытта түрлі іс-шаралар жоспарланатын болады. Жалпы жобаны қарқынды бірлесіп жүзеге асырған жағдайда қоғамда нашақорлық пен ойынқұмарлықтың алдын алу туралы түсінік қалыптастыру, жастар арасында салауатты өмір салтына деген қызығушылықты арттыру және де тәуелділікке ұшыраған адамдарға нақты көмек көрсету сынды жақсы нәтижелерді күте аламыз. Бұл жоба біздің қоғамның денсаулығы мен болашағы үшін аса маңызды бастама деп есептейміз,-деп сөзін түйді нашақорлық пен ойынқұмарлықтың алдын алу бойынша шаралар кешені жобасының үйлестірушісі.
