Атырауда есірткі тасымалдаған 30 жастағы күдікті қамауға алынды
Атырауда есірткі тасымалдаған 30 жастағы күдікті қамауға алынды. Күдіктіден есірткі мен тапанша тәркіленді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткі тасымалдаған күдікті 8 мамыр күні сағат 16:40 шамасында ұсталған.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Атырау қаласындағы көшелердің бірінде есірткі тасымалдаумен айналысқан 1993 жылғы тұрғынды ұстады. Күдіктіден 4 дана политилен пакетке оралған синтетикалық есірткіге ұқсас ұнтақ пен тапанша тәркіленді. Оның тұрақты мекен-жайын тінту кезінде политилен пакетке салынған ұнтақ пен ас үйінен кептірілген есірткі тектес өсімдік табылды. Тәркіленген айғақ заттарға сараптама тағайындалды, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір ұсталған күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қамауға алынды.