Жаңалықтар

Атырауда ауылды су тасқынынан сақтап қалған азаматтарға тұрғындар ат мінгізді

Атырауда ауылды су тасқынынан сақтап қалған азаматтарға тұрғындар ат мінгізді
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 12.04.2024 12:37 878

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жасқайрат ауылының тұрғындары ауылды қызыл судан сақтап қалған құтқарушыларға ат мінгізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еліміздің батысындағы су тасқыны Жасқайрат ауылын да айналып өтпеді. Тұрғындар қызыл судан үйлерін сақтап қалу үшін ауылды қоршай бөгет соққан. Үш күннің ішінде судың беті қайтып, ешкім жапа шекпеді.

Айт мерекесі қарсаңында ауыл халқы бөгет соғуға атсалысқан азаматтарды марапаттап ақшалай сыйлық табыстаған. Сондай-ақ «АЙС» мекемесінің трактор жүргізушісі Есенжан Аманжолұлына «Құрман» шаруа қожалығы ат мінгізген.  

«Ақтаң» шаруа қожалығы «АЙС» мекемесінің камаз жүргізушісі Орынбасарұлы Ғизатоллаға қой берсе, «Орынбасар» шаруа қожалығы төрайымы Айжан Аксеренова ауыл азаматы Мейрамбай Таубайұлына қиын сәтте ауыл тұрғындарының басын біріктіріп, ұйымдастырып жүргені үшін ризашылығын білдіріп ат мінгізді. Сонымен қатар «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.

11 адамға 10 мың теңгелік, 2 адамға 30 мың теңгелік сертификат табысталған. Күн-түн демей еңбек еткен азаматтарға ауыл әйелдері ыстық тамақпен қамтамасыз еткен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға