Жаңалықтар

Атырауда 2 мыңнан астам оқушы қыз адам папилломасы вирусына қарсы екпе салдырды

Атырауда 2 мыңнан астам оқушы қыз адам папилломасы вирусына қарсы екпе салдырды
Фото: ©El.kz/Марат АМИРОВ 17.02.2025 21:30 268

Атырау облысында 2024 жылдың қыркүйегінен күні бүгінге дейін 11-13 жас аралығында екі мыңнан астам қыз бала адам папилломасы вирусына қарсы вакцина салдырды. Дегенмен мамандардың айтуынша, екпе егу деңгейі әлі де төмен. Себебі ата-аналар арасында вакцинаның бұл түріне күмәнмен қарайтындар бар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің медициналық көмекті кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі профилактикалық шаралар жүргізетін аурулардың тізбесі бар. Сол аурулар тізбесіне 2023 жылы өзгеріс енгізіліп, адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді. Екпе ата-аналардың  келісімімен, тегін жүргізілетін болады. Ғалымдардың зерттеуінше, 11-13 жас аралығындағы қыздарды вакцинациялау жатыр мойны обырының даму қаупін 90% -дан астамға төмендетеді.

2024 жылдың  қыркүйегінен бастап елімізде 11-13 жас аралығындағы қыз балаларға адам папилломасы вирусына қарсы вацина салу науқаны басталды.  2024 жылдың қорытындысы бойынша Атырау облысында 1800-ден астам қыз балаға аталған екпе түрі салынған. Ал биыл жыл басынан бері өңірде адам папиллома вирусына қарсы вакцина алған қыздар саны 200-ге жуық.

Бұл вакцинациядан кейін біздің өңірде ешқандай қолайсыз көріністер болған жоқ. Осы ретте аталған екпенің маңыздылығына тоқталып кеткім келіп отыр. Бұл жаңадан шыққан вакцина түрі емес. Бізге дейін дүние жүзінде көптеген ел қолданысқа енгізген. Адам папилломасы вирусына қарсы екпені әлемнің 135 елі қыз балаларға да, ұл балаларға салып жатыр. Атап айтар болсақ, екпенің бұл түрі 2007 жылдан бастам АҚШ, Аустралияда салына басталған. Одан кейін 2019 жылдан бастап мынау өзіміздің көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елдері аталған екпені қолданысқа енгізген. Ал біздің Қазақстан Республикасында 2013 жылы бұл плиоттық жоба ретінде қолданысқа енгізіліп, елдің бес өңіріндегі қыз балаларға вакцина жүргізілген болатын. Бес облыстың ішіне біздің Атырау өңірі де енген. Ол кезде 2600 қыз бала екпенің осы түрін салдырған. Сол жылдары вакцина алған қыздардың алды тұрмысқа шығып, балалы болып отыр. Бұны не үшін айтып отырмын?  Өйткені қазір кейбір ата-аналар арасында адам папилломасы вирусына қарсы вакцина бедеулікке алып келеді деген алып-қашпа әңгіме тарап, қорқыныш бар. Оның үстіне әлеуметтік желілерде түрлі теріс ақпараттар тарап, ата-аналар арасында күмән тудыру жайттары кездеседі. Сондықтан бұл - орынсыз. Себебі вакцинаның құрамында ешқандай тірі вирус жоқ. Адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаның маңыздылығы ғылыми тұрғыда зерттелген және дәлелденген,-деді Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынгүл Аймұратова өңірде өткен брифингте.

(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі)

Спикердің айтуынша, адам папиллома вирусының жалпы зерттеліп, анықталған 200-ден астам түрі бар. Оның ішінде 10-нан астам түрі қатерлі ісікті дамытатын жоғары қауіпке ие. Ішінде жиі кездесетіні — адам папилломасы вирусының  6-шы, 11-ші, 16-шы, 18-ші типтері. Біздің елімізде қыз балаларға салынып жатқан екпе осы төрт типтен қорғайды. Яғни, Қазақстанда «Гардасил» вакцинасы қолданылады. Адам папилломасы вирусына қарсы вакцина 6 айлық аралықпен 2 рет егіледі. 2 валентті вакцина 16, 18 типті  антигендерінен және 4 валентті вакцина 6, 11, 16, 18 типті антигендерінен тұрады. Мамандардың айтуынша, қолданыстағы вакциналардың тиімділігі өте жоғары.Екпенің бұл түрі АҚШ-та өндіріліп, тәжірибеден өткен және Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымымен мақұлданған. Одан кейін екпенің бұл түрі Қазақстан территориясына кіргеннен кейін де өзіміздің зертханаларда міндетті түрде зерттеуден өтіп, содан соң ғана өңірлерге жеткізілген. 

Өз сөзімде айтып кеткенімдей, екпе салдырған қыздардың ешбірінде қолайсыз көріністер тіркелмеді. Сондықтан ата-аналарды жатыр мойны обырынан келетін қауіптің алдын алу мақсатында қыз балаларыңызға екпе салдыруға шақырамын. Біздің елімізде  egu.kz сайт жұмыс істейді. Сонда адам папилломасы вирусына қарсы екпенің қай елде шыққаны, қай елдерде пайдаланып жатқаны, қанша жастағы қыз балаларға салынатындығы жөніндегі толық зерттелген мәліметтер халыққа түсінікті тілде жазылған. Аталған сайтта тек адам папилломасы вирусына қарсы емес, жалпы профилактикалық екпелердің барлығы туралы мәліметтер алуға болады,-деді департамент басшысының орынбасары Алтынгүл Бөкенбайқызы.

Брифингте сөз алған онкогинеколог Жадыра Құдабаеваның айтуынша, бүгінде Атырау облысында 5300-ге жуық науқас қатерлі ісік диагнозымен есепте тұр екен. 2024 жылғы есеп бойынша өңірде жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдер саны - 637. Оның 88-і тек былтыр анықталған. 2024 жылы 15 әйел аты жаман осы ауру салдарынан көз жұмған.

Айта кетсек, адам папилломасы вирусы жатыр мойны обыры дамуының қоздырғышы болып табылады. Ол әдетте жыныстық жолмен беріледі. Сол үшін оған қарсы екпені ең алғашқы жыныстық қатынасқа түскенге дейін салдырған жөн.  

Жатыр мойны қатерлі ісігі әлем бойынша әйелдер арасында жиі кездесетін, таралуы бойынша 4-ші орынды алатын қатерлі ісіктің түрі. Ал Қазақстанда әйелдер арасында жиі кездесетін, таралуы бойынша сүт безі ісігінен кейін 2-ші орынды алып тұр. Жатыр мойны обырына шалдығатындардың орта жасы 25-44 жас.

Әлемде аталған дерт жыл сайын 604 мың әйелден анықталады екен. Өкінішке қарай, оның 342 мыңы өліммен аяқталады. Ал біздің елде жылына 600-ден астам әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға