Жаңалықтар

Атырау облысында Махамбет ауданының әкімі суға батып кетті

Бұл деректі Махамбет ауданының әкімдігі мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы растады.
Атырау облысында Махамбет ауданының әкімі суға батып кетті
Фото: gov.kz 01.08.2022 11:13 2352

Атырау облысы Махамбет ауданының әкімі Жайық өзеніне батып кетті, деп хабарлайды El.kz

Оқыс оқиға туралы департаменттің диспетчер пультіне 31 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 22:38-де хабар берілген. 

Махамбет ауданының әкімі Ринат Жанқылыш Ортақшыл ауылының тұсында Жайық өзеніне суға түскен. Бірақ судан кері шықпай қалған. 

Оқиға орнына департаменттің жедел құтқару жасағынан 3 сүңгуір іздеу жұмысына кірісті. Әзірге суға кеткен әкімнің денесі табылған жоқ.

Ринат Жанқылыш Махамбет ауданының әкімі лауазымына 2021 жылғы ақпан айында тағайындалған еді.

Ол 1982 жылы 2 желтоқсанда Атырау қаласында дүниеге келген.

Білімі жоғары, 2003 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетінде, 2011 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде, ал 2017 жылы Атырау мұнай-газ университетінде заңгер, экономист және мұнай-газ ісі мамандығы бойынша білім алған. 

Еңбек жолын 2005 жылы Алматы қалалық экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде тергеуші болып бастаған. 

2006-2018 жылдары бірнеше жеке кәсіпорында басшылық еткен. 

Ал, 2018-2019 жылдары Атырау қаласы мәслихатының хатшысы, 2019-2020 жылдары Атырау қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға