Жаңалықтар

Атырау тұрғындары кәріз жүйесінің жоқтығын және желілердің тозғанын айтып шағымданды

Атырау тұрғындары кәріз жүйесінің жоқтығын және желілердің тозғанын айтып шағымданды
Фото: ҚР ҰЭМ 29.07.2023 04:16 2313

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Атырау облысына жұмыс сапары барысында облыс, қала және аудандық мәслихаттарының депутаттарымен кездесу өткізді. Жиынға барлық саяси партиялардың өкілдері мен тұрақты комиссиялардың төрағалары қатысты, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

Министрліктің мәліметінше, іс-шараға қатысушылар инфрақұрылымды дамытудың, кәріз жүйелерін жөндеудің, сондай-ақ бюджеттік төлемдерді қайта қараудың негізгі мәселелерін қозғады.

Сондай-ақ, депутаттар төленетін экологиялық айыппұлдарды жергілікті бюджет есебінде қалдыруды сұрады.

Облыстың экологиялық жағдайын ескере отырып, жаңа Салық кодексінде экологиялық айыппұлдарды төлеу бойынша арнайы өзгертулерді енгізу мәселесін қарастырамыз, - деді Ә.Қуантыров.

Сонымен қатар, қатысушылар кәріз жүйесінің жоқтығын және желілердің тозғанын айтты.

Жаңа аудандарды құрып, ғимараттар тұрғызар алдында су тапшылығының алдын алу және тұрғындарды байланыс пен кәріз жүйесімен қамтамасыз ету үшін құрылыстың техникалық стандарттарына тиісті өзгертулер енгізу керек деп есептейді депутаттар.

Бұдан басқа, кездесу барысында тау-кен, мұнай салаларына шетелдік инвестиция тарту шарттары, Салық кодексіне өзгертулер енгізу, жергілікті кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды.

Өз кезегінде, ҰЭМ басшысы айтылған мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, шешімі тиісті мемлекеттік органдардың және ҚР Парламент депутаттарының қатысуымен заңнамалық тұрғыда жан-жақты қарастырылатынын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға