Атырау қаласында жаңа оқу жылында 9 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барады

2025-2026 оқу жылына бірінші сыныптарға баратын балаларды мектепке беру үшін құжат қабылдау басталды. Бұл мерзім 1 сәуірден 31 тамызға дейін жалғаспақ. Жаңа оқу жылында 9 мыңға жуық оқушы мектепке қабылданады деп күтілуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова айтты.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес биыл бірінші сыныпқа алты жасқа толған немесе жыл соңына дейін толатын балалар қабылданады.
Мектепке қабылдау емтихансыз жүзеге асырылады. Өтініштерді ата-аналар өз таңдауы бойынша egov.kz электронды үкімет порталы арқылы немесе оқу ордасында қағаз түрінде тапсыра алады. Өтініштер бір жұмыс күні ішінде қарастырылады. Өткен жылы сегіз мыңнан астам оқушы бірінші сыныпқа қабылданса, биыл 9 мыңға жуық оқушы қабылданады деп жоспарлап отырмыз, - деді қаланың бас ұстазы.
Оқуға қабылдауға қажетті құжаттар тізіміне ата-ананың немесе заңды өкілінің өтініші, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, 3x4 көлеміндегі фотосурет, медициналық анықтамалар, сонымен қатар «Бала денсаулығының паспорты» (052-у нысаны) және «Профилактикалық егу картасы» (№065/у нысаны) кіреді.
