Жаңалықтар

Атырау полицейлері мұзды суға кеткен ер адамды құтқарып қалды

Атырау полицейлері  мұзды суға кеткен ер адамды құтқарып қалды
Фото: polisia.kz 05.01.2023 16:32 1135

Атырау полицейлері ойылып кеткен мұзды суға кеткен ер адамды құтқарып қалды. Екінші адам іздестіріліп жатыр, – деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

5 қаңтар күні Атырау қаласы Жайық өзенінің үстінде белгісіз екі ер азамат тұрған сәтте мұз ойылып, олар суға түсіп кеткен. Бұл оқиғаны байқаған тұрғындар дереу полиция қызметкерлері мен құтқару қызметін көмекке шақырған.

Оқиға орнына дереу жеткен Атырау облысы ПД Балық қорына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің инспекторлары Жеткіншек Иманғалиев және Айбат Джаубаев суға бату қаупі төнген бір адамды жіппен тартып, ұстап қалған. Полицейлердің айтуынша, мұз жұқарып тұрғандықтан ойық жерге жақындау қауіпті болғанын айтады.

Сондықтан оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келіп, арнайы техникалық жабдықтармен құтқарғанша күтеміз деп шешім қабылдаған. Полиция қызметкерлері мұз астынан алып шыққан ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Қазіргі таңда атыраулық полицейлер құтқару қызметімен бірлесіп, суға батып кеткен екінші адамды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, полиция қызметкерлері ауа райының қолайсыздығына байланысты Атырау қаласының Жайық өзені мұз беттері мен күртік қардың астында, жағалауларда, жарқабақтар мен жылғалардың құйылысы жұқарып, еруіне байланысты адам өміріне қауіпті екенін ескертіп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға