Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсары тұрғындарымен кездесті
Өңір басшысы Құлсары тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-талаптарын тыңдап, су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов апатты тұрғын үйді өтеу туралы ұсыныстарды тыңдап, мүлкі апатты деп танылған зардап шеккендерге өтемақы нарық құны бойынша төленетінін, Құлсары қаласы бойынша зардап шеккендердің арнайы нысаналы шоттарына шамамен 200-240 мың теңге төленетінін хабарлады.
Атырау облысы әкімінің айтуынша, су тасқыны кезінде зардап шеккен Құлсары қаласының тұрғындары ақшалай өтемақыларды нысаналы мақсаты бойынша - жаңа тұрғын үй сатып алуға, тұрғын үй салуға немесе жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жұмсауға тиіс.
Қазір бірінші кезекте су тасқынынан зардап шеккендер бағалау қорытындысымен және мүлікті техникалық сараптау қорытындыларымен танысып, ақшалай қаражатты төлеуге өз келісімін беруі тиіс. Төлем екі апта ішінде жүргізіледі», - деді Серік Шәпкенов жиналғандарға.
16 мамыр күні Жылыой ауданында 3613 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Төленген қаражаттың жалпы сомасы – 1 млрд 387 млн теңге.
Сонымен қатар, келтірілген материалдық залал үшін өтемақы төлеу үшін құжаттар дайындалады. Жылжымайтын мүлікке техникалық тексеру және бағалау жүргізілуде. Қазір барлығы 2950 өтініш қабылданып, 2697 өтініш қарауға жіберілді, 2624 үйге бағалау және 2671 үйге техникалық тексеру жүргізілді. 756 апатты үй анықталды. 15 мамырдан бастап алты мобильді топ Құлсарының 100-ден астам тұрғынының үйлеріне барып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың мүлкіне келтірілген залалды бағалау және техникалық сараптама қорытындылары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
15 мамырда Құлсарында жылжымайтын мүлікті бағалау және техникалық сараптау қорытындыларын жариялау бойынша мобильді топтардың жұмысы басталды. Жылыой ауданының 100-ден астам тұрғыны бағалау парақтарын алды. Екі күн ішінде олар ақшалай өтемақы алуға өтініш жаза алады. Барлық үйлер бойынша бағалау жұмыстарын 10 күн ішінде аяқтау жоспарланды.