Жаңалықтар

Атырау облысындағы жолдарды қалпына келтіруге 5,9 млрд теңге бөлінді

Атырау облысындағы жолдарды қалпына келтіруге 5,9 млрд теңге бөлінді
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 19.09.2024 10:26 474

Атырау облысындағы 8 жол учаскесін салуға және жөндеуге Үкімет резервінен қаржы бөлінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Құжатта су тасқыны салдарынан зардап шеккен жолдарды қалпына келтіруге Атырау облысының бюджетіне аудару үшін Үкіметтің төтенше резервінен ҚР Көлік министрлігіне шамамен 5,9 млрд теңге бөлу қарастырылған.

Аталған қаражаттың 4,6 млрд теңгесі облыстық маңызы бар автожолдардың жеті учаскесін, оның ішінде, «Индер – Қарабау – Сағыз», Қарабау кентіне кірме жолдар, «Сарытоғай – Махамбет», «Атырау – Индер», сондай-ақ Құлсары қаласындағы жаяу жүргіншілер жолын қалпына келтіруге бағытталады.

Су тасқыны салдарынан зардап шеккен «Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз» автожолындағы көпір мен су өткізу құбырлардың  құрылысына шамамен 1,3 млрд теңге бөлінеді.

Айта кетейік, су тасқыны 11 жол учаскесінде елеулі қиратуларға әкеліп, бес учаскеде су өткізгіш құбырларға зақым келтірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға