Атырау облысында жол апатынан бір адам бақиға аттанды

Атыраудан Орал қаласына қатынайтын жолда екі көлік соқтығысып, бір жолаушы көз жұмды. Ал бір жүргізуші мен 3 жолаушы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 25 желтоқсанда тіркелген.
Жергілікті уақытпен күндізгі сағат 10:30 шамасында «Атырау-Орал» республикалық тас жолында екі көлік соқтығысты. Көліктің бірі – LADA Granta, ал екіншісі – Škoda Octavia. Жол апатынан LADA Granta автокөлігіндегі 1990 жылғы жолаушы оқиға орнында жантәсілім етті. Škoda Octavia автокөлігінің жүргізушісімен 3 жолаушы түрлі дене жарақатын алды. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері жол-көлік апатының себебін анықтап, тиісті іс-құжаттар жинақтап жатыр.
