Жаңалықтар

Атырау облысында жаңа электр желілері іске қосылды

Атырау облысында жаңа электр желілері іске қосылды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі 29.11.2023 09:00 650

Атырау облысында Қазақстанның Батыс аймағының электр желілерін нығайту мақсатында салынған жаңа электр желілері іске қосылды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ресми қосу рәсіміне телекөпір арқылы ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов қатысты.

Желінің өткізу қабілетін арттыру және Қазақстанның Батыс аймағындағы тұтынушыларды тұрақты энергия қуатымен қамтамасыз ету мақсатында «KEGOC» АҚ «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау – Маңғыстау» бағыты бойынша жалпы ұзындығы 780 шақырымға жуық 220 кВ бес электр беру желісін салды.

Жұмыс барысында 4,2 мыңнан астам электр бағаналары орнатылып, «Уральская», «Правобережная», «Индер», «Құлсары», «Теңіз» қосалқы станцияларын кеңейту қамтамасыз етілді, сондай-ақ «Қарабатан» жаңа таратушы қосалқы станциясы іске қосылды.

Жобаны іске асыру нәтижесінде электр желісінің қуаттылығы айтарлықтай ұлғайтылды:

«Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау» учаскесінде 100 МВт-тан 200 МВт-қа дейін;

«Атырау – Маңғыстау» учаскесінде 50 МВт-тан 200 МВт-қа дейін.

Нәтижесінде Батыс аймақ желісінің сенімділігі екі есеге артып, апат ықтималдығы төмендеді.

Әлихан Смайылов өз сөзінде бұл стратегиялық маңызды жобаның Батыс аймағының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономикалық дамуы үшін маңызы зорекенін атап өтті.

Мұның барлығы электр желілерінің өткізу қабілетін екі есеге ұлғайтуға, сондай-ақ еліміздің батыс өңіріндегі тұтынушылар үшін энергоблоктарда, оның ішінде МАЭК станциясында авариялық жағдайлардың санын едәуір азайтуға мүмкіндік береді, — деді премьер-министр.

Батыс аймақтың электр желісін нығайту, сонымен қатар оның әрі қарай Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикасы жүйесімен интеграциялануына негіз болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға