Жаңалықтар

Атырау облысында суға батқан әйелді құтқарған полиция қызметкерлері марапатталды

Атырау облысында суға батқан әйелді құтқарған полиция қызметкерлері марапатталды
Фото: © Polisia.kz 09.01.2024 08:19 715

Атырау облысында Шарон өзенінде мұз ойылып, 1959 жылғы әйел суға құлап кеткен. Оны құтқарған полиция қызметкерлері мен 27 жастағы жігіт марапатталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденовтың бұйырығымен суға батқандарды құтқарған Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Роман Насихан, патрульдік полиция бөлімшесінің қызметкерлері Артур Кәримов, Нұрхат Зұлқаров, Әділбек Темірболат, Жандос Ибатуллаев, Амандық Айдыналиев пен учаскелік полиция инспекторы Дархан Аманғалиев «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Дәл осындай марапат суға батқан әйелді құтқаруда батылдық танытқан жас жігіт Әди Бектеміровке табысталды.

Оқиға былтырғы 25 желтоқсанда кешкі сағат 19:20 шамасында Құрманғазы ауданында болған.

Шарон өзені үстінде белгісіз әйел мұз ойылып, суға түсіп кеткен. Бұл туралы Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне хабар берілген. Полиция қызметкерлері оқиға орнына жетуге бағыт алған. Мұз үстіне шыққан кезде көмекке келген ер адамның ойыққа түсіп кеткенін көрген. Жұқа мұз үстіне 10-ға жуық адам шыққан сәтте мұз ойығы үлкейген. Соған қарамастан полицейлер 1959 жылғы әйел мен 27 жастағы жас жігітті өзен жағасына алып шықты, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға