Жаңалықтар

Атырау облысында білім сапасын арттыратын жол картасы қабылданды

Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасовамен сұхбат
Атырау облысында білім сапасын арттыратын жол картасы қабылданды
29.10.2022 17:51 4092

2021-2022 оқу жылын бойынша Атырау облысының білімпаздары жоғары жетістікке қол жеткізді. Атап айтсақ, республикалық пәндік олимпиаданың қорытындысы бойынша үздік үш облыстың қатарынан көрінді. Біз облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасова сұхбаттасып, Атырау облысының білім беру саласындағы ілкімді істерді білдік.

 – Адамзат төртінші өнеркәсіптік революцияның алдында тұр. Жоғары технологиялық дәуірдің негізгі элементі – цифрландыру. Қазірдің өзінде барлық саланың жұмысына сандық технология қарқын беріп, жаңа талап-міндет жүктеп отыр. Атырау облысының білім беру саласында цифрландыру қалай жүргізілуде?

– Білім беру саласын цифрландыру үдерісінің негізгі мақсаты – білім беру, білім алу сапасын арттыру. Біздің жастар жасанды интеллект және ауқымды деректер жасау бағытында бәсекеге қабілетті болуы тиіс.  

Атырау облысының мектептері 4 мбит/сек және одан жоғары жылдамдықтағы интернетпен толық қамтамасыз етілді. Білім беру ұйымдары оқу процесіне қажетті барлық функцияның жиынтығы бар бірыңғай интеграцияланған білім беру онлайн-платформасын қолданады. Олар: «BILIM MEDIA GROUP», «Opiq.kz», «Daryn online» компаниясының ресурсы. Мәселен, «Bilimland» сандық білім беру жүйесіне 166 мектеп қосылды.

Kundelik.kz электронды журналын 187 мектеп белсенді қолданады. Одан өзге «EDUPAGE» электронды жүйесіне 3 мектеп енді.

2022-2023 оқу жылында заманауи талаптар негізінде дайындалған «LMS мектеп» жүйесіне ауыл мектептері енді. Бұл жүйенің артықшылығы оқушылардың білімін бақылау процесін жеңілдетуге, мектеп бағдарламасына сай электронды ресурстар мен кітаптарға тегін қол жеткізуге бағытталған. 21 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы оқыту процесінде Platonus, EDUS, EduPage білім платформасын қолданады.

Бүгінде облыстың білім беру жүйесіне қатысты деректерді жинақтау, өңдеу, талдау және тиісті шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін бірыңғай облыстық ақпараттық-білім беру жүйесін әзірлеудеміз.

Цифрландырудың бірі көрінісі – робот технология, 3D принтер, IT салада көрінеді. Бұл бағытта не айта аласыз?

– Облыстағы білім беру ұйымдарында 55 робототехника кабинеті, 56 IT кабинет, 37 STEM кабинет оқушыларға заманауи білім алуына мүмкіндік береді .

Жаңа технологияны, ғылыми инновацияны, математикалық модельдеуді, бағдарламалауды, робот техникасын және бастапқы технологиялық даярлықты дамытуға бағытталған STEM бағдарламасын оқу үдерісінде сапалы іске асыру жұмысы жолға қойылды. Бұл міндетті іске асыруда «Bilimland», «STEM Akademia», «Сaravan Knowledge» компаниясымен әріптестік оң нәтиже беруде

Мектептердің материалды-техникалық базасы қалай?

– Жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беретін мектеп қалыптастыру – Атырау облысының білім беру басқармасының ең негізгі жұмысы.

Өңірдің даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға дейін облыста 48 мектеп бой көтереді. Бұл апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектеп мәселесін толық шешеді.

2021 жылы шағын қалада, аудан орталықтарында және ауылдардағы 28 мектеп жаңғыртылса, 2022 жылы 25 ауыл мектебі заманауи талаптарға сәйкестендіріліп, модернизациядан өтті. Физика, химия, биология, STEM пәндік кабинетімен қамтамасыз етілген негізгі және орта мектептердің үлесі артты. Сондай-ақ қауіпсіз қол жеткізу жүйесін, мамандандырылған күзет пен бақылауды қамтамасыз ету (бейнебақылау, дабыл түймесі, металліздегіш) де кезең-кезеңмен жүзеге асуда.

Спорт залдарын спорттық инвентарлық заттармен толық жабдықтау мәселесі шешімін тауып, алғашқы әскери және технологиялық даярлық кабинеті қажетті құралмен жабдықталды. Оқыту үшін қолайлы жағдай мен орта істеу үшін материалды-техникалық базаны нығайту жұмыстары жалғаса береді.

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы», деген еді. Осы ұлағаттың мән-мазмұны өміршең екенін жақсы түсінеміз. Рас Атырау облысының білім беру саласындағы жұмыстар ұстаздардың біліктілігінен тікелей көрінеді. Педагогтеріңізбен мақтана аласыз ба?  

– Жалпы орта білім беретін білім беру ұйымдарында 12064 мұғалім қызмет етеді. Биыл 141 мұғаліммен толықты.

Педагог-шебер және педагог-зерттеушілердің үлесі облыс мұғалімдерінің 20,5 пайызын құрайды. Әлбетте, бұл көрсеткішті жетілдіруді қажет етеді және тиісті іс-шараларды іске асыруды ұдайы назарда ұстаймыз. Республикалық, халықаралық білім бәйгелерінде қарсыластарынан озып, топ жарып жүрген ұстаздар аз емес.

Педагогтердің кәсіби әлеуетін анықтау, тиісті шешімдерді қабылдау үшін жыл сайын диагностика жұмысы жүргізіледі.

Мұғалімдерді дамыту жұмысының мазмұны оқушылардың бойына ХХІ ғасырдың дағдыларын дамыту, оның ішінде эмоциялық интеллект, сандық сауаттылық, ақпаратпен жұмыс істеу, зерттеу дағдыларын сіңіре алу қабілетімен өлшенеді.

– Мұғалімнің жетістігі шәкіртінің жетістігінен қарайтынымыз рас. Облыс оқушыларының жетістігі қандай?

– Көп жағдайда оқушылардың пәндік олимпиададағы жетістігін саралап, мектептің білім беру үрдісін қалай жүргізіп жатқанын, мұғалімнің жұмыс сапасын саралап жатамыз. Соңғы жылдарды бағамдайтын болсақ, республикалық пәндік олимпиадаға қатысып, жүлдегер атанған атыраулық білімпаздардың саны артып келеді. Мәселен, 2019-2020 оқу жылында біздің оқушылар 13 (3 алтын, 3 күміс, 7 қола) медаль алса, оқу жылында 42 (6 алтын, 17 күміс, 19 қола) медальға жетті. Ал 2021-2022 оқу жылында 55 (11 алтын, 12 күміс, 32 қола) медаль еншілеп, республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте үшінші орыннан көріндік.

Ерекше атайтыны, республикалық пәндік олимпиаданың жүлдегерлері арасында ауыл мектебінің оқушыларының саны артып келеді. Құрманғазы ауданының Ы.Алтынсарин, Д.Нұрпейісова, С.Имашев атындағы мектепбі мен Исатай ауданының Өркен, Ж.Мырзағалиев атындағы мектебінің оқушылары жеңіс тұғырынан көрінді.  

Атырау облысы «Білім-Инновация» лицей-интернаты олимпиада қорытындысы бойынша 100 үздік мектеп рейтингісінен екінші орынды, ал «Білім-Инновация» лицей-интернаттары арасынан бірінші орынды иеленді.

Халықаралық «STEM» олимпиадасы, Жәутіков атындағы халықаралық олимпиада, халықаралық Еуразиялық олимпиада, Азия-Тынық мұхит елдері олимпиадасы, «Жібек жолы» олимпиадасы, халықаралық «IMSO» математикалық олимпиадасы, халықаралық Балкан олимпиадасы, Туймаада халықаралық олимпиадасы, халықаралық «JBMO» математикадан жасөспірімдер арасындағы Балкан олимпиадасы, халықаралық ІМО олимпиадасы, халықаралық ІРһО олимпиадасы, Infomatrix халықаралық компьютерлік жобалар сайысы, математикадан халықаралық Л.Эйлер олимпиадасы сынды әлемдік байрақты білім бәсекесінде Қазақстанның намысын қорғап, 33 жүлделі орынға ие болды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш, әрі облыс оқушыларының білім деңгейінің нақты көрсеткіші.

Дарынды, талантты оқушылармен жұмыстың жүйелі, сапалы ұйымдастырылуы – білім додаларындағы облыс көрсеткіштерінің жоғары болуының бірден-бір көрінісі. Бұл орайда, 2020 жылы ашылған Таланттарды анықтау және қолдау орталығының нәтижелі еңбегін атап өткен орынды.

Білім беру саласының сапасын көтеру үшін не істеу керек?

– Өкінішке орай, соңғы жылдарда жалпы білім беру саласындағы халықаралық салыстырмалы зерттеулер деректері мен ұлттық тестілеу нәтижелері Атырау облысындағы білім беру сапасының орташа көрсеткіштерден едәуір төмен екендігін көрсетеді.

2021 жылы Атырау облысының әкімдігі орта білім беру саласындағы қордаланған мәселелерді шешу үшін «Атырау облысында білім беруді дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасын іске қосты.

Жоба аясында күшті және әлсіз жақтарын анықтау мақсатында 50 қалалық және ауылдық мектептерге ауқымды диагностика және зерттеу жүргізілді, білім беру қызметінің жағдайы мен сапасын жақсартуға ұсыныстар әзірленді. Зерттеу 5 негізгі бағытта жүргізілді: аналитика және мониторинг, білім алушылардың әл-ауқаты, педагогикалық ұжым және инфрақұрылым.

Білім сапасына жүйелі талдау жүргізіліп, орта білім беру ұйымдарының басқарушылық шешімдерді қабылдау қажеттілігі анықталды.

Бұған дейін мектеп командасын (директор, орынбасар, әдістемелік бірлестік жетекшісі, жетекші мұғалім) дайындау курстарында 198 мұғалім топта жұмыс істеу дағдысына, мектепті басқарудағы өзгеріске үйретілді. Бұл жұмыс мектеп басшылары мен олардың ұжымдарының жұмысын жүйелеуге және жоспарлауға айтарлықтай көмек көрсетті. Аталған жұмыс «Мектеп командасы» жобасы шеңберінде жалғасын табуда.

Нәтижелілігі төмен мектептерге мықты мектептердің «қамқорлығын» қамтамасыз ететін «Қамқорлық» (жоғары көрсеткішті мектептердің тәжірибелерін тарату) тәжірибелік алаңының жұмысы басталды.

Білім сапасын көтеру бағытындағы іс-шараны негізгісі – мұғалімдерді әдістемелік қамтамасыз ету, мұғалімдердің біліктілігін арттыру.

Зерттеу нәтижелері педагогтерді пәндік, әдістемелік құзыреттілік тұрғыдан дамыту қажеттілігін анықтап берді. Осыған орай және зерттеудің басқа да көрсеткіштерін ескере отырып, Әдістемелік орталық келесі мазмұндағы іс-шараларды іске асырылуда:

– мектептердегі білім беру процесіне қатысты деректерді жинау, талдау, өңдеу, шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін облыстың бірыңғай ақпараттық-білім беру жүйесін жасақтау;

– әр мектепте білім беру ұйымының қызметіне қатысты деректерді жинау, талдау, өңдеу қызметімен айналысатын аналитикалық топтар құру;

– пән мұғалімдерінің, мектеп тренерлерінің, әдіскерлердің кәсіби құзыреттілігі мен дағдыларын арттыру;

– педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға жәрдемдесетін мектеп командасы қызметін барлық білім беру ұйымында іске қосу;

– мектептерде бірыңғай академиялық адалдық сақтау саясатын енгізу;

– мектептерді білім беру мазмұнын жаңарту мәселелері бойынша толыққанды әдістемелік қолдаумен, әдістемелік тағылымдамен қамтамасыз ету;

– мұғалімдердің зерттеушілік әлеуетін және зерттеу нәтижелерін тәжірибеде қолдану дағдысын Сабақты зерттеу (Lesson Study) және Іс-әрекетті зерттеу (Action Research) дербес практикасы арқылы дамыту;

– ақпараттық және ғылыми-әдістемелік қолдау (желілік қауымдастық, онлайн платформалар, қашықтықтан оқыту технологияларын тиімді пайдалануға оқыту, т.б. арқылы);

– өңірдегі үздік педагогтердің озық инновациялық тәжірибесін жалпылау және тарату, насихаттау;

– үздік тәжірибелерді енгізуші және таратушы жетекші мектептер қоғамдастығы желісін кеңейту

– халықаралық әріптестікті нығайту бағытында жүргізіледі.

Ауыл мен қала мектептерінің айырмашылығын қысқартуда қандай жұмыстар атқарылуда?

– Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасын реттеу мәселесі – өте өзекті. Облыста 200 жалпы орта білім беретін мектеп болса, оның 127-і, яғни 64 пайызы ауылдық жерде орналасқан.

Ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасындағы алшақтыққа әсер етуші факторларды тізбелейтін болсақ: сапалы кадр мәселесі, заман талабына сай жабдықталған материалдық-техникалық база, қосымша білім беру ұйымдарының қызмет етуі және т.б. Қазіргі таңда басқарма тарапынан аталмыш мәселелерді кешенді шешудің жоспары қабылданды. Педагогикалық кадрлар тапшы өңірге көмек ретінде қабылданған Үкіметтің қаулысы негізінде өзге аймақтардан шақыртылған үздік педагог кадрлар ауылдық жерлерге жолдама алуда. Мектептерді модернизациялау үдерісінде де басымдық ауыл мектептеріне берілді.

«2021-2023 жылдары Атырау облысындағы білім беруді дамыту Жол картасы» бағдарламасы аясында ауыл мектептерінің мұғалімдері үшін жаратылыстану және физика-математикалық цикл бағыттары бойынша функционалдық сауаттылықты дамыту, пәндік білімдерін тереңдету мақсатында арнайы біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылып келеді.

– Оқушыларды сапалы білім алуға қызықтырудың бірі тетігі – зерттеушілік қабілетін ашу, өнертабыс саласындағы жобаларын қолдауда. Солай емес пе?

– Дұрыс айтасыз! Өскелең ұрпақтың қарым-қабілетін дамытуда қосымша білім беру ерекше маңызға ие. Сабақтан тыс үйірмелер мен секциялар болмаса, білім алушының әлеуетін толықтай ашу мүмкін емес. Бұл орайда шығармашылық, спорттық бағыттарға қоса, нақты ғылымдар мен инженерия саласы бойынша қосымша білім беруге айрықша назар аудару керек. Атырауда дәл осы міндеттерді іске асыруға мүдделі қосымша білім беру ұйымдарының санын арттыру – біздің міндетіміз.

2020 жылы Атырай қаласында өнертапқыш жастардың бас қосқан ортасы ретінде Абай атындағы оқушылар орталығы ашылды. 62 бағытта 2500 оқушыға қосымша білім беру қызметін ұсынады. Оқушылар орталығы білім алушылар мен педагогтер үшін зор мүмкіндіктер мен инновациялық идеялар алаңына айналып үлгерді.

«2021-2023 жылдары Атырау облысындағы білім беруді дамыту Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде білім алушылардың зияткерлік әлеуетін, функционалдық сауаттылығын дамытуды көздейтін қосымша білім берудің 9 жаңа бағыты енгізілді.

Білім алушыларды ғылым мен техниканың әр түрлі облысындағы, өнертапқыштық, зерттеу жұмыстарына тарту, талантты оқушыларға қолдау көрсету, тұлғаның шығармашылық құзыреттілігінде бәсекелестік артықшылығын қалыптастыру мақсатында жыл сайын «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялар байқауы өткізіледі.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға