Атырау облысында бес түйе пойыздың астында қалып өлді

Павлодар облысында теміржол маңында мал жайған үй жануарларының иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Polisia.kz мәліметінше, Бозшакөл – Үленті станцияларының аралығында жүк пойызы бес жылқыны қағып кетті. Салдарынан жануарлардың барлығы өлген, бұл жайт пойыз қозғалысына да кедергі келтірген.
Екібастұз станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында мал иесін анықтады. Ол Павлодар облысының 44 жастағы тұрғыны болып шықты, - делінген мәліметте.
Аталған азамат теміржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осыған ұқсас жағдай 13 қаңтарда Атырау облысының Құлсары станциясында да тіркелді. Бұл жолы Волгоград – Ташкент бағытындағы жолаушылар пойызының машинисі теміржолда түйелерді көрген бойда шұғыл тежеуді басқанымен, тоқтап үлгермей, пойыз бес түйені қағып кетті.
Түйелердің иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
