Атырау облысында 48 млн тонна мұнай өндірілді
Атырау облысының тұрғындарымен кездесу барысында Болат Ақшолақов Энергетика министрлігі қызметінің бағыттары және өңірдегі мұнай-газ саласының негізгі көрсеткіштері туралы айтып берді, деп хабарлайды El.kz министрлікке сілтеме жасап.
Мәселен, Министрдің айтуынша, Атырау облысында 2021 жылы мұнай өндіру 48 млн. тоннаны құрады. 2022 жылдың 7 айында 27,7 млн. тонна мұнай өндірілді. Газ өндіру көлемі 24,9 млрд.м3 немесе 2020 жылға қарай 103%-ды құрады. 2022 жылдың 7 айында 14,4 млрд. м3 немесе 2021 жылдың сәйкес кезеңіне 101% өндірілді.
Өндірудің негізгі үлесі Теңіз және Қашаған ірі кен орындарына тиесілі.
Теңіз кен орнында Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі жоба – Келешек кеңейту жобасы іске асырылуда және оны 2024 жылы аяқтау жоспарлануда, бұл өндірісті жылына 12 млн.тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
2021 жылы Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд.м3 газ өңдеу зауытының құрылысы басталды, бұл 2024 жылы өндіруді тәулігіне 450 мың баррельге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Толық қуатқа шыққан кезде зауыт 750 млн.м3 көлемінде тауарлық газ, 120 мың тонна сұйытылған газ, 14 мың тонна конденсат, 212 мың тонна күкірт өндіретін болады.
Бұдан басқа, қуаты жылына 2 млрд.м3 Қашаған ГӨЗ жобалауды бастау жөнінде шешім қабылданды, бұл 2027 жылы өндіруді тәулігіне 500 мың баррельге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Көрсетілген жобаларды іске асыру қорытындылары бойынша мұнай өндіруді жылына 16 млн.тоннадан 20 млн. тоннаға дейін ұлғайту күтілуде.
Атырау облысында газ өндіруді 21 газ өндіруші жер қойнауын пайдаланушы жүзеге асырады. Өңір халқын газдандыру деңгейі 98,7% - ды құрайды немесе 660 мың тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етілген.
Болат Ақшолақов өз сөзінде Ұлттық экономика министрлігі бекітетін Атырау облысындағы табиғи газдың түпкілікті бағасы м3 үшін 5,3 теңгені, ал атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін м3 үшін 4,2 теңгені құрайтынын, бұл елдегі ең төмен баға болып табылатынын атап өтті.
2022 жылға бекітілген республикалық бюджетте 003 бюджеттік бағдарламасы бойынша 3 жаңа жобаны іске асыруға 1,0 млрд.теңге сомасы көзделген. Бұл жобалар – Атырау облысы Исатай ауданы Қызыл үй, Жасқайрат ауылдарын газбен жабдықтау, сондай-ақ Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тасқұдық, Соркөл, Сарықұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Кенбай елді мекендеріне газ құбыры желілерін салу жобалары.
Аталған жобаларды іске асыру инфрақұрылымды жүргізуге және шамамен 1300 адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Мақат – Солтүстік Кавказ» МГҚ лупингінің құрылысы» инвестициялық жобасы іске асырылуда, бұл өңірдің өсіп келе жатқан қажеттілігін ескере отырып, табиғи газдың қосымша көлемін тасымалдауға мүмкіндік береді.