Жаңалықтар

Атырау облысында 2023 жылы 120 шақырым автомобиль жолы жөнделеді

Атырау облысында 2023 жылы 120 шақырым автомобиль жолы жөнделеді
Фото: newsroom.kz 14.03.2023 18:00 2061

2023 жылы Атырау облысында маңызы бар «Құрманғазы-Приморье-Утеры-Котяевка» мен «7 разъезд-Асан-Азғыр-Балқұдық-Сүйіндік» автомобиль жолы жөндеуден өтіп, «Ақкөл-Қызылоба-4-ші разъезд-Қиғаш» автомобиль жолында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды  El.kz  ақпараттық агенттігі.

2023 жылы Атырау облысындағы көлік инфрақұрылымын дамытуға  бөлінген қаражаттың есебінен 32 елді мекенде 120 шақырымға жуық автомобиль жолдарын жөндеуден өткізу жоспарланған. Мәселен, ұзындығы 87 шақырым болатын «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» автомобиль жолы мен «Индер-Қарабау» аралығын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасады, - делінген Атырау облысы әкімдігі берген жауабында.

Сонымен қатар әкімдікте «Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылына кірме жолын күрделі жөндеу» және «7 разъезд-Асан-Азғыр-Балқұдық-Сүйіндік автомобиль жолын күрделі жөндеу» жобалары  жасақталып жатыр. «Миялы-Ойыл» автомобиль жолын күрделі жөндеу» жобасы жасақталып,  мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазіргі таңда мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланды.

Алдағы уақытта Махамбет ауданының Махамбет ауылішілік автомобиль жолы салынып, Мақат ауданының Доссор кентішілік жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Индер ауданындағы  Өрлік ауылішілік автомобиль жолын күрделі жөндеуден өтіп, Құрманғазы ауданындағы Ақкөл, Дәшін және Затон ауылдарының кірме және ішкі жолдары қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар Қызылқоға ауданындағы Сағыз (3 ауыл), Кенбай, Мұқыр ауылының жолдары қайта жаңғыртылып, Миялы ауылішілік жолын күрделі жөндеуден өтіп, Сағыз ауылы жолының құрылысы салынады. Исатай ауданының Тұщықұдық, Исатай, Зинеден, Аққыстау ауылдарының автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары, Жылыой ауданындағы Құлсары қаласы «Атырау» ықшам ауданы және Ақкиізтоғай ауылішілік жолдарының құрылысын жалғастыру жоспарланған.

Атырау қаласының қалаішілік және қала маңындағы Зарослый-1, Самал, Нұрсая, Атырау, Лесхоз, Жерұйық, Орталық, Жұмыскер, Балықшы, Еркінқала, Еркінқала-2, Қайыршақты  ықшам аудандардың автомобиль жолдары салынып, қайта жаңғыртылады, - делінген әкімдіктің жауабында.

Атырау облысы әкімдігі жоғарыда атап кеткен жұмыстардың нәтижесінде көлік инфрақұрылымы бағытындағы жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру арқылы 2023 жылдың қорытындысымен облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 76 пайызға жеткізуді мақсат етіп отыр.

Атырау облысы автобиль жолдарының ұзындығы 3052 шақырым. Әкімдіктегілер өткен жылы жолдарға бірқатар жөндеу жүргізілгенін айтты.

2022 жылы 200 шақырымға жуық жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары жөнделді. Оның ішінде аудандардың 31 елді мекенінде жалпы 110 шақырымнан астам автомобиль жолы жөндеуден өтті, - дейді әкімдік жауабында.  

Атқарылған жұмыстың нәтижесінде, 2022 жылдың қорытындысына сәйкес, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 72 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деп бағаланған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға