Қатын жарыс және қатын күрес!
ҚАТЫН – ерге тиген әйел. Қ. сөзі көне түркі тіліндегі «хатун» сөзінен шыққан. Қазақта ерсі естілсе де, ері өзінің әйелін Қ. деп атайды. Десек те, көне түркі ұғымында әйел адамды Қ. деп атау құрметтеуді, мадақтауды білдіретіндіктен, ертеректе хандар мен ақсүйектер әйелдерін Қ. деген. Мәселен, М. Қашғари сөздігінде Қ. сөзі ақсүйек хан, төре, бек деген мағынада жұмсалып, кейін келе ерге шыққан әйел деген мағынамен ауысқан.
Түрікше-моңғолша сөздікте Қ. сөзі ханым немесе үлкен кісінің әйелі деген мағынада қолданылады. Орхон-Енисей түркі ескерткішінде «анам – қатын» деген әспеттеу, мадақтау түріндегі жазылған жолдар Қ.-ның ертеректе жоғарғы әлеуметтік-институционалдық мәртебесін білдіретін сыңайлы.
ҚАТЫН ЖАРЫС – дәстүрлі қазақы ортада әйелдер арасында өткізілетін жаяу жарыстың атауы. Ұлы Абайдың жанына ерген Кәкітайдың ұлы Әрхам ақсақал өзінің «Абайдың өмір жолы» атты естелігінде Абай мен әкесі өмір сүрген заманда көшпелі ортада Қ.ж.-ының ұйымдастырылғаны жөнінде құнды мәлімет келтірді. Бірақ, ол кісі Қ.ж.-тың ережесі мен атқарылу үрдісі жөнінде егжей-тегжейлі ештеңе айтпаған. Бұл үрдіс совет дәуірінде жалғасын тапты. Деректерге қарағанда, Қ. ж. ХХ ғасырдың ортасында ауылды жерлерде мерекелік іс-шаралар аясында ұйымдастырылып отырылды. Мұндай жарыс ауылдық жерде қазір де аракідік өткізіледі.
Қатын жарыс. ОҚО, 2008. ОМЭЭ – материалдарынан
Аталмыш жарыстың шарты бойынша жүгіретін қашықтық 50–60 метр шамасында болады. Жарысқа қатысушылар жастарына қарай іріктеледі де, белгіленген межеге келіп тұрады. Жарысты ұйымдастырушы белгі бергенде жүгіреді. Қ.ж.-тың ережесі бойынша, көмбеге бірінші болып жеткендер арасында жеңімпаздарды анықтап, әр түрлі жүлде тапсырылады. (қ. Жаяу жарыс).
ҚАТЫН КҮРЕС – дәстүрлі қазақы ортада той – томалақтарда, ойын сауық барысында өткізілетін жарыстың түрі.
Ауылдық жердегі мереке аясында өткізіліп жатқан қатын күрес. ХХ ғ. бас кезеңі. Fell E. Nelson. Russian and Nomad. Tales of the Kirghiz Steppes (London: Duckworth & Co, 1916) атты еңбектен
Әдетте қарулы жас әйелдердің арасында өткізілетін күрес. Жеңген адамға жүлде берілетін. ХХ- шы ғасырдың 50- 60 жылдары қазақ ауылдарында сабан той кезінде және жайлауда өткізілетін «қойшылар күні» деп аталатын кәсіби мереке барысында да ұйымдастырылды.
Қатын күрес. Жамбыл облысы, 2010. ОМЭЭ – материалдарынан
Қ. к. жүргізу барысы және ережелері «қазақша күрес» ержелерімен бірдей болып келеді (қ. Күрес).
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»