Жаңалықтар

Атсалим Идигов: Мемлекеттік тілді ұлықтауға қатысты кең ауқымды акцияны бастауға шақырамын

Атсалим Идигов: Мемлекеттік тілді ұлықтауға қатысты кең ауқымды акцияны бастауға шақырамын
02.04.2019 03:50 2448

Мен ұлттық мәдени орталықтардың құрылуының бас-қасында болған Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, қасиетті туған жері мен халқын шексіз сүйетін нағыз патриот әрі өз елінің қазіргі ахуалы мен болашағына бей-жай қарамайтын адам ретінде қазақ тілін меңгермеген барлық қазақстандықтарға үндеу жолдағым келеді. 

Әрі мұны мен оларды жазғыру, я кінәлау үшін емес, сөзімнің әрқайсысына жетіп, көпұлтты еліміздің бірігуі мен адамдар арасындағы өзара түсіністікті нығайтады деген үлкен сеніммен айтқым келіп отыр.

Тәуелсіздік алған 27 жыл ішінде елімізде мемлекеттік тілдің дамуы, оның қолдану өрісін кеңейту мен мәртебесін жоғарылатуда қыруар жұмыстар атқарылды. Қазақ тілін қолдау жөніндегі Президент қоры құрылды және ол бүгінде белсенді жұмыс істеуде. Республикамыздың барлық аймақтарында қазақ тілін тегін оқытатын орталықтар бар. Бұл мәселеге Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев көп көңіл бөлуде. Қазіргі таңда Елбасы бастамасымен жақсы ойластырылған тіл саясаты жүзеге асырылуда. Қазақстандықтардың мүддесін ескере отыра, барлық жұмыс жүйелік және кезеңдік негізде жасалуы тиіс.

Осындай оңтайлы тәсілдер бүгінде нақты нәтижелер беруде. Қазіргі жағдайды 90-шы жылдардағы ахуалмен салыстыруға мүлде келмейді. Ол уақытта тұрғындардың 70 пайызы қазақ тілін білмесе, қазір осынша пайыз  адам мемлекеттік тілді меңгерген. Мемлекеттік тіл өз мәртебесіне сай деңгейге ақырындап көтерілуде.

Дегенмен қазақ тілін білмейтін немесе осы тілде сауатсыз сөйлейтін өскелең ұрпақтың жағдайы бізді алаңдатады. Мұның барлығы олардың бар уақытын ғаламторға арнап, ешкіммен жанды сөйлеспейтіндігінің әсерінен деп білемін. Егер осылай жалғаса беретін болса, мұның соңы рухани құлдырауға алып келуі мүмкін. Мұның себебін әркім алдымен өзінен іздеуі тиіс.

Үш тілділік туралы сөз қозғасақ, Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік тілдің үш тілдің біреуі емес, өз мәртебесіне сай ерекше тіл, әрі біріктіруші және нығайтушы фактор  екендігін үнемі айтып жүр.

Мен үнемі қазақы ортада жүремін. Ешбір адам ұлтым, я болмаса менің руым немесе тайпам туралы менен сұрамайды. Неліктен деп ойлайсыз? Себебі, мен барлығымен бір тілде сөйлесіп, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, менталитетін, өмір сүру дағдысын жақсы білемін.  

     Бір жарым жыл бұрын Елбасы Қазақ тілін латын қарпіне көшіру туралы Жарлық қабылдады. Бұл мемлекет пен халықтың мүддесі үшін жасалған қадам. Мемлекеттік тілді білу – бұл біздің азаматтық және адами парызымыз. Бұл жайында Конститутцияда жазылған.

Ең алдымен өз үндеуімді Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері мен этнооралықтардың басшыларына жолдаймын. Тәуелсіздік алған жылдар бойы біз тек өз ұлтымызға қатысты мәселелер, атап айтсам, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді жандандыру бойынша мәселелермен айналыстық. Мұны іске асыру үшін мемлекет бізге барлық жағдай жасап отыр. Тек моральдық жағынан ғана емес, сонымен қатар, материалдық көмекпен де қол ұшын созды. Осындай қамқорлықтың және Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  сындарлы саясатының арқасында барлық 130 этнос өкілдері өз рухани құндылықтары мен ұлттық сәйкестіктерін сақтай алды.  Дәл осы себептен біз өзімізді жайлы әрі бәрімен тең сезінеміз.

Алайда, бүгін басқаша жағдай орын алды. Менің ойымша, біздің қызметімізге бірқатар түзетулер енгізудің реті келген секілді. Қазіргі тілмен айтқанда «қайта жүктелу» ісін бастау қажет. Бұл дегеніміз – өзіміздің ұлттық құндылықтарымызбен қатар, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, мәдениетін, менталитетін, өмір сүру дағдысы мен тарихын білуді қолға алу керек.

Басқа сөзбен айтқанда, өзіміздің «ұлттық ұяшығымыздан» шығып, ұлттық белгі бойынша ұстаным орнатудан бас тартуымыз қажет. Осылайша, біз қазақы ортаға сіңісіп, қазақ халқына тән барлық дүниені өзімізге жақын қабылдай аламыз. Өз ұлтымызға қатыстының барлығын дамытып, сақтауды жалғастыру керек, бірақ, қазақ халқына тән рухани құндылықтарды да танып-білгеніміз абзал. Қостілділік пен өзара мәдени келісім біздің көпұлтты қоғамды бұрынғыдан да біріктіре түседі деген сенімдемін.

Мынадай ұсыныс айтқым келеді. Қазақстан халқы ассамблеясы «Мемлекеттік тілді ұлықтайық!» ұзақ мерзімді кең ауқымды акциясына бастама жасаса екен деймін.  Акция шеңберінде қазақ тілді дәріптеп, тұрақты түрде дөңгелек үстелдер, семинарлар, ток-шоулар, байқаулар, оқулар ұйымдастырып,  қазақ тілінің білгірлері мен тұрғындар арасында кездесулер өткізуге болады. Сонымен қатар, адамдарды тегін әрі жаппай үйрету мүмкіндігі туады. Басқа сөзбен айтқанда, бүгін бізге қажетті тілдік орта құру керек. Барлығымыз үшін басты мақсат – өз ойымыз бен мемлекеттік тілге деген көзқарасты өзгерту.

     Атсалим Идигов, 

Алматы облыстық

 «Огни Алатау» газетінің

бас редакторы,

ҚХА мүшесі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға