Жаңалықтар

Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет - Тоқаев

Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет - Тоқаев
Фото: Ақорда 28.01.2025 13:00 287

Мемлекет басшысы еліміз өзін-өзі электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, 15-20 пайыз шамасында резерв қалыптастыруға тиіс екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл – Үкіметтің алдында тұрған міндет. Сондықтан алдағы екі жылда кемінде 3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосу қажет. Бұл – алдыңғы жылдардың көрсеткішінен 2,5 еседей артық меже. Біздің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы стратегиялық бағдарымыз өзгермейді. Алайда оны жүзеге асыруға барынша байыппен, салмақты түрде қараған жөн. Біз қолда бар табиғи байлықтарымыз бен мүмкіндіктерімізді ұтымды пайдалануымыз қажет. Сондықтан әлдеқашан ескірген технологиялар бойынша салынған ЖЭС-терді инновациялық көмір стансалары алмастыруы керек. Қытай мен Оңтүстік Кореяда зиянды шығарындылары аз, жаңа буын көмір стансалары табысты жұмыс істеп тұр. Өкінішке қарай, кезінде Балқашта көмір электр стансасы салынбай қалды. Соның кесірінен біз мықты қуат көзінен айрылып қалдық. Ал ондай станса бізге қазіргі таңда артық болмайтын еді, - деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, энергия тапшылығы артып келеді.

Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет. Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл – айдан анық, - деді ол. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға